Accessibility links

Қырғызстанның экс-премьері Ф.Куловтың оппозициялық тобы толқу туғызып отыр


“Қырғызстанның жарқын болашағы” бірлескен майданы – Қырғызстанның саяси сахнасына шыққан жаңа оппозициялық құрылым болса да, ресми билік санасатындай саяси күш ретінде танылып үлгерді. Экс-премьер-министр Ф.Кулов бастаған “Біріккен майдан” ресми биліктің алдына көп талап-шарт қойды, оның ішінде тіпті президент сайлауын мезгілінен бұрын өткізуді талап етті. “Азаттық” Радиосының тілшісі осы жаңа оппозициялық қозғалыстың іс-қимылын бақылап көрген еді.

Феликс Кулов тағы да билік қатарынан кетіп, оппозиция шебіне өтті. Ол бастаған “Қырғызстанның жарқын болашағы үшін” оппозициялық біріккен майдан” қозғалысы осыдан 2 апта бұрынғы ғана құрылса да, қол қуысырып отырмай ресми билікті өткір сынға алды. Өткен сейсенбі күні Бішкекте жаңа қозғалыстың штабы салтанатты түрде ашылды. “Біріккен майдан” лидерлерінің бірі, мысалға – Ош облысының бұрынғы әкімі Әнуар Артықов “Азаттыққа” сұхбат берді.

Ә.АРТЫҚОВ: “Қырғыз үкіметі қазір Дүниежүзілік банктің “қарызы көп кедей елдер” немесе HIPC бағдарламасына қосылмау туралы ресми түрде шешім қабылдады. Бірақ, HIPC бағдарламасының идеясы қалып қойды. Сол бойынша біздің іс атқарып жатыр. Бұл не? Бұл - жер байлықтары, су, энергетика ресурстарымыз. Міне, соларды сатамын деген мәселе біздің биліктің ойында жүр. Сондықтан да менің айтарым: біздің билік осы саясатын 2010-ыншы жылға дейін жалғастыратын болса, Қырғызстан мемлекеттігін жоғалтады”.

Әнуар Артықов атап көрсеткендей, Дүниежүзілік банктің әлгі бағдарламасына Қырғызстанның қосылуына қалың ел қарсы болды. Ол халықтың намысына тиді. Өйткені, бағдарлама бойынша Қырғызстан, кешегі совет республикаларының арасынан бірінші болып, өзінің кедей екенін мойындап, өзінің қарыздарын өтеу үшін сыртқы көмекке мұқтаж болып отырғанын ашық мойындауға тиіс болатын. Бірақ өткен айда қырғыз үкіметі осы бағдарламаға кіру туралы ұсынысты қабылдамады. Қырғыз парламентінің бұрынғы төрағасы, “Қырғызстанды құтқару” патриоттық қозғалысының лидері әрі “Біріккен майданның” мүшесі Мұқтар Чолпонбаев жаңа қозғалыстың ең басты талаптарының бірін атады.

М.ЧОЛПОНБАЕВ: “Бүгін мәселелерде, негізінен, бұл қозғалыстың не атқаруы керек, қандай өзекті проблеманы көтеруге тиіс және оларды қалай іске асыруы керек және т.т. – міне осы мәселелерді талқылады. Ең бірінші мәселе – 30-ыншы желтоқсанда жаңа конституцияға қол қойылып, қабылданған соң, президенттің билік құзырының сайланған кезіндегіден де кеңейіп кетуіне байланысты, екіншіден – жаңа саяси талаптардың пайда болуына байланысты президент қайта сайлау өткізуге тиіс”.

Президент сайлауын мезгілінен бұрын өткізу – “Біріккен майданның” ең даулы талабының бірі. Президент Құрманбек Бәкиев - халықтың жаппай наразылығы нәтижесінде президент А.Ақаевтың биліктен құлауынан кейін, осыдан 2 жылға да жетпейтін уақыт бұрын сайланған болатын. Қ.Бәкиев пен Ф.Куловтың арасындағы келісімге сәйкес, Ф.Кулов президент сайлауында дауысқа түсуден бас тартты, бірақ оның есесіне Қ.Бәкиев сайлауда жеңіске жеткен соң, Ф.Куловты премьер-министрлікке ұсынды. Осы келісімнің нәтижесінде Бәкиев-Кулов “саяси жұбы” пайда болды.

Өткен жылдың желтоқсанында Ф.Кулов үкімет басынан кетті, бірақ көп ұзамай Қ.Бәкиев оны тағы да премьер-министрлікке ұсынды. Қырғыз парламенті оны 2 рет үкімет басына бекітпей қайтарып, Қ.Бәкиев оның орнына үкімет басына басқа тұлғаны ұсынды. Міне содан кейін Ф.Кулов өзіне қарсы дауыс беру үшін депутаттардың кейбіріне пара берілсе керек деген ойға қалды. 28-інші ақпан күні “Дело № ...” газетіне берген сұхбатында экс-премьер Кулов: “1-інші вице-премьер лауазымына отыру үшін Данияр Үсеновтің 300 мың доллар пара бергенін және оны Үсеновтің өзі президент Қ.Бәкиев пен Ф.Куловқа ашық айтқанын”, -мәлімдеді.

“Азаттыққа” берген сұхбатында Социал-демократиялық партияның лидері Алмас Атамбев Ф.Куловтың мұндай айыптауын Қырғызстан үшін “масқара” деп бағалады.

А.АТАМБАЕВ: “Негізі, мұндай әңгіменің болуы, әлбетте, Қырғызстан үшін ұят! Бұл Қырғызстанның абыройына зор нұқсан келтіреді. Мұның шын-өтірігін мен айта алмаймын. Әлбетте, бұл мәселені Ақ үйде отырғанында көтерсе, дұрыс болар еді де, мұндай мәселемен күрессе, босқа сөз етпей...”

Қырғызстанның бұрынғы сыртқы істер министрі, қазір оппозиция лидерлерінің бірі Роза Отынбаева да Қ.Бәкиевтің маңайындағы барлық шындықты толық ашып айтып бермей, Ф.Куловты қолдай алмайтынын мәлімдеді.

Р.ОТЫНБАЕВА: “Ф.Кулов оның бар сырын біледі: сонау баста Бәкиевтің командасы қалай бөліп алғанын, қайдан қанша пайда көргенін... Менің ойымша, мына Ф.Кулов елді сендіріп, бүгінгі биліктің “отбасылық” тәсілмен, жемқорлыққа арқа сүйеп билеймін” деп отырғанын елге ашық айтып беруге тиіс”.

“Біріккен майдан” қозғалысының қатарына Мэлс Эшимканов, Қуатбек Байболов сынды парламент депутаттарымен қатар, Жогорку Кеңештің бұрынғы спикері Өмірбек Текебаев та қосылды. 1999-ыншы жылы Ф.Кулов құрған “Ар-намыс” партиясы да келіп кірді. Қазір осы партияның лидері Эмиль Әлиев. Оның айтуынша, жаңа оппозициялық қозғалысты қолдайтындар көп, бірақ олар ресми биліктен жасқанады.

Э.ӘЛИЕВ: “Мұндағы көп кісі ашық қосыла алмайды. Себебі, билік жағынан қудалау басталды. Сондықтан қалған кісілердің аты-жөндерін көрсетуден бас тарттық. Мысалы, мемлекеттік теледидар мен радиоарналар және билікке жақын газеттер штабта жұмыс істеген адамдарды, Ф.Куловты жамандай бастады”.

Бұл – Ф.Куловтың биліктен кетіп, оппозицияға бірінші рет өсуі емес. 1999-ыншы жылы Ф.Кулов Бішкек әкімі қызметінен кетіп, “Ар-намыс” партиясын құрды. Бір көп ұзамай оған үкімет басында отырған кезінде “қызмет бабын асыра пайдаланды” деген айып тағылып, президент А.Ақаев биліктен қуылған 2005-інші жылдың наурыз айына дейін түрмеде отырды. Сол кезде ол түрмеден дереу босатылып, толық ақталып шықты. Өткен қараша айында парламент депутаты Дооронбек Садырбаев Бас прокурордан Ф.Куловқа қарсы қайтадан қылмыстық іс қозғауды талап етті.

AzattyqTV

АҚШ-ты көру арманы

Ағылшын тілін 72 жаста оқу

XS
SM
MD
LG