Accessibility links

Америкада баспасөз бостандығы жоғары ма, ұлттық қауіпсіздік мүддесі жоғары ма?


Өткен аптада "Нью-Йорк таймс" сияқты кейбір америкалық газеттер АҚШ үкіметі террористерді ұстау мақсатымен халықаралық қаржы айналымын құпия бақылап отыр деген мәліметті ашып қойды. АҚШ президенті Джордж Буш пен вице-президенті Дик Чейни мұны үкімет қызметіне кедергі жасау, террористік шабуылдардың алдын алу қызметіне кедергі келтіру деп қабылдады. АҚШ әкімшілігі осыдан бір жыл бұрын мұндай мәліметті жарияламауды сұраған екен. Бұл оқиға америкалық баспасөз бен америкалық үкіметтің қарым-қатынастарындағы кейбір ұқсас жағдайларды еске түсіріп отыр.

Сонымен, АҚШ үкіметінің терроризмге қарсы құпия бағдарламасы ашылып қалып, америкалық баспасөз бен АҚШ әкімшілігінің қарым-қатынасының кейбір ерекшілектерін білдіретін жаңа оқиға орын алып отыр. Халықаралық қаржы айналымын бақылауға арналған құпия бағдарлама жайында тек ғана "Нью-Йорк таймс" газеті жазған жоқ, мұны "Уолт стрит джорнел" және "Лос Анджелес таймс" газеттері де жазды. Дегенмен, АҚШ вице-президенті Дик Чейни Нибреске штатында сөйлегенінде "Нью-Йорк таймс" газетін жеке атады, бұл газет террорлық шабуылдардың алдын алуды қиындатты деді. Ал президент Джордж Буш антитеррорлық бағдарламаның құпиясын ашуды ел қауіпсіздігіне кедергі келтіру деп тапты:

- Бағдарлама құпиясын ашу ұят нәрсе. Бағдарлама туралы мәліметті ашқан адамдар, ол мәліметті жариялаған газеттер Америка Құрама Штаттарына үлкен зиян келтірді.

Ал енді дәл осы "Нью-Йорк таймс" газеті 1961 жылы осындай бір жағдайда АҚШ әкімшілігінің бір құпиясын ашпаған. Президент Кеннедидің үкіметі Куба мемлекетіне қарсы операция ойластырғанда, "Нью-Йорк таймс" газеті бұл жоспардың құпиясын ашпаған. Бірақ ол кезден бері АҚШ әкімшілігі мен америкалық баспасөздің қарым-қатынасында үлкен өзгеріс жасалды, америкалық газеттер бірнеше саяси дау-дамайдан кейін АҚШ әкімшілігінің кейбір істеріне сенуден қалды. Мәселен, 1960 және 1970 жылдары Вьетнам соғысы кезінде америкалық баспасөзге қате мәлімет беріліп тұрған. 1974 жылы президент Ричард Никсонды қызметтен кетірген Уотергейт жанжалы кезінде де осылай болды. 1971 жылы "Нью-Йорк таймс" газеті Вьетнам соғысы кезінде атқарылған АҚШ әскерінің кейбір құпия істерін біліп қойып, мәлімет жариялады. Сонда Никсонның әкімшілігі бұл мәліметтердің газет бетіне шықпауына күш салды, ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келеді деп өзінше дәлел айтты. Мәселе АҚШ Жоғары сотына дейін жетіп, Жоғары сот мәселені газет пайдасына шешті, АҚШ әкімшілігінің дәлелдерін жеткіліксіз деп тапқан.

Вашингтон қаласында орналасқан Джордж Вашингтон университетінің баспасөз және қоғамдық қатынастар профессоры Марк Фильдштейн АҚШ конституциясы баспасөздің сөз бостандығына кепілдеме берген, конституцияның Бірінші толықтырылуы деп аталатын қағидаға ешкім қол сұға алмайды дейді:

- Біз сөз бостандығына кепілдеме берген дүниедегі ең алғаш елміз. Баспасөз еркіндігіне қарсы шабуылдар жасалса да, олардан түк шықпайды, себебі заң күші соңғы екі ғасырда арта түсті. Мұндай жағдайды не президент, не Конгресс өзгерте алмайды.

Дегенмен, басқа кейбір сарапшылар америкалық газеттер құпия қаржы бақылау бағдарламасы бар екенін жариялап қойып, бағдарлама мүмкіншіліктерін ашып қойып, терроризмге қарсы күреске шынында да нұқсан келтіруі мүмкін дейді. Мұны "Азаттық "радиосына АҚШ конгресінің депутаты Питер Кинг және Вашингтонда орналасқан "Херитейдж қоры" деп аталатын саяси зерттеу орталығының маманы Джеймс Филипс айтты. 1990 жылдары президент Билл Клинтонның кезінде АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің жоғары өкілі болған Леон Фюирс антитеррорлық операция барысында жиналған мәлімет бұқараға ашылып қойса бұл шынында да нұқсан келтіруі мүмкін дейді. Дегенмен, Леон Фюирс баспасөзде алдын-ала цензура орнату расында да Америка Құрама Штаттарының азаматтық құқықтарды қадірлеу тарихына қайшы келеді деп мойындайды.
XS
SM
MD
LG