Accessibility links

Баспасөзге шолу. 06.10.2006 жыл


Сенбілік баспасөз республикада әкімдерді сайлау науқанының басталғандығы туралы жазды. Сонымен бірге басылымдар мектеп бітірушілерді ұлттық бірыңғай тестілеуі ашылғандығына мән берсе, тағы бір газеттер солтүстік облыстарда оқушылар саны күрт кемігендігіне назар аударған.

“Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда “әкім сайлау маусымының” басталғандығын жариялады” деп жазды “Айқын” газеті. Бас сайлауком Оңалсын Жұмабековтің айтуынша, "эксперименттер кезеңі" аяқталып, әкімдердің сайланбалылығы түпкілікті енгізіліп отыр. Тиісті құжатқа маусымның 6-күні қол қойылған. Жарлыққа сәйкес, айрықша мәртебесіне байланысты Астана мен Алматы қалаларының әкімдері ешқашан сайланбайды, оларды Президенттің өзі тікелей тағайындайтын болды. Әзірге республикадағы аудан орталықтары мен қалалардың тек 30% ғана әкімінің орынтағын додаға тастауға шешім қабылданған. Ол отыздың қатарына қандай қалалар кіретіндігі әзірге белгісіз» делінген “Айқында” басылған мақалада.

“Қала мен облыс тұрғындарының санына байланысты нақты қай жерде сайлау өтетіндігін Орталық сайлау комиссиясы алдағы шілдеде облыс әкімдерімен бірлесіп анықтайды” деп жазды “Казахстанская правда” газеті. Оңалсын Жұмабековтың айтуынша, сайлауды ұйымдастыруға 60 миллион теңге жұмсалады. Әкім болуға үміткерлерге қойылатын талап бұрынғысынша: 25 жасқа толған және бұрын сотталмаған болуы керек. Сайлаушылардың 50 пайыздан жоғары дауысын жинаған үміткер жеңімпаз болып есептелінеді. Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясы былтырғы президенттік сайлаумен байланысты құжаттарды жоюға шешім қабылдады” деп жазды “Казправда”.

“Айқын” газетінің “әкім сайлауларын бір мезгілде неге өткізбеске?” деген сұрағына саясаткер Шәріпбек Әмірбек: “Себебі 100 пайыз өткізген кейбір кезеңдерде басқару тетігі бақылаусыз кетуі мүмкін. Сондықтан да бұл жерде 30 пайызбен шектеліп қалайық деп отырған ешкім жоқ. Бірден 100 пайыз әкімдерді сайлау деген бұл экономиканың басқару жүйесінде біраз мәселелер тудыруы мүмкін” деп жауап берген. Ал мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижанның пікірінше, сайлау өткізу үшін де қомақты қаржы керек. Сондықтан Республиканың барлық жерінде өткізу міндет емес. Біртіндеп бастаған жөн. Осылайша асықпай, аптықпай жаймен бастаған жөн болар», деген Уалихан Қалижан. Осы сұрақ төңірегінде өз ойымен бөліскен саясаткер Дос Көшім: “не қаржы көтермейді, не болмаса белгілі бір себептер бар шығар” деп жауап берген.

“Экспресс К” газетіне берген сұхбатында “Ксилон Астана” зерттеу компаниясының маманы Регина Аюпова жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты президент ұсынған модельді тұрғындардың 53 пайызы құптайтындығын айтқан. Ал жергілікті әкімдердің сайлануын халықтың 58 пайызы жақтайды екен. Сауалнамаға қатысқандардың тек 16 жарым пайызы ғана әкімдерді тағайындау керек деген пікірде қалған. Әкімдерді сайлау тәжірибесі өткізілген облыстардың тұрғындарының 71 пайызы өздері сайлаған басшыларының жұмысына көңілдері толатындығын айтқан. Ал мұндай сынақтар өткізілмеген облыстар тұрғындарының 54 пайыза ғана әкім жұмысын жақсы деп бағалапты” делінген “Экспресс К” газетіндегі сұхбатта.

Ал “Айқын” газетінде ауылын дұрыс басқармаған әкімнің жұмыстан кеткендігі туралы мақала жарық көрді. “Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданына қарасты Хлебодар ауылының әкімі амалын тауып, оралман отбасыларын "жер жоқ", "жер бөлінбепті" деген сияқты сылтаулармен есік аузынан шығарып салумен келеді” делінген мақалада. Оралмандар арызы қараусыз қалып келген. Есесіне, әкім мен әкімдік қызметкерлерінің туыс-тамырлары жер учаскелерін кезексіз алған. әңгіме прокуратураға дейін жетіп, тексеруден соң ауыл әкімі Тәйтенов қызметінен кетті. Әрине, бұл әкімді жауапкершіліктен босатуға негіз болмайды. Әкімнің ісін қарастыру үшін облыстық тәртіптік кеңеске хат жолданды” делінген “Айқында” басылған мақалада.

Әкімдер алдағы сайлауға дайындығын қамдауға кіріскен сәтте орта мектепті бітіруші түлектер Ұлттық бірыңғай тестіні тапсыруға кірісіп кетті. Маусымның 10-күні басталған емтихандар бір аптаға созылатыны “Казпдравда” газетінде айтылған. 160 мың оқушы мемлекеттің тапсырысымен бөлінген 32 мың 490 грантқа таласатын болады. Бұл былтырғымен салыстырғанда 1280 орынға артық. Гранттардың басым бөлігі техникалық мамандықтарға беріліп отыр” деп жазды “Казправда”.

“Айқын” газеті болса соңғы жылдары Солтүстік Қазақстан облысында мектептегі оқушылар саны күрт азайып кеткендігіне назар аударған. «Қазіргі мектеп жасындағы оқушылардың басым бөлігі 90-жылдары тоқырау кезінде туғандар. Мәселен, Аққайың ауылдық орта мектепте 48 оқушы бар. Биыл 9- сыныпты бар-жоғы 7 оқушы аяқтамақ. Бала саны аз болса, ол мектепті бюджетте ұстап отыру экономикалық жағынан тиімсіз. Сондықтан қазір облыстың түкпір-түкпірінен мектеп-интернаттар ашылып жатыр. 2004 жылы облыста оқушылар 8 мыңға азайса, 2005 жылы бұл көрсеткіш 6 мыңды құрапты. Биылғы жылы да мектеп табалдырығын аттайтын бала саны былтырғыдан 4 мыңға кем» деп жазды “Айқын” газеті.
XS
SM
MD
LG