Accessibility links

Баспасөзге шолу. 02.28.2007 жыл


Сәрсенбі күні жарық көрген басылымдар ОБСЕ бақылаушыларының Қазақстан сотын темір торлардан арылуын ұсынғандығы туралы жазыпты. Сонымен қатар, газеттердің бірінде Алматыда қастандықпен өлтірілген француз журналистіне қатысты сот басталғандығы жазылса, тағы бір басылым президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің меншігіндегі телеарналар қандай жолмен келген деген сұраққа жауап іздепті.

Алтынбек Сәрсенбайұлының туған-туыстары мен жақын достары «Хабар» агенттігімен арадағы істі қайта қарауға күш салатындығын мәлімдегені туралы «Время» газетінде баяндалыпты. «Осыдан екі жыл бұрынғы істе Алтынбек Сәрсенбайұлының қорғаушысы болған Сергей Уткиннің айтуынша, заңдар жаңа мәліметтің пайда болуына байланысты істі қайта қарауды қарастырады» делінген мақалада. Президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев бұған дейін «Рейтер» агенттігіне берген сұхбатында өзінің әйелі Дариға Назарбаевамен бірге Қазақстандағы бірқатар ақпарат құралдарының меншік иесі екендігін айтқан болатын. «Рахат Әлиев сөз болып отырған телеарналарды 2006 жылдың желтоқсанында алғандығын мәлімдеді. Сонда Әлиев мырза мемлекеттік қызметте жүріп, жаңағы ақпарат құралдарының акцияларына қалайша қожалық еткен? Адвокат Сергей Уткиннің пікірінше, мемлекеттік қызметкерлер туралы заңның құйтырқы жерлері бар. Бір жағынан - мемлекеттік қызметкерлерге акцияны басқаруға тиым салынады. Ал екінші жағынан – мемлекеттік қызметкер өз меншігін басқа адамға басқаруға бере алады. Сонда, мемлекеттік шенеунік қызметке дейін де, қызмет барысында да өз акцияларының қожайыны болып тұр» депті адвокат Сергей Уткин «Время» газетіне берген сұхбатында.

Бұл уақытта Алматыда өткен жылы қастандықпен өлтірілген француз журналистіне қатысты сот басталғандығына «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайты мән беріпті. Мақала авторы Розлана Таукина былай деп жазады: «Француз журналисті Грегуар де Бург Қазақстанда 2006 жылдың мамыр айынан бері SML Strateging media халықаралық агенттігінің тапсырмасы бойынша экономикалық сипаттағы материалмен жұмыс істеген. Біз зерттеу барысында Сыртқы істер министрлігінің арнайы бөлімі Қазақстан жөнінде жарнама материалдарын жариялау үшін аталған агенттікке тапсырма бергендігін анықтадық. Грегуар де Бург өткен жылдың жазында өз еліне қайтардан бір күн бұрын Алматыда жалға алған пәтерінде өлтірілген болатын. Қылмыс орнын қарау кезінде, француз журналистінің материалдары арасында Қазақстандағы жоғарғы шенеуніктердің барлығының дерлік таныстық карточкалары табылған» делінген «ZONAKZ» тәуелсіз интернет сайтының мақаласында.

Ал «Аргументы и факты: Казахстан» газеті болса қазақстандық соттардың бірқатары ОБСЕ сарапшыларын сот отырыстарына кіргізбей қойғандығы туралы жазыпты. «Аталған ұйымның бақылаушылары республикадағы 730 ашық сот мәжілістеріне қатысқан. Алайда, олар небір кедергілерге кезігіп, тіпті 15 мәрте сот залына кіре алмай қайтқан» делінген мақалада. «Ал сот процесінің ашықтығы ОБСЕ-ге мүше мемлекеттердің басты құндылығы саналады. Қазақстанда мониторинг жүргізген кісілерге сот төрағасының сот отырысы кестесін үнемі бұзатындығын түсіну қиын болған. Сонымен қатар, олар үшін сот мәжілістерінің арнайы бөлмеде емес, сот алқаларының кабинеттерінде өткізіле беруі үлкен сұрақ болып тұр» деп жазды «Аргументы и факты: Казахстан» газеті.

Осы тақырып төңірегінде «Комсомольская правда: Казахстан» газеті былай деп жазыпты: «ОБСЕ бақылаушыларының пікірінше, Қазақстандағы сот істерінің 99 пайызы айыптаушылық сипатқа ие. Бір жыл бойы Қазақстандағы сот процестерін бақылаған олар республикадағы сот жүйесінің темір торлардан арылуын ұсынған. Алайда, Алматы қалалық сотының мүшесі Күлпәш Өтемісованың пікірінше, темір торларды алып тастау -сот үшін қауіпті болуы мүмкін. Алматыдағы ОБСЕ орталығы төрағасының орынбасары Бьерн Халварсон болса, темір торсыз сот әлемнің көптеген елдерінде сәтті қолданылып келе жатқанын алға тартып отыр» деп жазды «Аргументы и факты: Казахстан» газеті.

Ал «Литер» басылымы Қазақстанда діни ұйымдар және діни сенім бостандығы туралы заңға өзгерістер енгізілетіндігіне тоқталып өтіпті. «Аталған құжат 1992 жылы қабылданған болатын. Заңгер Мақсұт Нәрікбаевтың пікірінше, сөз болып отырған заңды уақыт талабы мен халықаралық стандарттарға сай өзгерту керек. Осы заң қабылданған кезде Қазақстанда 15 шақты дәстүрлі діни конфессиялар болған болса, қазіргі таңда олардың саны қырықтың қырқасына шыққан. Депутат Амалгелді Айталы дін бостандығы туралы заңда барлық сенімдерге ортақ ережелер болуы керек деп есептейді. Православ шіркеуінің өкілдері болса дін тақырыбын білім беру бағдарламасына қосу керек деген ұсыныс айтып отыр. Тараптардың дінге қатысты ұсыныстары қолданыстағы заңға өзгеріс енгізу кезінде ескерілетін болады» деп түйіндейді «Литер» газеті.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG