Accessibility links

Алматы облысында 5 адамды еркінен тыс мәжбүрлеп жұмысқа салғандарға қарсы қылмыстық іс қозғалды


Алматы облысы Жамбыл ауданы Бозой елді-мекеніндегі жеке шаруа қожалығында күшпен жұмысқа салынған 5 қазақстандық азамат бостандыққа шығарылып, оларды еркінен тыс ұстап келгендерге қарсы қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады Алматы қалалық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі. Сол шаруа қожалығының иесі мен 3 қызметкері "заңсыз адам бостандығын айырған" деген күдікпен ұсталған. Халықаралық сарапшылар Қазақстанда соңғы кездері ішкі адам саудасы оқиғасының артып, оған қоғамда жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отырғанындығын айтады.

Алматы қаласының Сейфуллин көшесі бойында қаз-қатар тізіліп тұрған ер адамдар қай уақытта болсын, жұмыс табылса болды, кез-келген жұмыс берушінің артынан еруге даяр.

- Жұмыс, жұмыс деп жүрміз. Ешқандай шектеу жоқ қой. Қазір келсе, қазір кетеміз!

- Түнгі 1-2-де келсе де, бара береміз. Бұл - үкіметтің жұмысы емес қой. Жалдамалы жұмыс. Ауызша келісесің де, кете бересің...

Биылғы жылдың қыркүйек айының 14-інде Түркісіб ауданы ішкі істер басқармасына бір алматылық азаматша осылай жалданып жұмыс істеп жүрген 47 жастағы бауырының бір апта бұрын із-түзсіз жоғалып кеткенін айтып шағымданған. Осыдан кейін алматылық полицейлер іздеу жұмыстарын жүргізіп, ақыры оның Алматыдан 140 километр жердегі бір шаруа қожалығынан табылды деді сәрсенбі күні «Азаттық» радиосына Алматы қалалық ішкі істер басқармасының аға инспекторы Арман Жусанбай:

- Яғни, ол Жамбыл ауданы Бозой елді-мекеніндегі жеке шаруа қожалығында жүрген. Хабарсыз кеткен ер адамды сонда ұстап, заңсыз еңбекке жеккен. Полицейлер шұғыл әрекет етуші отрядтың арнайы сарбаздарымен «заңсыз адамның бостандығынан айырған» деген күдікпен 4 адамды қолға түсірді. Оның бірі – шаруашылық иесі болса, 3-і – жеке қызметкерлер.

Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде әлгі шаруа қожалығында ұрып-соғып, мәжбүрлікпен еңбекке салынған барлығы 5 азамат бостандыққа шығарылды деп хабарлап отыр полиция өкілі. Оның айтуынша, ол азаматтардың барлығы Қазақстанның әр түкпірінен Алматыға жұмыс іздеп келгендер екен.

- Аталған шаруашылыққа аталған адамдар Алматыдағы Сейфуллин көшесінен әкелінген. Оларды жұмысқа салғанымен, ешқандай ақша төлемеген. Оларға күніне 1 мың теңгеден төлейміз деген. Бірақ олардың тамағын алып беріп, еңбегін пайдаланып, аз-маз жолпұлын тауып беріп, қайтарып жіберу немесе әрмен қарай жұмыс істетуді мақсат тұтқан. Бұл оқиғада адам құқығы аяқ асты етілген, сондықтан, қылмыстық істің қозғалуына толық негіз бар. Азат етілген азаматтар Алматыға әкелініп, туыстарына табыс етілді, - деді Арман Жусанбай.

АҚШ Мемлекеттік департаментінің адам саудасына қатысты 2006-шы жылы жарияланған есебінде Қазақстан адам саудасы құрбандарын шығарушы, қабылдаушы және оны тасымалдауда өткел ретінде пайдаланылатын ел ретінде сипатталған. Соңғы жылы мәжбүрлікпен еңбекке салу мақсатында Қазақстанға әкелінетін және елдің бір аймағынан екіншісіне апарылатын адам саудасының құрбандарының саны өсті делінген АҚШ мемлекеттік департаментінің есебінде. Елдің өз ішіндегі адам еңбегін қанау мәселесіне Қазақстан үкіметінің әзірге жеткілікті түрде назар салмай отырғандығын айтады АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің Еуропа мен Еуразиядағы адам саудасы мәселелері бойынша аға кеңесшісі Рут Пойман.

- Қазақстанның өзі ішіндегі бір мәселе - адамдарды шығарушы, тасымалдаушы мемлекет ретінде танылғанымен, адам саудасы құрбандарын қабылдап алушы мемлекет ретінде әлі жеткілікті түрде мойындалмай отыр. Оған қоса тіптен елдің өзі ішіндегі адам сату фактілері бар. Мұнымен де күресу керек. Қоғам мұны енді ғана түсіне бастаған тәрізді. Мемлекет елдің ішіндегі осындай мәселенің бар екендігін қажетті деңгейде мойындап, оған қарсы нақты шаралар қабылдауы қажет, - дейді американдық сарапшы Рут Пойман.

Қазақстанның өз ішіндегі адам саудасына қатысты фактілердің жиілеп отырғандығын Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің маманы Айна Шорманбаева да айтады:

- Қазақстанда адамдарды алдап әкеліп, ауыл шаруашылығы жұмысына салумен қатар, мәжбүрлікпен жезөкшелікке салу фактілері де бар. Ауылдан, кіші қалалардан Алматыға, Астанаға қыздарды алдап әкеліп, жезөкшелікке салады да, пайдаларын өздері көреді. Мұндай оқиға көп. Бұл – ең алдымен әлеуметтік жағдайдың нашарлығының салдары. Жастардың не жұмыстары, не оқулары жоқ болса, әрине, адамдардың алдауына тез түсіп, осындай жағдайларға тап болады.

Бұған дейін, қыркүйек айының бас кезінде, Павлодар облысы Баянауыл ауданында жеке шаруа қожалығында еркінен тыс жұмысқа салынып, кейін бостандыққа шығарылған 4 азаматқа қатысты іс облыстық полиция басқармасына түскен еді. Қыркүйектің 7-сі күні осы облыстағы Лебяжий аудандық соты еңбегін қанау мақсатында адамды заңсыз еркінен айырған деген айып бойынша тағы бір шаруа қожалығының бұрынғы іс басқарушысын 5 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Ал былтырғы жылы Қазақстанда адам саудасына қатысты 29 қылмыстық іс қозғалса, оның тек 5-і ғана сотқа жетіп, 13 адамға қатысты сот үкімі шыққан.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG