Accessibility links

“Freedom House” ұйымы “Жол қиылысындағы мемлекеттер” деп аталатын баяндамасын жариялады


АҚШ-та орналасқан үкіметтік емес “Фридом Хаус” ұйымы 2004-ші жылдың қараша айынан 2005-тің қарашасына дейін шамамен 30 мемлекетті зерттеп, демократиялық басқару жүйесіне қатысты жылдық баяндамасын жариялады. Аталған ұйымның “Жол қиылысындағы мемлекеттер” деп аталатын зерттеу жұмысы демократиялық басқару жүйесінің құрамдас бөліктеріне, яғни үкімет жауапкершілігі, адам хұқтары, хұқықтық нормалар мәселелері және жемқолыққа қарсы күрес шараларына баса назар аударыпты. Бұрынғы Совет Одағы елдері арасында Грузия мен Украина үкіметтері реформаларды жүзеге асыру мәселесіне байланысты мадаққа ие болыпты. Ал жемқорлыққа қарсы күрес шараларын онша іске асыра алмай отыр делінген елдердің арасында Әзірбайжан мен Қазақстан аталып өтіліпті.

Осы жылдың баяндамасына ілінген 30 мемлекеттің бәрі стратегиялық маңызды және демократиялық мекемелерін күшейттіруге тырысып жатқан елдер деп есептеледі. Бұл елдердің азаматтары арасында сауалнама жүргізілмеген, бірақ бұл жолы осы елдердің үкіметтері атқарған жұмыстарына қатысты баға беріліпті. Әрбір ел үкіметі түрліше бағаланыпты. Мысалы Қапқаз елдеріндегі жағдайды “Фридом Хаус” ұйымы баяндамасының редакторы Крис Уалкер былай түсіндіреді.

“Қапқаздағы барлық мемлекеттердің әлсіз институттары мен ескі жүйелері және жемқорлыққа қатысты проблемалары бар. Біздің зерттеулерімізге қарағанда, Грузия билігі осы проблемаларды шешу мақсатында алға жылжу әрекеттерін ең көп жасаған үкімет болып шықты”.

Ал Әзірбайжанда Совет Одағы кезіндегі басқару жүйесі сақталған делінген бұл баяндамада.

“Әзірбайжан қазір бет бұрыс алдында тұр, себебі ол энергия көздеріне өте бай. Оның мекемелері осы дамып жатқан ресурстарды халық мүддесіне сай етіп пайдаланады ма жоқ па? бұл сұраққа жауап беру қиын”, - деді Уалкер.

“Фридом Хаус” Орталық Азиядағы елдердің даму бағыттарын түрліше бағалап отыр. Мысалы Қырғызстан жағдайын алатын болсақ, 2005-ші жылы көктемде орын алған төңкерістен кейін бұл мемлекетте алға жылжу болды, дейді Уалкер.

“Бұл елде билік өзгеріп, көктемде орын алған оқиғалардан кейінгі сайлаулар үміт артатындай белгілер берді, сондай-ақ баспасөз еркіндігіне байланысты өзгерістер болды. Зерттеулерімізде осыған да баға берілді. Алайда таяуда Бішкектің реформаларды жүзеге асыру бағытына қатысты көптеген сұрақтар пайда болды”, - дейді Уалкер.

Ал Қазақстан экономикасы өте дамып жатыр, бірақ жарияланған баяндамаға қарағанда, Қазақстанның демократиялық басқару жүйесі әлсіз екен. Осы жүйенің құрамдас бөліктерінің үшеуі бойынша, яғни үкімет жауапкершілігі, хұқықтық нормалар мәселесі және жемқолыққа қарсы күрес шараларына қатысты Қазақстанға 3-тен төмен баға қойылыпты. Жалпы бұл зерттеулерде ең жоғары баға 7 болған.

“Қазақстанның энергия байлығына негізделген үлкен мүмкіндіктері бар. Бірақ осы энергия ресурстары қалай пайдаланылуда деген сұраққа қатысты үкімет жауапкершілігі мәселесі, сонымен қатар, Қазақстан билігі алдағы уақытта айтарлықтай саяси бәсекелестікке алып келетін бағытты таба алады ма? Мінеки Қазақстан алдында осы негізгі мәселелер тұр”, - дейді Уалкер.

Уалкер, сондай-ақ, Украинадағы саяси жағдайдың өзгеріп тұрғандығына тоқталып өтті. Бірақ Украина үкіметі жауапкершілікке қатысты алға үлкен қадамдар жасады, мысалы жемқорлыққа қарсы күресіп жатыр және реформаларды жүзеге асыру үшін әрекет жасап жатыр, деді Уалкер. Ал келесі жылы “Фридом Хаус” ұйымының “Жол қиылысындағы мемлекеттер” деп аталатын баяндамасында Ресей мен Тәжікстан үкіметтері және тағы басқа 28 мемлекет қаралатын болады.
XS
SM
MD
LG