Accessibility links

Тәжікстан үкіметі ұлты тәжік азаматтарды батыстағы шекара аймағына тартуда


Тәжікстан үкіметі елдің басытында жаңа ауыл-шаруашылық қожалықтарын құру үшін алғашқы 1 мыңдай отбасын өз ықтиярымен көшіруге кірісті. Бұл шара Тәжікстанның шамамен 7 млн. халқын ойға қалдыруға тиіс. Тәуелсіз бақылаушылардың айтуынша, қоныс аударып жатқандардың барлығы дерлік бірыңғай тәжіктер көрінеді және олар негізінен өзбектер басым тұратын өңірге қоныстанады. “Азаттық” Радиосының тілшісі осы “қоныс аудару” шарасының астарында қандай сыр жатқанын анықтамақ болып көрді.

Бұл шара бірден бұрынғы совет лидері Никита Хрущевтің өткен ғасырдың 50-60-ыншы жылдарындағы Қазақстанның “Тың жерлерін игеру” жоспарын еске түсіреді. Тәжік үкіметі елдің орталығындағы Хатлон облысының тұрғындарына батысқа қоныс аударып, тың жерлерді игеруді ұсынып отыр. “Көшемін” деген отбасыларының жаңа қонысқа орналасуына көмек есебінде үкімет 500 доллардай қаражат береді. Бұл ақша – Тәжікстанда көлемі айтарлықтай 1 жылдық жалақыға тең. Тәжікстанның еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрінің 1-інші орынбасары Сумагүл Тағоева “Азаттық” Радиосына бұл жоспарды былай деп сипаттап берді.

С.ТАҒОЕВА: “2006-ншы жылдың 31-інші қаңтарындағы тәжік үкіметінің Қаулысына сәйкес, Хатлон облысының түрлі қаласы мен ауданынан Турсунзадеге 1 мың отбасын көшіруге, оларға қажетті жағдай жасау үшін түрлі министрлік өз жағынан жергілікті әкімшілікпен қоян-қолтық іс атқарып жатыр. Әрбір отбасы 1.5 мың сомони алады және бұл ақша көшуге кіріскен алғашқы адамдарға берілді”.

Осы аптада Турсунзадеге қарай 60-қа жуық отбасы көше бастады. Үкімет өкілдері желтоқсанның соңына қарай барлық 1 мың отбасын көшіріп үлгеруге үміттенеді. Барлығының да ауыл-шаруашылығында еңбек етуі екіталай. Өзбекстан шекарасына жақын орналасқан Турсунзаде қаласы – Тәжікстанның өнеркәсібі бар санаулы өңірінің бірі. Совет дәуірінің 70-інші жылдарында ол өңірде Орта Азиядағы ең ірі алюминий қорыту зауыты бой көтерді. Турсунзаденің алюминий зауыты – Тәжікстанның экспорттық өнім беретін жетекші кәсіпорындарының бірі. 1992-1997-нші жылдардағы азамат соғысы кезінде және одан кейін де қылмыстық топтар осындай табысты зауытты өзінің бақылауына алу үшін өзара арпалысты және қаладағы қантөгіс “үйреншікті” құбылысқа айналды.

Ол топтардың көпшілігі өзбектерден тұратын. Өйткені, Турсунзаде облысында өзбектер басым. Тәжікстанның саяси сарапшысы Шокирджон Хакимовтің пікірінше, тәжік үкіметінің осы облысқа бірыңғай тәжіктерді қоныстандыруға ұмтылуының бір себебі – ондағы демографиялық ахуалдың тұрақсыздығы.

Ш.ХАКИМОВ: “Бұл – халықты көшіру арқылы бір облыстан екіншісіне қоныстану салтын қайта жаңғыртуды көздеген ойдан шығарылған шара. Әрине, оның мақсаты анық. Турсунзаде облысындағы халықтың шамамен 80 пайызы - өзбектер және облыс Өзбекстан Республикасымен шекаралас. Осылайша билік өзбек шекарасының аумағына тәжіктерді көбірек қоныстандырмақшы”.

Аяқ астынан мыңдаған халықтың көшіп келуі шамамен 70 мың тұрғыны бар Турсунзаде облысында көзден таса қалмайды. Ш.Хакимовтың пікірінше, тәжік үкіметі елдің оңтүстік-батысындағы - өзбек шекарасына жақын және негізінен тәжіктер мекендейтін Хиссар жазығының тұрғындарын көшірсе дұрыс болар еді. Өйткені, деп мәлімдейді саяси сарапшы, ол тәжіктердің өзбектермен көрші тұрған бай тәжірибесі бар.

Ш.ХАКИМОВ: “Егер билік Хиссар, Шари-Нау және Қаратағ аудандарының тұрғындарын көшірсе, дұрыс болар еді. Өйткені олар осы облыстың салт-дәстүрін жақсы біледі. Бұл жол ешқандай проблема туғызбайды. Өйткені олар бір-бірін жақсы түсінеді”.

Бұл Тәжікстандағы бірінші жаппай қоныс аудару емес. Совет Одағы дәуірінде таулы орталық және шығыс аймақтардың тұрғындары, негізінен, мақта өсіру үшін, Тәжікстанның батысы мен оңтүстік-батысындағы ауыл-шаруашылығы аудандарына күштеп көшірілді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі азамат соғысы жылдарында көшіп келген отбасылардың көпшілігі кіндік қаны тамған мекендеріне қайтып оралды – бір бөлігі өз еркімен қайтса, қалған бөлігін – байырғы тұрғындары ығыстырып қуды.

Хатлон облысынан осы аптада көшкендер бірі - Фарход Латипов өзінің әйелі мен бала-шағасын 150 шақырым жердегі жаңа қонысқа өз ықтиярымен көшіріп жатқанын мәлімдеді.

Ф.ЛАТИПОВ: “Біз өз ықтиярымызбен көшіп жатырмыз. Үлкен топ еркін көшіп барады. Менің өзім – инженермін”.

Тәжікстан - өзінің өзге ұлт өкілдері басым тұратын шекара аудандарынның қауіпсіздігін нығайту саясатын жүргізіп отырған Орта Азияның бірінші мемлекеті емес. Түркіменстан өзбек шекарасына жақын аудандарындағы өзбектерді және Қазақстан шекарасына жақын өңірде тұратын қазақтарды күштеп қоныс аударды.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG