Accessibility links

Дүниежүзілік Банктің айтуынша, мигранттар ТМД экономикасына мол үлес қосуда


Сейсенбі күні Брюссельде мигранттарға қатысты Дүниежүзілік Банк зерттеулері жарияланды. Дәлірек айтқанда, шетелде жұмыс істейтін бұрынғы Совет Одағы елдерінен шыққан мигранттардың өз мемлекеттеріне аударатын ақшасы ол елдердің экономикасына қандай дәрежеде әсер етеді деген мәселе көтеріліптіі. Зерттеу жұмыстарының авторлары бұл тұрғыда мигранттар көптеп баратын Еуропа Одағы мен Ресей елдерін өздеріне және ақша жіберілетін мемлекеттерге бұл жағдай тиімді болуы үшін иммиграцияға қатысты саясаттарын өзгертуге шақырып отыр.

Шетелде жұмыс істеп жүрген мигранттардың өз еліне жіберетін ақшасы Молдова ішкі жалпы өнімінің шамамен төрттен бірін құраса, ал Тәжікстан, Армения және Қырғызстан елдеріндегі ішкі жалпы өнімінің ол оннан бірін қүрайды екен.

Десе де миграцияға қатысты экономикалық талдау жұмыстарында мигранттардың өздері мен олар баратын елдердің проблемалары жайында айтылады, бірақ шетелден аударылатын ол ақшаның роліне аса үлкен мән беріле бермейді.

Алайда, Дүниежүзілік Банктің «Миграция және ақша аудару» деп аталатын зерттеуіне қарағанда, шетелде жұмыс істейтін мигранттар Шығыс Еуропа елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің онша дамымаған экономикасында маңызды роль атқарады.

Зерттеу жұмысының авторларының бірі Али Мансурдың айтуынша, аударылған ақша кейде тіпті бір елдің сыртқы саудасынан немесе оның дамуына бөлінген көмек-қаржыдан да асып кетеді екен.

«Мигранттар аударатын ақша көп елдер үшін сырттан келетін екінші маңызды қаржы бұлағы десе болады. Ал аймақтағы кедей елдер үшін ол өте маңызды», - деді Мансур.

Бұрынғы Совет Одағы мемлекеттерінің арасында Молдова, Тәжікстан және Армения 2004 жылы мигранттардың аударған ақшасына тәуелді болды делінген 20 елдің қатарына кірген.

Молдовада, экономикалық мигранттардың үйлеріне жіберген ақшасы елдің ішкі жалпы өнімінің 27 пайызын құрайды. Тәжікстан, Армения және Қырғызстанда бұл көрсеткіш 10 мен 15 пайыз аралығында болса, ал Грузияда ол ішкі жалпы өнімінің 10 проценттейіне жетіпті. Әзірбайжанда бұл пропорция 5 пайызды құраса, ал Беларусь пен мұнайға бай Қазақстанда аталған көрсеткіш одан да аз екен. Айта кету керек, Дүниежүзілік Банкпен ынтымақтаспайтын Түркіменстан мен Өзбекстанға байланысты осы мәселе туралы мәліметтер жоқ.

Жалпы мигранттар көптеп баратын елдерді екі аймақ ретінде қарастырса болады. Шығыс Еуропа елдерінен шыққан азаматтар Батыс Еуропаға аттанса, ал ТМД мемлекеттерінен шетелге шыққан мигранттардың шамамен 80 пайызы ТМД территориясында қалып, олардың көбі Ресейге бет алады. Дүниежүзілік Банктің есептеулеріне қарағанда, Еуропа Одағында 3 миллионнан аса заңсыз иммигрант болса, ал Ресейде олардың саны 3.5 миллионға жеткен.

Бұл баяндамаға сәйкес, 1990-шы жылдарда мигранттар саяси факторларға байланысты немесе дау-жанжалдарға орай басқа елдерге аттанған болса, ал қазір бұған экономикалық жағдай себеп болуда.

Сонымен қатар зерттеу жұмысында Армения, Грузия, Қазақстан және Тәжікстан халқының 15 пайызы шетелге қоныс аударған, олардың көбі «білімді адамдар мен жастар» делінеді. Дүниежүзілік Банк мамандарының болжамы бойынша, ТМД елдерінен шыққан мигранттардың саны әлі болашақта өседі. Сондықтан олар қабылдаушы елдерді өздеріне әрі ақша жіберілетін мемлекеттерге бұл жағдай тиімді болуы үшін иммиграцияға қатысты саясаттарын өзгертуге шақырып отыр.
XS
SM
MD
LG