Accessibility links

Баспасөзге шолу. 11.09.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөз беттерінде, Қазақстандағы демократияның даму деңгейі туралы мәселе көтеріліпті. Сондай-ақ, бірқатар басылымдарда латын ғарпіне көшудің артықшылықтары мен кемшіліктері жайында мақалалар жарияланған.

«Жас алаш» басылымы, Қазақстандағы қазіргі демократиялық даму деңгейін, тоқырау деп бағалап, оның бірнеше себептерін көрсетіпті. «Бұл дағдарыс тек демократиялық күштердің кінәсінен емес, керісінше, демокартияға қоғамды дамытушы құндылық ретінде қарай алмаған, барды бағалай алмаған өкіметтің кінәсінен болғаны рас». Ал тағы бір себебі, «пісіп-жетілмеген Қазақстан қоғамына классикалық үлгідегі қоғамдық-саяси жүйені көшіріп әкеп, орната салғысы келген», оппозицияның әлсіздігі. Сондай-ақ, «демократияның тоқырауына соңғы бір жылдың көлемінде екі бірдей саяси тұлғаның өлтірілуі үлкен әсер еткені рас деп жазады», - «Жас алаш» газеті.

«Түркістан» басылымына сұхбат берген, «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосов, биліктің өзі демократиялық өзгерістерден қашып отырғанын айтады. «Билік саяси реформалар жөнінде ештеңе жасаған жоқ. Биыл, келесі жылы бастаймыз деп әлі созбаққа салып келеді. Президент, осы жылы желтоқсан айында Демократиялық реформалар жөніндегі Ұлттық комиссияда Жалпыұлттық реформа бағдарламасын қарастырамын, жарлық қабылдаймын деп мәлімдеді. Бірақ, оппозиция одан үлкен нәрсені күтіп те отырған жоқ», - дейді Ораз Жандосов «Түркістан» апталығына берген сұхбатында.

«Свобода слова» газетінің дерегінше, посткеңестік елдерде авторитарлы биліктің уақыты өтіп бара жатыр. Сондықтан, Қазақстанда да өкімет бұл процессті барынша бақылауға алуға тырысуда деп жазады басылым. Яғни, президенттің өкілеттілігін азайтып, парламенттің құзырын кеңейтіп, оған елдегі ең ірі «Отан» партиясы мүшелерінің көптеп сайлануына жағдай жасалады. Сөйтіп билік бәрібір қазіргі өкіметтің қолында қалады. Бұған қоса, «Дариға Назарбаева «Отан» партиясы әлі 50 жыл билік ететін болады деп мәлімдеген еді. Қазақстандағы назарбаевтық-демократия міне осындай», - деп жазады «Свобода слова» газеті.

Ал, «Известия Казахстан» басылымы құрылғанына 7 жыл болған «Отан» партиясын Қазақстандағы ең ірі саяси күшке балайды. Басылым дерегінше, Парламент мәжілісіндегі 77 орынның 53-іне, сенаттағы 39 орынның – 29-ына ие партияны, Қазақстан халқының басым көпшілігі қолдайды. Ал, «Асар» партиясының билік партиясымен бірігуі бұл елдегі партиялық жүйенің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетіп отыр. Сондай-ақ, бұл «Отанның» жалпыұлттық партияға айналғанының белгісі, - деп жазады «Известия Казахстан»

«Ана тілі» апталығы кириллица да латын әліпбиі де қазақ үшін қол емес деп жазады. Себебі, «Түп бастауын ежелгі грек жазуынан алатын кириллица мен латыншаның қайсысына көшсек те, біз түптің түбінде ислам мәдениетінен алшақтап кетеміз. Ал бұл халықтың діні мен жан дүниясы өзгереді деген сөз. Сондай-ақ, Қазақстанның көрші Ресеймен араздасуына болмайды және де латынға көшуімізге мүдделі Түркиядан да қол үзбеген дұрыс. Сондықтан латынға да көшпей, криллицада қалып қоймай, араб жазуына көшу қажет», - деп жазады «Ана тілі» газеті.

«Түркістан» газетіне сұхбат берген Парламент депутаты Бекболат Тілеухан, латын әрпіне көшу – орыс экспансиясынан құтылудың, орыс үстемділігінен арылудың бірден бір жолы дейді. Сондай-ақ, депутаттың пікірінше, латыншаға көшу арқылы қазақтың фонетикалық заңдылығына қайшы келетін дыбыстардан құтылуға болады. Мұнымен қатар, «түркі дүниесінің 90 пайызы латын әрпіне көшті», - дейді Бекболат Тілеухан «Түркістан» газетіне берегн сұхбатында.

Латын әрпіне көшуге байланысты, «Время» апталығы бір-біріне қарама қайшы екі пікір жариялапты. Басылымға сұхбат берген ресейлік аудармашы, бірнеше рет Алматы мен Астанада тіл үйрету курстарын жүргізген,Дмитрий Петров, «Тілді толығымен жойғылары келсе - бұл өте тиімді әдіс», - дейді. Ал газетке пікірін білдірген лингвист Ерболат Еркебұлановтың айтуынша, «латын ғарпіне көшу, орыс тілді өзге ұлт өкілдері үшін қиындық туғызуы мүмкін. Тіпті көптеген орыс тілді қазақстандықтар, латыншаға ауысқаннан кейін, қазақ тілінің ықпалы өсіп, орыс тілі тұншығып қалады деп те қауіптенуі мүмкін», - дейді Ерболат Еркебұланов «Время» басылымына берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG