Accessibility links

Қазанның 24-і – Біріккен Ұлттар Ұйымы күні


Қазанның 24-і - БҰҰ-ның күні ретінде аталып өтіледі. Қазақстанның бұл ұйымға мүше болғанына 14 жылдан асты. Биыл 61 жылдығын атап өтетін халықаралық ұйымның қазіргі қызметі мен болашағына қатысты қазақстандық сарапшылар әртүрлі пікірде. Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросы БҰҰ-ның адам құқығы саласында ықпал ету мүмкіндігі шектеулі деп есептейді. Оның ішінде адам құқығын қорғаушылар, Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқығы саласындағы барлық дерлік құжаттарына қосылғанымен, ондағы көптеген талаптарды іс жүзінде орындамай отырғандығын тілге тиек етті. Ал келесі бір саясаттанушылар Қазақстанның БҰҰ аясындағы мүмкіндіктерін кеңейте түсу керек деп санайды.

Осыдан тура 61 жыл бұрын – 1945 жылғы қазанның 24-і күні БҰҰ-ның жарғысы жарияланды. Ал 1948-ші жылдан бері бұл күн осы халықаралық ұйымның туған күні ретінде аталып өтеді. Бүгінде бұл ұйымның қызметін қайта жаңғырту, оның құрылымын реформалау қажет деп есептейді халықаралық экономика және саясат ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Ләйлә Мұзафарова.

- Өйткені, әлемдік саяси жағдай көрсетіп отырғандай, барлық елдер бірдей БҰҰ-ның шешімін құрметтейді деп айтуға болмайды. Көптеген шиеленістер, халықаралық қақтығыстарды реттеу үшін құрылған ұйым арқылы емес, қандай да бір күш көрсету жолымен немесе супер-державалардың араласуымен шешілуде. Сондықтан, БҰҰ-ын өзгерту, реформалау қажеттігін бәріміз түсінеміз. Өйткені, бұл ұйым әлемдегі ең көп елдерді біріктіретін ұйым, - дейді Ләйлә Мұзафарова.

Экс-дипломат Төлеген Жүкеев БҰҰ қазіргі таңда қарама-қайшылықты ұйымға айналып отыр деп есептейді:

- Көптеген елдерде дағдарыстар, қақтығыстар болып жатыр. Мысалы, Дарфурдағы таза геноцид! Ешкім ешнәрсе істей алмайды. Оның ішінде БҰҰ да. Себебі, қолдарында билік көп емес. БҰҰ-н кейде дүниежүзілік үкімет дейді. Ол шын мәнісінде дүниежүзілік те үкімет емес, жиналған жиналыс та емес, соның ортасында... Меніңше, реформа қажет сияқты.

Ал кейбір адам құқығын қорғаушылар БҰҰ-ның адам құқығы саласындағы ықпалы мен қазіргі қызметі көңілден шықпайтындығын айтады.

- Меніңше, БҰҰ-ы - диктаторлық тәртіппен күресетін немесе оған қалай да әсер ететін, әлемді жақсартуға үлес қосатын, диктатурадан демократияға ауысуға елдерге көмек көрсетететін ұйымға сол күйі айнала алған жоқ. Өйткені, БҰҰ-ында міндеттемелерін орындамайтын елдерді мәжбүрлейтін механизмдер жоқ. Мысалы, Түркіменстан 90-шы жылдардың басында-ақ БҰҰ-ның адам құқығы саласындағы барлық келісімдерді мақұлдаған. Бірақ шын мәнісінде олардың бірде-біреуін орындап отырған жоқ! - дейді Қазақстандағы адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының директоры Евгений Жовтис.

Сонымен бірге ол Қазақстанның да бүгінгі күнге дейін халықаралық ұйымның бірқатар талаптарына атүсті қарап отырғандығын айтады.

- Мысалы, «Босқындар мәртебесі туралы» конвенцияны алайық. Қазақстан өлім жазасы немесе азаптау қаупі бар елдерге босқындарды қайтарып бермеу туралы міндеттемені мойнына алған. Ал Қазақстанның осындай азаматтарды Қытайға, Өзбекстанға беріп жібергені мәлім. Қытай мен Өзбекстанда өлім жазасы мен азаптау қолданылады. Осы тәрізді Қазақстанның БҰҰ-ның адам құқығы саласындағы міндеттемелерін орындамай отырғандығы жайлы көптеген мысалдар келтіруге болады, - дейді Евгений Жовтис.

Ал саясаттанушы Шәріпбек Әмірбек болса, Қазақстан өз міндеттемелерін орындап қана қоймай, осы ұйым аясындағы бірқатар бастамаларға да мұрындық болды дегенді айтады:

- Мысалы, Қазақстанның бастамасымен Орталық Азиядағы ықпалдастық пен сенім шаралары бойынша кеңесінің (СВМДА) бірнеше жиналысы өтті ғой. Әсіресе Пәкістан мен Үндістанды табыстыруға байланысты іс-шаралар. Екінші, әлемдік дін басыларының басын қосу – бұл да соның көрінісі.

Саясаттанушы Ш.Әмірбек сонымен бірге БҰҰ әлемдік саяси алаңда әлсірей бастады деген пікірмен де келіспейді. Ол бұл ретте БҰҰ оң әсер еткен маңызды оқиғаларды еске түсіруге болады дейді:

- БҰҰ-ның ықпалы біршама күшейді деп айтуға болады. Оны біз соңғы Грузия мен Ресейді қарым-қатынасына байланысты мәселелерден көре аламыз. Яғни, Қауіпсіздік кеңесі және басқа да құрылымдары арқылы БҰҰ көптеген әлемдік мәселелерге ат салысып жатыр. Мұның барлығы ғаламдасу заманында әлемдік реттеуші бір ұйымның қажеттігін көрсетті. Ал БҰҰ өзінің қызметі арқылы осы жұмысты атқара алатындығын дәлелдеп отыр.

Қазақстан БҰҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде қабылданғаны 1992-ші жылы наурыз айының 2-сінде жарияланған.
XS
SM
MD
LG