Accessibility links

Еуропа Одағы Беларус халқына сөз салып отыр


Еуропа Одағы кеше Беларусқа тағы бір жол қайырылып, "Көрші елдер саясатына" қосылуға шақырды. Еуропа Одағының сыртқы қатынастар үйлестірушісі Бенита Ферреро-Валднер Беларус үкіметіне бағдарлама жайында құжат тапсырдық, саясаттың ұтымды тұстарының тұжырымдамасын табыс еттік деп жариялады. Дегенмен, Беларусқа шарт қойылды, ұсыныс пайдасын көру үшін Беларустың демократиялық реформаны бастау қажет екені айтылды.

Еуропа Одағы мұндай ұсыныстарды, мәселен, Украина мен Молдоваға жасаған. Мұнда – даму жобаларына көмек көрсетуге уәде айтылады, Еуропа Одағы мемлекеттеріне оңайырақ жол жүру мүмкіншілігі айтылады, қоғамдық институттарды құруға атсалысу айтылады.

Еуропа Одағының өкілдері Беларус президенті Александр Лукашенко авторитарлық саясатын өзгерте қояды деп үміт артпайды. Еуропа Одағының сыртқы қатынастар үйлестірушісі Бенита Ферреро-Валднер жолдауымызды Беларус үкіметінен көрі Беларус халқына бағыттап отырмыз дейді:

- Біз Беларус халқына сөз салып отырмыз. Бұл маңызды шаруа – біз Беларус халқына үндеу жолдап отырмыз, Беларуста жағдай өзгерсе қандай ұсыныс бере алатындарымызды айтып отырмыз.

Беларус үкіметінен тыс ұсыныстар тізімі Беларустың бейүкіметтік ұйымдарына да берілмек, баспасөз құралдарына да берілмек.

Еуропа Одағы "Еуропа көрші елдер саясатына" қосылу үшін Беларус бір қатар демократиялық реформаны іске асырсын дейді. Нақты айтқанда Беларустағы сайлаулар еркін және әділ сайлау болу керек, Беларус үкіметі сөз бостандығы, дін бостандығы, азаматтық қоғам құқықтарын қамту керек, ұлттық азшылықтардың құқықтарын және бостандықтарын қамту керек, кәсіпкерлерге кедергі жасамау керек, өлім жазасына тыйым салу керек деген шарттар қойылды.

Еуропа Одағының сыртқы қатынастар үйлестірушісі Бенита Ферреро-Валднер біз ешқандай үкіметке, не ешқандай тарапқа қолдау танытпаймыз, мемлекет жүйесі тек халық ынтасына тәуелді дейді. Бенита Ферреро-Валднер бұл жерде Украина мысалын алға тартады:

- Біз ешқашан жеке бір тарапты, не болмаса жеке бір үкіметті қолдамаймыз. Мемлекетте жасап жатқан халықтың дайындығы жетсе демократияны таңдайтыны анық, заң тәртібі мен адам құқықтарын таңдайтыны анық деп деп әрқашан білеміз. Мұндай жағдайды Украинадан көріп отырмыз.

Украина болса бүгін демократиялық революцияның екі жылдығын атап жатыр. "Қызғылт-сары" революция деп тарихқа кірген Украинаның жаңару оқиғасы осыдан екі жыл бұрын 22 қарашада басталған. Украинаның бұрынғы авторитарлық президенті Леонид Кучманың орнына ресейшіл бас министр Виктор Янукович келмек болғанда халық көтеріліп, бұған жол бермеді. Халық толқуларынан соң Украина басшылығына демократ Виктор Ющенко сайланды, Украинада қазір демократиялық өзгерістер жасалып жатыр.
XS
SM
MD
LG