Accessibility links

Исламабад медресеге соққы берілуін ақтауға тырысып бағуда


Пәкістан армиясының ауған шекарасы маңындағы бір діни медресеге әуеден соққы беріп, шамамен 80-ге жуық күдіктінің көзін жойған уақытынан бері 3 күн өткенде осы өңірдің шырқы бұзылды. Осы өлкеден келіп түскен хабарға қарағанда, Талибан қозғалысын қолдайтын қарулы топ жергілікті бір адамды Пәкістан мен АҚШ үкіметтерінің тыңшысы болды деп айыптап, оны медресенің жанында атып өлтіріп, денесін сол жерге қалдырып кетті. Онымен қарама-қатар Талибанды жақтайтын мыңдаған адам Пәкістан армиясының дүйсенбідегі зымырандық соққысына наразылық білдіріп, шеру өткізу үстінде. Көбісі “қасиетті соғысты” немесе “джиһадты” бастауға ант берді.

Пәкістандағы ислам коалициясының лидері әрі медресеге жасалған шабуылға қарсы наразылық шеруін ұйымдастырушы Маулана Фазул Рехман Пәкістан армиясын тайпалар мекендейтін аймақтың тыныштығын бұзды деп айыптайды. Оның мәлімдеуінше, осы аймақтың халқы жергілікті медресеге дүйсенбі күні берілген әуе соққысы үшін Исламбадтағы билікке қатты ашулы. Осы ашу-ыза, деп атап көрсетеді Рехман, оларды күнделікті наразылық шеруіне қатысуға мәжбүрлеп отыр.

М.Ф.РЕХМАН: “Бұқара халқы осындай ашу-ызаға мінген елді ойдағыдай алға жетектей алмайтынын үкімет түсінуге тиісті. Ықшам да болса Таң ауданында жұрт бірнеше сағатқа көшеге шықты да үлкен наразылық болды. Міне осылайша үлкен орталықтардағы жұрттың қандай қайғымен және қандай ашу-ызамен наразылық білдіруге тиіс екенін Сіз көзге елестете аласыз”.

Маулана Фазул Рехман көшедегі наразылық шерулері алдағы күндері өзге саяси партиялардың қосылуымен өсе түседі деп күтеді. Сонымен қатар ол Пәкістан армиясының дүйсенбідегі әуе соққысынан бұрын әлгі медресенің Талибан қозғалысымен және “Әл-Қаида” ұйымымен байланысы болғанына көз жеткіздік деген мәлімдемесін жоққа шығарды.

Алайда, Исламабадта Пәкістан президенті П.Мушарраф медреседе ислам содырлары оқытылды деп мәлімдеді.

П.МУШАРРАФ: “Кімде-кім ол адамдарды бейкүнә тәліптер болды десе, өтірік айтады. Олар әскери жаттығудан өтіп жатқан содырлар болды. Біз оларды 6, не 7 күн бойы бақыладық. Олардың кім болғанын және не істеп жүргенін біз анық білдік. Олардың барлығы да қолдарына қару ұстап, медреседе әскери жаттығудан өтіп жатқан жаугерлер болатын”.

Сонымен қатар П.Мушарраф осындай жаугерлер елдің қай шетінде болсын, оған қарсы Пәкістаннның армия күшін қолдануды жалғастыра беретінін ескертті.

Кейбір саяси сарапшы мен бақылаушылардың ортақ пікірі бойынша, әлгі медресеге соққы берілуі П.Мушаррафтың билігін қиын да күрделі жағдайға қалдыруы мүмкін. Бірақ Пәкістан армиясының ресми өкілі генерал Шауқат Сұлтан ондай пікірмен келіспейді. Ол: “Бүкіл діни коалицияның ішінен бір ғана діни партия одан саяси ұпай жинауға тырысады. Діни саяси коалиция қайсыбір жерде көшеде азын-аулақ жиын өткізуге шамасы жететін шығар”, - деп санайды.

Сондай-ақ, Шауқат Сұлтан медресеге жасалған шабуыл Пәкістан армиясының шекара маңындағы өлкелердің тайпа көсемдерімен арада жаңа бітімдерге келмек болған әрекетіне кесірін тигізе алмайды деп есептейді. Оның айтуына қарағанда, көрші Солтүстік Вазиристан өлкесіндегі тайпа көсемдерімен қыркүйек айында қол жеткен, даулы болса-дағы, бейбіт келісім күшінде қалады. Сонымен бірге оның атап көрсетуінше, мұндай бейбіт келісімдерге тайпалардың онша жаугер емес, ұстамды көсемдері барады.

“Баджаур” агенттігінің хабарлағанындай, шабуыл жасалған сол дүйсенбі күні тайпа басшылары бейбіт бітім жөніндегі келіссөзді үзді. Олар бітімге осы күні қол қоюға тиіс болатын.

Ал жалпы, тайпалар мекендейтін өлкелерде Талибан қозғалысының әлі де қалған жайы Пәкістанның өз ішінде және шет елдерде де үнемі сөз болып келеді. Ресми түрде “тайпалардың аймағы” деген атауымен белгілі бұл өлкелер Исламабадтың заңдық құзырына қарамайды және Пәкістан мемлекеті құрылған 1947-нші жылдан бастап олардың автономиялық мәртебесі бар. Бірақ Пәкістан армиясының таяудағы әскери операциясы ол өңірді “оятып”, ондағы толқулар енді үкіметті алаңдатып отыр. Кейбір саяси сарапшының айтуына қарағанда, тайпалардың жасақтары өздерінің егемендігін осылай қорғайды. Бірақ, өзге сарапшылардың пікірінше, тайпалар мекендейтін аймақтар ауғандар мен арабтарды, чешендер мен өзбектерді қоса алғанда, әсіре исламшылдардың “ордасына” айналды. Пәкістандық журналист әрі “Талибан” атты кітаптың авторы Ахмед Рашидтің есептеуінше, Талибан қозғалысының лидерлері Ауғанстанға қарсы шабуылдарын жоспарлау үшін Пәкістанды “қауіпсіздік аймағы” ретінде пайдаланады. “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Ахмед Рашид АҚШ билігі осы проблемаға назар аударуға тиіс деп атап көрсетті.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG