Accessibility links

Қырғызстанда өтіп жатқан ереуіл елдің саяси бостандығы өскенін көрсетті


Қырғызстанда 2005 жылы наурызда болған демократиялық революциядан соң елдің бірқатар үміті ақталмады. Қазақстан үкіметі "қызғылт-сары" революция Қазақстанда жалғасын табады деп қатты қорыққан. Сондықтан да Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та, Қазақстан үгіт-нәсихат құралдары да революция жасаудың қажеті жоқ, Қырғызстанға революция тыныштық пен тоқшылық әкелген жоқ деп айтып жатыр. Дегенмен, Қырғызстанда орын алып жатқан ереуілдің мәні қандай?

Қырғызстан оппозициясы президент Құрманбек Бақиев қызметінен кетсін, ол уәделерін орындаған жоқ, президент сайлауы мерзімінен бұрын өтсін деп көшеге мыңдаған адамды алып шықты. Конституциялық реформа жасалсын деген талап та бар. Наурыз революциясы жасалғалы бері Қырғызстанда халық көшеге қайтадан жиі шығатын болды. Қырғыз оппозициясының белсендісі Еділ Байсалов "Азаттық" радиосына берген сұхбатында революция нақты өзгеріс әкелген жоқ, кеңсе маңдайшалары өзгергенімен ел билеу тәсілі өзгерген жоқ, коррупция өсе түсті дейді. Бұрынғы мемлекеттік хатшы, қоғамдық қайраткер Ишенбай Абдыразақов көптеген мәселені ереуілсіз шешуге болатын еді, бірақ саясаткерлер келісім табуға құштар емес дейді.

"Азаттық" радиосына сараптама жасаған басқа талдаушылар да көше ереуілдің осы жолғы себебі – үкімет пен оппозицияның келісім таппағанында дейді. Лондонда орналасқан "Соғыс және бейбітшілік институты" ұйымының редакторы Джон Маклойд көше ереуілдері елде әдетке айналғанымен, көптеген нәрсені ереуілге жеткізбей шешуге болатын еді дейді:

- Наурыз революциясы мен осы революцияға әкелген ереуілдерден бері демонстрация мәдениеті күшейді. Жағдайды көшеге шығып өзгертуге болады, қатты қақтығысқа жол бермей өзгертуге болады деген түсінік тамыр жайды. Өкінішке қарай, бұл қазір де қайталанып отыр. Міне, бұқара қимылының мәні өсудің орнына кеміп жатыр.

Қырғызстан үкіметі пен оппозициясы келіссөзге емес, ереуілге жүгінуге құштар болып кеткенін радиомызға басқа сарапшы да айтып отыр. Бұл – Майкл Холл, ол "Халықыралық дағдарыс тобында" Орталық Азияға арналған жобаны басқарады:

- Өкінішке қарай, олар келіссөз жүргізуге әзірше ынта танытпай отыр. Дауды митинг жолымен шеше алмайсың. Қырғызстанда саяси пікірталасты шешу амалы ретінде олар көше ереуілдеріне көп жүгінетін болды.

Қырғызстанда болып жатқан ереуілдің осыдан екі жыл бұрын болған революциядан айырмашылығы неде? Осыдан екі жыл бұрын халық үкімет коррупциядан тазарсын, билік орындарынан қылмыс топтарының адамдары шығарылсын, конституциялық реформа жасалсын деп талап қылған. Сарапшы Джон Маклойд осы жолғы ереуіл негізінен Құрмабек Бақиев пен Феликс Құловтың билік үшін таласынан шығып отыр, мәселенің төркіні осында, бас министр болған Құлов оппозицияға шығып қалды, Бақиевті орнынан кетірмек дейді. Ондай болса мыңдаған адам не Бақиевтің ұрандарына, не Құловтың ұрандарына неге қосылып, неге екіге жарылып кетеді? Сарапшы Джон Маклойд Қырғызстан қарапайым адамдары күнделікті қиыншылықтарын басқаша білдіруге жол таппай қалды, оларды көшеге негізінен осы себеп алып шығады дейді:

- Нақты көріп отырған экономикалық қысымнан шыққан алаңдаушылықтарын білдіруге осы қарапайым адамдарға дәл қазір басқа жол қалмады. Оларға осы жүріп жатқан процестерге қатысудан басқа жол қалмады. Бақиев кетсін деп ұрандатып, олар экономика болашағы жақсы болсын деген тілектерін білдіреді, ресми мекемелерде коррупция азайсын деген нәрселерді ортаға сала алады.
XS
SM
MD
LG