Accessibility links

Ауғанстан: НАТО тәліптердің Гильмендтегі шабуылын тойтаруға тырысады


Ауғанстанның оңтүстігіндегі НАТО әскері тәліптер бастаған көтерілісшілердің көктемгі шабуылдарын әлсірету мақсатымен олардың күшін әбден титықтатуға тырысты. “Азаттық” радиосының тілшісі Ауғанстанның оңтүстігіндегі Гильменд өлкесінде сапарда болып, НАТО әскерінің басшылығымен тәліптердің тарапынан төнген қатердің “табиғаты” туралы және оларға қарсы тойтарыс беруге деген әзірліктің барысы жайында әңгімелескен болатын. Тілшіміз міне осы хабарын Ауғанстаннан жолдап отыр.

Күндіз ауа райы күрт жылынатын Гильменд өлкесіне - Ауғанстанның бірбеткей оңтүстік өңіріне - тәліптер бастаған көтерілісшілердің көктемгі шабуылдарының қатері жақындап қалды. Әрине, егер НАТО басқаратын ISAF немесе халықаралық қауіпсіздік күштері олардың жолына Кандагар мен Гильменд өлкелерінде бөгет қоя білсе, ондай қатердің болмауы да мүмкін. Халықаралық қауіпсіздік күштерінің өткен күздегі ауқымды операцияларынан кейін, осы көктемде Талибан қозғалысының ауқымды шабуылдарды іске асыра алатын қабылетініне НАТО-ның Кабул мен Кандагардағы ресми өкілдері күмән келтірді.

Халықаралық күштердің көтерілісшілерге қарсы Кандагар өлкесіндегі өткен қыркүйек айынан желтоқсанға дейін дерлік жалғасқан соғыс операцияларының нәтижесінде 1500-ден астам тәліптің көзі жойылған. Қауіп-қатерді күнде бастан кешіп жүрген ресми өкілдер мұндай хабармен келіседі. Бірақ, сонымен бірге, олар Ауғанстанның оңтүстік өңірлеріндегі жаудың көзге көрінбей, ахуалдың күрделі болып қалғанын да мойындайды. Солардың бірі - Гильменд өлкесінің әкімшілік орталығы – Лашкар Гаһта орналасқан халықаралық қауіпсіздік күштерінің аймақтық қайта құру командасының британдық басшылығының өкілі полковник Ян Хантли (Ian Huntley).

Я.ХАНТЛИ: “Біз атқарған іс - қыс бойы Талибанның есін жиғызбауға тиіс. Олардың титықтап қалған сыңайы байқалады. Менің ойымша, көктемге қарай олар етек-жеңін толық жинап үлгереді деп кесіп айту қиын. Олар тағы да бас көтереді деген сөз бар, менің жеке басым солай бола қояды деп ойламаймын”.

Полковник Хантли Ауғанстанның қантөгіс қатерінен ешқашан толық құтыла алмайтынын мойындайды. Бірақ оның пікірінше, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүзеге асырып, жергілікті халықтың арасындағы үнсіз қарсылықты әлсірету арқылы қантөгісті мейлінше азайтуға болады. Кандагарда орналасқан әуе базасындағы НАТО өкілінің атап көрсетуінше, Ауғанстанның оңтүстігінде тәліптер ең басты қауіп-қатерді негізгі автожолдарға төндіреді. Осы тасжолдарда НАТО-ның автокеруендеріне қарсы шабуылдар жиі ұйымдастырылып, талай атыс болып тұрады. Гильменд өлкесінің солтүстігіндегі Сангин жазығы, осы өлкенің әкімшілік орталығы болып табылатын Лашкар Гаһ елді-мекені, Кандагар қаласы, солтүстіктегі Забуль өлкесі, Кандагар өлкесіндегі Горак, Майванд, оңтүстіктегі Орузган өлкесі, сондай-ақ Пәкістан шекарасындағы Балдақ және Барам-Ча өткелдері - Ауғанстанның осындай “буынсыз” тұстарына жатады.

Соғыс ойшылдары тәліптердің Пәкістаннан Ауғанстанға қарай өтетін негізгі 2 бағытын көріп отыр. Олардың әрқайсысы Забуль мен Орузган өлкелерінің таулы алқаптарын айналып өтіп, Гильменд өлкесінің солтүстігіне қарай тартады. Өзге бағыттар Гильменд пен Кандагардың оңтүстігіндегі құмды даласын кесіп өтеді. НАТО-дағы ақпарат көзінің хабарлауынша, халықаралық қауіпсіздік күштері оңтүстіктегі әрбір облыс-өлкеге шамамен 1 мың жауынгерлік әскерін орналастыра алса, Ауғанстанның ұлттық армиясы да 1 мыңға жуық жауынгерін шоғырландыра алады.

Бірақ, НАТО-дағы ақпарат көзінің ескертуінше, тәліптер бастаған көтерілісшілердің соғыс тактикасы мен тәжірибесі барған сайын арта түскен. Гильмендтегі британ эскадронының басшысы Кевин Паркердің “Азаттық” радиосына мәлімдегеніндей, Талибан жасақтары өз шабуылдарының технологиясын барған сайын жетілдіріп келеді.
XS
SM
MD
LG