Accessibility links

Астана билігі Өндіріс кентіндегі ондаған үйді заңсыз салынған деп отыр


Астана іргесіндегі Өндіріс кентінің шетінен үй салған 50-ден астам жер үй иелеріне үйлерің заңсыз салынған деген айып тағылды. Тұрғындар болса, өздерін Астана әкімшілігімен байланысы бар адам алдап, жалған құжат сатып кеткенін айтады. Сондықтан олар өздері салған үйлерді тастамай Алматыдағы Бақай мен Шаңырақ елді мекендеріндегідей соңына дейін тұрамыз деп отыр.

Астана іргесіндегі Өндіріс кентінің шетінен үй салған 50-ден астам жер үй иелерінің сөзіне қарағанда, оларға 2005 жылы бір әйел адам келіп Астананың шетіндегі бос жатқан жерді көрсетеді. Әлгі әйел оларға «сіздерге азғантай ақшаға құжат алып беремін үйлеріңді сала беріңдер» деген уәде берген. Ал, жалған құжатқа неге сендіңіз деген сауалға тұрғындар оның қолында жердің топографиялық суреттері болды, ал, мұндай құжатты тек жер ресурстары комитетінен алуға болады, дейді.

Астана іргесіндегі Өндіріс кентінің шетінен үй салған Шәмшіқамар Тілеубердинова ойын былайша сабақтайды:

- Әкімшіліктегілер бұл дұрыс емес қағаз, шешім жоқ, дейді. Біз енді 40-шақты үй салып жатырмыз, ана жақта 62 үй бар, екі ауыл ғой Өндіріс деген. Бізге босатыңдар дейді. Біз оңайлықпен босата қоймаймыз ғой, біз де Шаңырақ, Бақай сияқты болмасын дейміз.

Осы тұрғындарға қолғабыс көрсетіп жүрген Астанадағы Коммунистік партия бөлім өкілдерінің айтуынша, тұрғындарға құжат сатқан әйелдің шынындада шенеуніктермен байланысы болуы мүмкін, өйткені ол әйелге шағым жазылған кезде қаржы полициясы еш шара қолданбады, дейді олар.

- Мен өзім әлгі алаяқ әйелді сотқа да бердім, қаржы полициясына да бердім. Өзім 1,5 жыл қаржы полициясы сияқты болдым, көрсем оларға хабарлап отырдым. Сонда полиция да, қаржы полициясы да ол әйелді ұстамады. Сәулет басқармасына барғанда бұл жер бос, сала беріңдер, мұнда зауыт та, ештеме салынбайды, тек 5 жылдан кейін үй салынады деген. Енді биыл әкімшілік бизнесменге сатамыз, өйтеміз-бүйтеміз деп екі сөйлеп тұр, - дейді Өндіріс кентінің шетінен үй салғандардың белсендісі Гүлмира Сәрсенбаева.

Осы тұрғындарға заңгерлердің қызметін ұсынып отырған «Жер тағдыры» қозғалысының өкілдері болса, Қазақстан Конституциясында әр Қазақстан тұрғынына жер тегін берілу керек деген бапты алға тартып отыр. «Жер тағдыры» қоғамының хатшысы Хамзи Аймурзин бұл пікірін былайша түсіндіреді:

- Жер кодексінің 50-інші бабында әр адамға жеке тұрғын үй салу үшін 10 сотка жер тегін берілсін деп жазылған. Ал бұлар мәслихаттың шешімі былай деп сатып жатыр ойына келгенін істеп. Бір алаяқ сатып кетіпті жасанды құжатты. Жобасы мына билікпен байланысты адамдар. Жемқорлық кеңінен етек алып кетті ғой. Астананың Сарыарқа ауданының әкімі Кабилдинмен кездесуі болды халықпен. Жер кодексі жоғары тұра мА, мәслихаттың шешімі ме дедім, жер кодексі, әрине. Енді неге орындамайсыңдар дедім, Қазақстанның басқа жеріне бара берсін, бұл жерге болмайды дейді. Кімнің Астанасы бұл - халықтікі ме, әлде шенеуніктер ғана тұру керек пе?

Шілденің 27 күні Қазақстан премьер-министрінің алдында тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламасы туралы баяндама жасаған өндіріс және сауда министрі Владимир Школьник жер үйлер тек заңды түрде салыну керек деген пікірін білдірді. Өйткені, инфрақұрылымы жоқ, белгісіз елді мекендерді салуға болмайды. Оның түрі де, сапасы да болу керек, деді ол.

Ал Астана іргесіндегі Өндіріс кентінің шетінен үй салған тұрғындар бұл жерден кетпейміз деп отыр.
XS
SM
MD
LG