Accessibility links

Ресейлік сарапшы Ресей билігінің 78 пайызын қауіпсіздік қызметінің өкілдері құрайды деп бағалайды


Желтоқсанның 20-сы күні Ресей “Мемлекеттік қауіпсіздік агенттігі қызметкерлерінің күні” немесе бұрынғы “Чекистер күні” мерекесін тойлады. Соған байланысты “Азаттық” радиосының тілшісі Ресейдің Ғылым академиясындағы ресми билік өкілдерін зерттеу Орталығының директоры Ольга Криштановскаямен сұхбаттасқан болатын. О.Криштановская Ресейдегі қауіпсіздік қызметі мен қазіргі ресми билік өкілдерінің арасындағы тығыз байланысты зерттеп, оның қорытындысымен бөлісті.

“АЗАТТЫҚ”: - Сіздің таяуда жарыққа шыққан ізденісіңіз көрсетіп бергендей, Ресей қарулы күштерінің немесе қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкерлері Ресейдің қазіргі билігі өкілдерінің 78 пайызын құрайды. Осы зерттеуіңізді қалай жүргізгеніңізді бізге сипаттап берсеңіз?

KРИШТАНОВСКАЯ: - Қазір Ресей билігіндегі адамдардың 26 пайызы әскери мекемелерде, оның ішінде қауіпсіздік қызметінде жұмыс істеген. Ал 78 пайызға келетін болсақ - мен Ресей билігіне жататын барлық тұлғаның өмір баяндарын саралап шықтым – олардың бір бөлігі Совет дәуірінде КГБ-мен тығыз байланысы болған құрылымдарда қызмет істеген. Демек олардың да қауіпсіздік қызметінде қызмет істеуі мүмкін.

“АЗАТТЫҚ”: - Қарулы күштерге немесе қауіпсіздік қызметіне бұл тұлғалардың қатысы қанша және В.Путин билікке келгенше олардың ішінен кімдер жауапты лауазымдарда отырды?

KРИШТАНОВСКАЯ: - Билік құрылымдарында олардың қатары әлдеқайда көп сияқты. Бірақ, Совет дәуірінде мұндай зерттеулерді, белгілі себептермен, ешкім жүргізген жоқ. Сондықтан да салыстырып көру қиын. Мысалға, Л.И.Брежневтің тұсында погон таққандар Совет Одағы компартиясының Орталық Комитеті мүшелерінің 3.5 пайызын ғана құрайтын. Бұл, әрине, әлдеқайда төмен. Бірақ, тағы да қайталап айтамын, тиянақты зерттеу жүргізілген жоқ.

“АЗАТТЫҚ”: - Совет заманында ресми биліктің құрылымы қауіпсіздік проблемаларымен тығыз байланысып қалыптасты. Қарулы күштер мен қауіпсіздік қызметінің өкілдері тағы қандай саланы өздерінің қадағалауына алды?

КРИШТАНОВСКАЯ: - Бірақ, олардың басым көпшілігі қауіпсіздік саласында қызмет етті. “Брежнев дәуірінің” соңында жаңа тұлғалардың пайда болуы және В.Путиннің тұсында олардың қатарының нығаюы – қарулы күштер мен қауіпсіздік қызметі өкілдерінің оларға тән емес салаларға барғанын байқатады, жалпы алғанда – үкімет деңгейіндегі және мемлекетпен тығыз байланысы бар бизнеске, яғни саяси пен экономикаға барғанын аңғартады.

“АЗАТТЫҚ”: - Сізді өзіңіз жинаған мәліметтеріңіз таңқалдырды ма?

КРИШТАНОВСКАЯ: - Ия, бизнесте, мемлекеттің үлесі бар компаниялардағы директорлар кеңесінде қауіпсіздік қызметі өкілдерінің тым көп болғаны мені таң қалдырды. Мен үшін бұл күтпеген жайт болды.

“АЗАТТЫҚ”: - Ресейдің ұстанған саяси бағытына қатысты шешімдерді қабылдайтын тұлғаларға қауіпсіздік қызметі өкілдерінің ықпалы қанша?

KРИШТАНОВСКАЯ: - Қазіргі билік, президент В.Путин және негізінен қауіпсіздік өкілдерінен тұратын оның жақын маңайы – екіұшты ойға қалдырады: бір жағынан, жақсы да жағымды көп нәрсе іске асырылды – елде тұрақтылық бар және 90-ншы жылдардағы өміріне қарағанда халық қазіргі тұрмысына әлдеқайда риза. Бірақ, сонымен бірге, демократияның дамуы барысында проблема туып отыр. Бір жерде ол үдеріс жай ғана тоқтап тұрса, енді бір жерде ол процесс тіпті кейін шегінді... Ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да қауіпсіздік қызметі өкілдерінің ойлау жүйесі сыр бере бастады: саясат енді жау іздеуге құрылу үстінде – Ресейдің сыртқы саясаты жағымсыз жаққа қарай “қисайды”, кімдердің Ресейге дос екенін халық білмейді. Біз таяуда ғана сауалнама өткізген едік: жұрт үлкен құлшыныспен Ресейдің жауларын тізіп келтірді және ол тізімнің басында, әрине, Америка Құрама Штаттары тұр. Ал олардан: - Ресейдің достары кім? –деп сұрасаң, олар не айтарын білмей сасып қалады да, біраз ойланып-толғанып алған соң ғана, жалғыз елді - Беларуссияны атайды. Міне бұл сыртқы саясатты айқындайдың топтың ділімен тығыз байланысты.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG