Accessibility links

Бизнес жаңалықтары: бұрынғы босқын Лондонда тиімді компьютер бизнесін ашты; темекі шегушілердің з әуе компаниясы бола ма?


Босқындар мен Ұлы Британияға баспана іздеп келгендерді жергілікті баспасөз онша аямайды. Олардың жергілікті экономикаға қосқан үлесі туралы көп айтылмайды, көбіне керісінше олардың “салық төлеушілерге ауыртпалық түсіргенін” сөз етеді. “Азаттық” Радиосының тілшісі Лондонда арнайы сыйлықпен марапатталған компьютер бизнесін жолға қойған бұрынғы босниялық босқынмен әңгімелесті.

Бұрынғы Югославиядан Ұлы Британияға алғаш рет аяқ басқанында Петер Падух (Peter Paduh) 15 жаста еді. Оның айтуынша, сол кезде қалтасында 30 неміс маркасы болған және соншама ғана ағылшын сөзін білетін.

П.ПАДУХ: “Мен мұнда не істерімді білмей келдім, бірақ мен бір нәрсені анық білдім – менің тиімді бизнесім болса екен дедім. Іс жүзінде мен алғашқы кәсібімді бұрынғы Югославиядағы достарым мен шағын кәсіпкерлерге 64 Коммодор компьютері мен компьютер бағдарламасын сатқан 12 жасымда істедім. Ол істен мен достарымның көбісінде болып көрмеген тиын-тебен таптым. Мен мұнда не істерімді білмедім, мұнда оңай болған жоқ, бұл мен үшін қиын сапар болды. Мен қол қусырып отырмай, ағылшын тілін үйрендім, мектепте және университетте оқыдым, бірнеше жұмыс орнында еңбек еттім, бірнеше фирмада жұмыс істеп көрдім; ақыр аяғында осыдан 3 жыл бұрын ашқан бизнесіме қол жеткіздім де, оным шынында да өте сәтті болды”.

Ұлы Британияда Еуропа Одағының ескірген электрондық жабдықтар туралы жаңа ережесі күшінде болды. Оған сәйкес, ескірген немесе істен шыққан электрондық жабдықтар қоршаған ортаға зиян тигізбес үшін фирмалар мен кәсіпорындар оларды қайта өңдеуге немесе залалсыздандыруға міндетті болатын. Британдық компаниялардың көпшілігі электрондық жабдықтарды қайта өңдеумен шұғылданбайтынын байқаған Петер Падух өзінің нарықтағы орнынан таба білді. Падухтың комммерциялық емес Maxitech компаниясына кіріп көріңіз. Лондонда орналасқан бұл фирма ескірген компьютерлерді қайта жаңартады. Бұл кәсіптің әлеуметтік тиімділігі бар. Өйткені Maxitech фирмасы жұмыссыздарды ақпараттық технологияларға оқытады.

П.ПАДУХ: “Біз ірі фирмалар мен қоғамдық саладағы кәсіпорындардан ескі де істен шыққан компьютерлерін жинап аламыз да, оларды кедейлер мен жұмыссыздардың және босқындардың ақпараттық технологияға үйренетін жаңа мүмкіндігі мен ресурстарына айналдырамыз. Сонымен қатар олар бізге тиімді бизнес жүргізуге мүмкіндік береді. Өйткені, біз ескі компьютерлерді қайта жетілдіріп, оларды мысалға жаңа компьютерлерді сатып ала алмайтын кіші-гірім компаниялардың қолдануына бере аламыз. Бірақ олар жетілдірілген компьютерлерді сатып ала алады”.

Осы күні 29-ға келген П.Падух енді 8 сағат еңбектенетін 14 адам мен жарты жұмыс күні істейтін 2 жұмыс күшін ұстайды. Ол талай сыйлықпен, оның ішінде өткен жылы Лондонның жас кәсіпкері сыйлығымен марапатталды. Петер Падух тиімді ғана емес, сондай-ақ экологиялық және әлеуметтік жағынан пайдалы осы кәсібін мақтан етеді. Өзінің осындай кәсіппен айналысуына мүмкіндік берген британ елі мен қоғамға ол дән ризалығын жасырмайды.

Темекі шегушілердің әуе компаниясы бола ма? Ондай компания табысты бола ма?

Темекі тартпайтындардың көпшілігін қуанышқа бөлеп, керісінше темекі шегушілерді қолайсыз жағдайға қалдырып, бүкіл дүние жүзінің жолаушы тасымалдайтын әуе компаниялары өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары ұшақ ішінде темекі шегуге тыйым салды. Енді бір неміс кәсіпкері осы саладан табыс көзін тапты. Ол әуеге самғап, жерге қайта қонғанша темекі шегуге болатын әуе компаниясын ашып жатыр.

Александр Шоппманн (Alexander Schoppmann) ұзақ сапарға шыққан сәттерінде бастан кешкен қолайсыздықтарынан кейін өзінің ойына темекі шегушілер үшін халықаралық әуе қатынасын ашу идеясы келгенін айтады.

А.ШОППМАНН: “Осыдан 2 ай бұрын мен біраз тұмаулатып, тамағым ауырды да, мен 6 күн темекі тартуды қойдым және мен оған тіпті қиналмадым. Бірақ 10 мың еуро төлеп қызмет көрсететін кейбір жерде темекі шеге алмағаным мені қиналтады”.

Бұрын биржа маклері болған А.Шоппманн авиацияның жаңа саласын ашқысы келетінін айтады. Мысалға, ұшақ ішінде Куба сигаралары, қара уылдырық, сұлу да көздің жауын алатын стюардессалар қызмет ететін және әрбір орынның күл салғышы бар әуе қызметін ашқысы келеді. Егер осы жоспары ойдағыдай іске асатын болса, “Сминтэйр” (Smintair) әуе компаниясы Дюссельдорфтан Токиоға және Шанхайға қатынау үшін келесі жылдың қазан айында күн сайын әуеге көтерілетін болады. Бірақ мұндай сапар 12 мың доллар тұрады және ұшақ тек бизнес- және бірінші классты қызмет көрсететін болады. Бағасының тым қымбат болуына қарамастан, А.Шоппманның айтуынша, ондай қызметке деген сұраныс күрт өсіп барады.

А.ШОППМАНН: “Сіз біздің барлық құрлықтан алып жатқан электрондық хаттарымызды көруге тиіссіз. Жұрт соншылақты бақытты, жұрт тіпті бізге: “Менің Дюссельдорфта істейтін ешқандай ісім жоқ, Токиода немесе Шанхайда істейтін ешбір шаруам жоқ, бірақ “Сминтэйр” ұшағымен ұша алатыныма көз жеткізгім келеді” деп жазады. Сіз осыны көзге елестете аласыз ба?! Біз алдын-ала көп тапсырыс алдық, қазірдің өзін де алғышқы 4, не 5 рейске билет сатылып қойды”.

“Сминтэйр” әуе компаниясы үздік сапалы “Боинг-747” лайнерін жалға алмақшы. Алайда аэробустарды жалға беру кейінге қалдырылып, қазір А.Шоппманның бірде-бір ұшағы жоқ. Кейбір сарапшы “Сминтэйр” компаниясының табысты болатынына күдікпен қарайтынын жасырмайды. Бірақ А.Шоппманның өзі бірінші жылы-ақ табысқа кенелетінін мәлімдейді және соның арқасында “Сминтэйр” компаниясының жаңа бағыттарын ашуды да ойластырады. Егер оның осы жоспары жүзеге аса қойса, әуеде темекі тартуды қалайтындар қайта пайда болады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG