Accessibility links

Қазақстанда инфляция көрсеткіші үкімет белгілеген шекті шамадан асып кетті


Биылғы жылдың жарты жылдығында инфляция көрсеткіші Қазақстан үкіметі белгілеген ең жоғарғы шектен асып 8,7 пайызға жетті. Бұл туралы Астанада тамыздың 15 күні жарты жыл қорытындысына арналған үкімет жиналысында Қазақстанның экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары Марат Құсайынов хабарлады. Экономистердің айтуынша, елде ақшаның тез құнсыздануына азық-түлік пен қызметтер бағасының күрт қымбаттауы әсер еткен.

Биылғы жарты жылдықтың көрсеткіші белгіленген шектен 1,4 пайыз асып түсті деп хабарлайды экономика министрлігі. Оның себебі бірнешеу, дейді экономистер. Мысалы, монополистер өз қызметтерінің бағасын көтеріп тарифтердің жоғарлауына әсер етті. Біріншіден, коммуналды-тұрғын үй саласындағы монополистер, дейді экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің орынбасары Марат Құсайынов.

Жиналысқа қатысқан Қазақстан президенті әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың айтуынша, мемлекет әсер ете алатын осы сала болғанына қарамастан қызметтер бағасы қымбаттап кеткен.

Ал, монополистер тарифтің өскенін қалайды. «Астанажылутранзит» кәсіпорнының бас директоры Айтмұхан Жұмабаев тарифтерді көтеру керек деп санайды:

- Өйткені, бізде мысалы, Астананың жылу жүйесі тозған. Уақытында айырбастамасақ, ол жылдан жылға тозады.

Астана тұрғыны Серік Өмірзақовтың айтуынша, монополистер Қазақстандағы пайдалы қазбалардың барлығын алып алсада, шығынымыз көп дегенді жиі айтады, дейді:

- Бізде әлі монополистер көп. Шағын бизнес көтерілген жоқ. Жердің байлығының бәрі монополистер. Мысалы, энергетиктерді алсаңыз пайдамыз жоқ деп, пайдасын көрсетпейді, бірақ, қызметкерлері сонша айлық алып жай отырады. Халыққа қызмет көрсетудің орнына кедергі жасайды.

Қазақстанның Монополияға қарсы агенттік төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, жағдайды жөндеу үшін делдалдарды азайту керек:

- Табиғи монополия субьектілері көмір, мазут және басқа да жанар-жағар майды сатып алған кезде делдалдар арқылы алады. Ал, олар зауыттан немесе кеніштен шыққан бағамен алмайды.

Инфляцияға әсер ететін келесі ірі фактор ретінде азық-түлік құнының көтерілгені жатқызылды. Оған да делдалдардың көптігі әсер етті деп хабарланады. Ауыл шаруашылық министрі Ахметжан Есімовтың айтуынша, картоптың көтерме бағасы бір келіге шаққанда 24 теңгеден аспайды, ал, бөлшек саудада сатқанда оның бағасы 3 есеге дейін артып, 74 теңгеге бір-ақ жетеді. Республикалық санақ агенттігінің төрағасы Бақыт Сұлтановтың айтуынша азық-түлік ішінде, әсіресе, екі түрлі тағамның бағасы көтерілген:

- Жаңа премьер министр айтты: оның ішінде қант пен жеміс жидектің өсуі алда тұр.

Президент әкімшілігінің жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың айтуынша, президент көршілес мемлекет басшыларымен арзан жеміс пен көккөніс тасымалдауға келісімдер жасап жатқанына қарамастан Қазақстанда нақты нәтиже әзірге көрінбейді.

Ал қаржы министрінің орынбасары Асқар Елемесовтың айтуынша, Қазақстандағы баға өсудің негізгі себебі мұнай құнына байланысты:

- Әр жерде - Ресей, Қытай, Украина болсын, бағалар өсіп жатыр. Неге? Мұнай бағасы тек Қазақстанда емес, дүние жүзінде өсіп жатыр. Енді мұнай шикізат, бірақ, одан бензин, керосин, мазут өндіріледі. Оның бағасы өскенде ол әр тауарға кіреді. Себебі, қандай тауар болса да сіз оны қоймадан дүкенге әкелу үшін бензин қолданасыз, дұрыс па? Бензин бағасы екі есе өссе, басқа тауарлар бағасы 3-4 есе өседі.

Ал, Астана тұрғыны Қайрат Епековты бәрінен бағаның еңбекақыдан тез өсетіндігі қынжылтады:

- Бірінші бәрі қымбаттайды, содан кейін еңбекақы бірнеше айдан кейін ғана көтеріледі. Ал зейнеткерлерге қиындау ғой. Тек 30 пайыз ғана қосылды - еңбекақыға да, зейнетақыға да, ал, коммуналды қызметтер бағасы болса 40-50 пайыз қосты.

Оның сыртында, Қазақстан банктері елдің қарызын көбейтіп, 16 миллиард долларға жеткізген, ал, ұлттық қорда жиналған қаржы 10 миллиард доллардан аспайды. Осылайша Қазақстан экономикасында ақша көбейгенімен ол тез құнсызданып барады, дейді мамандар.
XS
SM
MD
LG