Accessibility links

Мәскеу Иранға ядролық отын беруін доғарды


Өткен дүйсенбі күні Ресей шенеунектері Иранның Бушеріндегі өзі тұрғызып жатқан атом-электр стансасына Теһранның ақша төлеуден бас тартуына байланысты, алдын-ала жоспарланғандай, осы айда Иранға ядролық отын сатуын уақытша тоқтататынын мәлімдеді. Ресейдің баспасөз құралдарының хабарлауынша, сонымен қатар уран шикізатын байыту жұмыстарын доғару жөніндегі халықаралық қоғамның талабын Теһранның орындаудан бас тартуы да ресми Мәскеудің ызасын туғызып отыр. Бірақ, Мәскеу одан да басқа қадамға бара ма?

Иранның Бушерінде осы елдегі ең бірінші атом-электр стансасын салып жатқан Ресейдің мемлекет меншігіне жататын “АтомСтройЭкспорт” компаниясы өткен дүйсенбі күні атом стансасын іске қосу жоспар бойынша қыркүйек айынан кешіктірілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар, аталмыш компанияның атап көрсетуінше, келісім-шарт бойынша Бушер атом-электр стансасына қажетті уран отыны осы айда Иранға берілмейді. Өйткені, Иран Бушердегі құрылыстың ақшасын қаңтар айынан бері төлемей келеді. Алайда, өз жағынан ресми Теһран Ресейдің тағып отырған мұндай айыбын мойындамай, құны 1 млрд. доллар болатын келісім-шарт бойынша өзінің барлық міндеттемесін орындап, қаржыны түгел төлегенін мәлімдеді.

Иран шенеунектерінің пікірінше, ресми Мәскеу Теһранның ядролық бағдарламасына қарсы табанды саясат ұстануды талап еткен халықаралық қауымдастықтың қысымына көніп, Бушердегі атом-стансасының мәселесін “саясаттандырып” отыр. Батыс елдері ядролық қару жасап алуды көздеген Иран өзінің ядролық бағдарламасын бүркемеленіп отыр деп күдіктенеді.

Ресейдегі беделді әскери сарапшы Александр Гольцтің пікірінше, Иранды ядролық бағдарламасының төңірегіндегі дағдарысты шешудің балама жолдарын қарастыруға көндірмек болған Ресейдің уәжі қалмады.

А.ГОЛЬЦ: “Иранды қандайда бір жаңа үлгіні алуға көндірмек болған әрекеттен ештеңе шықпады. Соның салдарынан Ресей ядролық қаруды таратпау жөніндегі Келісімді бұзуға әзір тұрған елді қорғаған мемлекеттің жағдайына тап болды. Бұл, әрине, Ресейдің халықаралық абырой-беделін көтере қоймайды”.

Ресей - Америка Құрама Штаттарына қарсы саясат ұстанып, Иранның Бушерінде атом-электрт стансасын салып жатыр, Иранға қару-жарақ сатады және уран шикізатын байыту жұмыстарын доғарудан бас тартқаны үшін БҰҰ-ның оған қарсы қатаң жаза қолдану жөніндегі Қарарын “жеңілдетті”. Ресми Теһранның БҰҰ-ымен және атом қуаты бойынша халықаралық МАГАТЭ агенттігімен арада әріптестікке барудан үзілді-кесілді жалтаруы және оның қырсықтығы барған сайын Мәскеудің ашу-ызасын қоздыра бастағанын аңғартады.

Ресми Мәскеудің Бушердегі атом-электр стансасының құрылысын уақытша тоқтатуын саяси сарапшылардың көпшілігі осылай деп қабылдап отыр.

“АтомСтройЭкспорт” компаниясының атом-электр стансасын іске қосуды кейінге қалдыруының алдында - өткен аптада Иранның атом қуаты бойынша агенттігімен өткен Мәскеуде келіссөз өткізілді. Осы дүйсенбі күні Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі саяси дағдарысқа берген түсініктемесінде Ресейдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Михаил Камынин Мәскеудің “ядролық қарудың таралмауын қамтамасыз ету мәселесіне” ден қоятынын атап көрсетті. Сонымен қатар осы дүйсенбіде Ресейдің ақпарат агенттікері “бұдан была

й Ресей Иранды қолдаудан бас тартуы мүмкін” деп ескерткен белгісіз бір ресми өкілдің сөзін келтірді.

Ол өкілдің сөзіне қарағанда, Иран өзіне деген Ресейдің жылы қарым-қатынасын тым шексіз пайдаланып, оның халықаралық абырой-беделіне қара дақ түсірді.

АҚШ-та құрылған ақпаратты қорғау Орталығының Мәскеудегі өкілдігінің басшысы Иван Сафранчуктің пікірінше, Ресейдің Бушердегі құрылыс жұмыстарын тоқтатудың уақытын таңдауы кездейсоқтық. Егер, деп есептейді Сафранчук, Иранға уран отынын сатуды жалғастыра беретін болса, онысы Батыстың наразылығын туғызатынын Ресей жақсы біледі.

И.САФРАНЧУК: “Иранның МАГАТЭ агенттігімен толық әріптестікке барғаны Ресей үшін өте маңызды. Егер Иран МАГАТЭ-нің адал мүшесі болмаса, Ресей онымен ынтымақтаса алмайды. Сол себепті де, Иранның МАГАТЭ құрамынан шығу қатері әлі сақталып тұрса, ал Иран одан шығуы мүмкін екенін талай рет мәлімдеген болатын, онда әрине Ресей оған уран отынын бере алмайды. Бірақ бұл Ресей Иранға қарсы жаза қолдану туралы барлық ұсынысты бірден қолдап шығады дегенді білдірмейді”.

Ресейдің Бушердегі атом-электр стансасының құрылысын уақытша тоқтатынын жариялауының ізінше, кеше БҰҰ-ының Қауіпсіздік Кеңесіне мүше 15 мемлекеттің өкілдері Иранға қарсы қосымша жаза қолдануды қарастыратын жаңа Қарардың жобасы бойынша кеңесін бастауға тиіс болатын.

Ресейдің қолдауынан айырылатын болса, Теһран өзінің жападан-жалғыз қалатынын сезген тәрізді. Сейсенбі күні Иран өзінің ядролық бағдарламасы тек бейбіт мақсатта іске асырылып жатқанына кепілдік бере алатынын мәлімдеді. Ол туралы Иранның сыртқы істер министрі Манучер Моттақи хабарлады.

Қарусыздану тақырыбы бойынша Женевада өтіп жатқан конференцияда сөйлеген сөзінде М.Моттақи:

“Егер өзінің ядролық бағдарламасы туралы мәселе БҰҰ-ы Қауіпсіздік Кеңесінің талқысынан алынатын болса, Теһран осындай қадамға баруға әзір”, -деп мәлімдеді.

Бірақ нақты қандай кепілдік берілетінін Иран сыртқы істер министрі атамады.
XS
SM
MD
LG