Accessibility links

Украина: 3 айға созылған саяси теке-тірестің өзіндік “құны” бар


Украинадан жақсы да, нашар жаңалық бар. Жақсысы - 2004-інші жылғы “қызғылт-сары төңкерісте” одақтас болған саяси күштер 3 айға созылған талас-тартыстан кейін коалициялық үкімет құруға келісті. Нашар жаңалығы – ресми Киев ұзаққа созылған саяси дағдарыстың зор “құнын” төлеуге мәжбүр болады. Біздің тілшіміздің хабарлауынша, 3 айлық талас-тартыстың салдарынан Украина өзінің ішкі де сыртқы саясатында талай мүмкіндікті уысынан шығарып алды.

Бұл сапар жақсы ырым болар еді. АҚШ президенті Дж.Буш ең дамыған 8 ел немесе “Үлкен сегіздік” басшыларының шілде айында С.Петерборда өтетін бас қосуының алдында Украинаға соға кетуге келісті. Оның жолда Киевке аялдауы “Үлкен сегіздік” лидерлерін қабылдайтын Ресейден қысым көрген Украинаны қолдайтынын байқатуға тиіс еді.

Бірақ Ақ үй ол сапардан бас тартты. Кеңсесі Лондонда орналасқан Экономикалық ақпараттар мекемесінің өкілі Стюарт Хэнселдің пікірінше, оған коалициялық үкімет жасақтау мәселесі бойынша Украинаның батысшыл партияларының өзара ұзақ таласуы себеп болған тәрізді.

С.ХЭНСЕЛ: “Дж.Буштың ол сапарынан неге бас тартқанын білу қиын... Бірақ, менің ойымша, Дж.Бушты шынында да алаңдатқан ең бірінші нәрсе – Киевке келгенінде өзімен кездесетін ешқандай үкіметтің болмай қалуы болды”.

Елдегі парламент сайлауынан кейін 3 ай өткенде ғана, бейсенбі күні құрылған “қызғылт-сары” коалиция – 2004-інші жылы “қызғылт-сары төңкерістің” нәтижесінде билікке келген сол коалиция. Парламентте айқын басым дауысы жоқ президент В.Ющенконың “Біздің Украина” партиясы, Ю.Тимошенконың блогі және Олександр Мороз бастаған Социалистік партия – парламент сайлауында көпшілік дауысқа ие болған В.Януковичтің мәскеушіл “Аймақтар партиясының” қатысуынсыз батысшыл коалициялық үкімет жасақтауға уағдаласты.

Бірақ премьер-министр және парламент төрағасы сынды ең маңызды лауазымдарды өзара бөлісуден туған қызу талас-тартыс – кешегі “қызғылт-сары төңкерісіндегі” одақтастардың ертерек уәжге келуіне бөгет болды. Киевтегі еуропалық және трансатлантикалық зерттеулер Орталығының басшысы Олексей Коломейцтің пікірінше, бұл тығырық Украинаның Батыспен арадағы ынтымақтасуына айтарлықтай тосқауыл болды. Мәскеудің Киевке деген қысымының, әсіресе Ресейдің газ бағасын күрт өсіру арқылы көрсеткен қысымының барған сайын күшейіп келе жатқаны ескерілсе, талас-тартыстың уақыты да өте сәтсіз болып көрінеді. О.Коломейцтің пікірінше, Дж.Буштың Киевке жоспарлаған сапары “қызғылт-сары төңкеріске” деген сенімі сыр бере бастаған украиндықтарға көптен бері күткен анық белгі болар еді.

А.КОЛОМЕЙЦ: “Әрине, өте зор сәтсіздік болды. Шынымды айтсам, мен елдегі, “үкімет дағарысы” демесем де, биліксіз бос кеңістіктің қалыптасуына қарамастан Дж.Буш Украинаға келеді ғой деп үміттендім”.

Олексей Коломейцтің айтуынша, елдің 3 ай бойы тұралап қалуына Ю.Ехануровтың уақытша үкіметі айыпты. Осы 3 айдың барысында үкіметтің күнделікті жұмысында шыны мен өтірігі де бар, билікте қалу үшін жан-талас байқалды дейді Олексей Коломейц.

А.КОЛОМЕЙЦ: “Юрий Ехануровтың үкіметі Укранадағы сайлаудың артынша қалыптасқан ахуал, өте күрделі ахуал кезінде әйтеуір бір амалын тауып, шынайы да жүйелі реформаларды бастай беруге, бірінші кезекте, өзінің ішкі күш-жігерін жұмылдыра алмады”.

Коалициялық үкіметтің ұзақ уақыт құрылмауы, сондай-ақ, В.Ющенконың НАТО-ға қосылмақ мақсатына да соққы болып тиген тәрізді. Осы айда НАТО-ның еуропалық министрлері Украинаның мүшелікке қабылдануы бойынша іс-қимыл жоспарын қабылдамады. Бұл шешім орыстардың қолдауымен өткен наразылық шерулері әскери жаттығу өткізу үшін Қырымға келген НАТО-ның құрамындағы АҚШ әскерін кетуге мәжбүр еткен кезде қабылданды.

Сауалнама қорытындысы көрсетіп бергендей, Украина халқының басым көпшілігі елдің НАТО-ға мүше болғанын қаламайды.

Жаңа үкіметтің құрылмауынан Украина экономикасы да ұтылды. Экономиканың өсу қарқыны 2004-інші жылғы 12 пайызынан 2.6 пайызға дейін құлдырады. Киевтегі экономикалық және саяси зерттеулердің Олександр Разумков атындағы Орталығының өкілі Василь Юрчишиннің пікірінше, ресми биліктің өткен 3 айда қол қусырып отыруы шетелдік инвестицияға қорқынышты әсер етті, қайта жекешелендіру ісі мен бюджеттің орындалуына кері әсер етіп, сауда тапшылығын туғызды.

В.ЮРЧИШИН: “Жоғарғы Кеңес ешқандай шешім қабылдамады, ал президенттің Жарлықтары, әрине, болды, бірақ олар көбіне нұсқау тәрізді болды.”

Бейсенбі күні “қызғылт-сары” коалицияның өзара уәжге келуі – елдегі саяси дағдарыс В.Ющенконың “Біздің Украина” партиясы мен В.Януковичтің “Аймақтар партиясы” өзара одақтаса ма деп алаңдағандардың көңілін көтеруі мүмкін. “Қызғылт сары” коалицияның ұзаққа созылған келіссөзі – бірінші кезекте “қызғылт-сары төңкерістің” қаһарманы болған президент В.Ющенконың абырой-беделіне соққы болды. Стюарт Хэнселдің пікірінше, елдегі саяси дағдарыс В.Ющенконың беделіне нұқсан келтірді. Осы кезден бастап, дейді Хэнсел, президентке тұрақтылық күші деп қарайтындар аз болады.

С.ХЭНСЕЛ: “Мен бұл 3 ай едәуір қымбатқа түсі деп ойлаймын және одан ұтылған адам болса – өз елін шынында да үйлесімді түрде алға жетелеуге қабылеті жетпейтінін және өзінің қолындағы бар шектеулі мүмкіндікті мейлінше тиімді пайдалана алмағанын байқатқан Виктор Ющенко болды ғой деп ойлаймын”.

Хенсэлдің атап көрсетуінше, Украинаның “қызғылт-сары төңкерістен” неге қол жеткізе алатынын Батыс елдері тым асыра бағалауы мүмкін. Өткен 3 ай, деп санайды Стюарт Хэнсел, халықаралық қоғамға “алға басуға Украинаның әлі де зор мүмкіндігі бар” екенін байқатты.
XS
SM
MD
LG