Accessibility links

Түркменстанда ұзақ мерзімге сотталған үш адамның біреуі – "Азаттық" радиосының тілшісі


Жұма күні Түркменстан астанасы Ашхабадта үш адам бірдей алты жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілді. Сот тыңдаулары бар болғаны бірнеше минуттарға ғана созылған. Ал азаматтық хұқ қорғаушылар болса, Түркменстан билігі халықаралық заң талаптарын бұзып, адамдарды абақтыға қамап жатыр деп айыптады.

Атап айтқанда, баспасөз бостандығы жөніндегі "Шекарасыз репортерлар" ұйымы Түркменстандағы "Азаттық" радиосының тілшісі, 58 жасар Огұлсапар Мұрадованың сотталуы заңға қайшы келетін қимыл деген сын айтты. Аталған ұйым сондай-ақ Огүлсапар Мұрадовамен бірге құқ қорғаушы белсенділер, 35 жасар Аннақұрбан Аманқылышев пен 47 жастағы Сапардұрды Хаджиевтердің де әрқайсысының ұзақ мерзімдерге бас бостандықтарынан айрылғандарына өз қынжылыстарын білдірді.

"Азаттық" радиосының тілшісі, 58-жасар Огүлсапар Мұрадоваға заңсыз қару-жарақ сақтады деген айып тағылып, ол алты жыл түрме жазасына кесілді. Аннақұрбан Аманқылышев пен Сапардұрды Хаджиевтер осы айып бойынша әрқайсысы жеті жылдан түрме жазасын арқалап кете барды. Олардың барлығы осыдан екі ай бұрын маусым айында қамалған еді, екі ай бойына оларды ешкіммен хабарластырмай қойған.

Ашхабадтағы сот ғимараты тұрған көше Азаттық көшесі деп аталады. Міне осында әрдайым да диссиденттерге сот процестері болып тұрады. Түркменстанның қуғындағы Хельсинки қоры адам хұқтары тобының жетекшісі әрі Хаджиевтің жеңгесі Тәжігүл Бегмедова Түркмен редакциясына берген сұхбатында былай деген:

- Олардың адвокаттарынан біздің алған деректерімізге қарағанда, Сапардұрды Хаджиев қатаң режимдегі түрме жазасына жеті жылға кесілген. Аннақұрбан Аманқылышевқа жеті жыл берілсе, Огұлсапар Мұрадоваға алты жылға үкім шығарылған. Огұлсапар тағылған айыптарды жоққа шығарып, сот төрағасы өзіне ең ауыр жаза тағайындады деп айтты. Сапардұрды Хаджиев те өзіне тағылып отырған айптарды мойындаған жоқ.

Бұлардың барлығы да маусым айында ұсталған болатын. 19 маусым күні Ұлттық қауіпсіздік министрі Гелдимұхаммед Аширмұхамедов теледидар арқылы сөйлеген сөзінде хұқ қорғау белсендісі Аманқылышевті шетелден қаржыландырылған, елдің тыныштығына нұқсан келтіретін астыртын әрекетке бармақшы болды деп айыптаған еді. Аширмұхамедов сонымен қатар бұл астыртын әрекетке бірқатар Батыс дипломаттарының да қатысы бар деп атап көрсеткен-ді. Адам хұқтарын қорғаушылар Аманқылышев ұсталған кезде оның машинасынан табылған қару-жарақты ол жерге қауіпсіздік қызметкерлерінің өздері апарып қойған болуы керек дегенді айтады.

Париждегі "Шекарасыз репортерлер" ұйымының өкілі Жан Жуллиард осы сот болар алдында өзінің алаңдаушылығын былайша білдірген еді:

- Біз бұл сот жайында қатты алаңдаулымыз. Біз сондай-ақ сотқа тартылған ол үш адамның да ұзақ мерзімдік жаза арқалайтындығын да білдік, өйткені Түркменстанда сот өз алдына тәуелсіз емес. Сотқа ешкім кіре алмайды. Сотталғандарды да көрген ешкім жоқ. Және олардың психологиялық жағдайлары да қандай екенін ешқайсымыз білмейміз. Сот жабық есік жағдайында, оған дипломаттар да, баспасөз өкілдері де жіберілмейді. Сондықтан да біз бұл соттың әділ өтпейтіндігін жақсы білеміз.

Сот болып өткеннен кейін түркменстандық Хельсинки тобының жетекшісі Тәжігүл Бегмедова осы айтылғандардың барлығын да растады. Ол Түркмен редакциясына берген сұхбатында соттың дәл сондай жағдайда өткендігін айтып берген. Бегмедова сондай-ақ сотталғандардың қорғаушылары жұма күні шығарылған бұл үкімдер бойынша аппелияциялық талап арыз беретін болады деп атап көрсетті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG