Accessibility links

Каспийде қырылған итбалықтардың саны көбейіп отыр


Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі жағалауында өлген итбалықтардың саны күннен-күнге өсіп келеді. Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, 20-сәуірге дейінгі мерт болған итбалықтардың саны 546-ға жеткен. Итбалықтардың жаппай қырыла бастағанына 3 апта болғанымен, жауапты мекемелер бұл оқиғаның себебін әлі анықтай алмай отыр. Ал экологтар бұл теңіз жануарларының мерт болуына мұнай өнімдері қалдықтарының тікелей әсері бар дейді.

20 сәуір күні Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің қызметкері Айболат Ермұхаметов «Азаттық» радиосына Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі жағалауында қырылған итбалықтар санының 546-ға жеткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, кешегі күннің өзінде теңіз жағалауынан 16 мерт болған итбалықтың денесі табылған. Олардың 469-ы жас итбалықтар болса, 77-і ересек итбалықтар екен. Осы оқиғаның себебін анықтау үшін құрылған арнайы комиссия қазіргі уақытта мынадай жорамал жасап отыр дейді Айболат Ермұхаметов.

- Ауыл шаруашылық жұмысы институты итбалықтардан бактериолоз деген жұқпалы ауруды анықтаған көрінеді. Қыс жылы болып, мұз болмағандықтан, осындай ауру тараған шығар. 23-сәуірде қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайлар департаменті, санитарлық инспекция және шетелдік мамандар барлығы аралға барып, тексеру жұмыстарын жалғастырады, - дейді Айболат Ермұхаметов.

Ал биология ғылымының докторы, профессор Амалбек Сыбанбаев итбалықтардың жаппай қырылуына мұнайдың зиянды қалдықтары әсері етті деген жорамал айтады.

- Ұңғымаларды қазған кезде, судың бетіне неше түрлі улы заттар шығады. Ол заттар судың бетін көбік болып басып қалып, судың оттегімен қанықтыруын төмендетіп тастайды. Сондықтан, осындай жағдай орын алған. Сонымен қатар, ұңғыма қазған кезде, радиоактивті заттар шығады. Ұңғыма қазатын шахташылар өмірінің қысқа болатыны сондықтан, - дейді биолог.

Сондай-ақ, Амалбек Сыбанбаев мұнайды дұрыс жолдармен өндірмеудің кесірінен итбалықтар басына төнген қауіп, біртіндеп басқа да теңіз жануарларына төнуі мүмкін дейді.

- Каспий теңізінде итбалықтардан басқа көптеген балықтар, соның ішінде өте пайдалы бекірелер де бар. Міне, сол жануарлар да түр-түрімен құрып кетуі мүмкін, егер жағдай осылай кете беретін болса. Итбалықтар көлемі үлкендеу болып, жағада дөңкиіп-дөңкиіп жатқасын ғана біздің көзімізге көрініп қалды. Ал көптеген кішкентай балықтар теңіз ішінде құрып кетсе, оны жемтігін жеген шағалалар сияқты құстар ғана білуі мүмкін, - дейді Амалбек Сыбанбаев.

Ал «Табиғат» экологиялық қозғалысының төрағасы Мэлс Елеусізов болса, оқиғаның себебін анықтап алмай, қандай да бір шараны қолға алу ерте деген пікір айтады.

- Әркім әр түрлі пікір айтып жүр. Министрлік біресе, қыс жылы болып, мұз азайды десе, біресе аурудан дейді. Егер мұздар ерісе, итбалықтар аралдарға барып туа береді. Бұл сөздің негізі жоқ. Туғанға, қайта жылы кез жақсы. Бұл сұмдық қой. Өстіп қырыла берсе, аздан соң итбалықтар мүлде жоғалып кетуі мүмкін. Меніңше, бәрі мұнайдан. Бірақ билік мұны халыққа қалай айтарын білмей, жасырып отыр, - дейді Мэлс Елеусізов.

Мұндай жағдай осымен бірнеше рет қайталанып отыр. 2006 жылы болған оқиғада мыңдаған итбалықтың жаппай қырылуына «Қашағаннан» шығатын уытты заттар әсер етті деген жорамал жасалған болатын. Маңғыстау облыстық қоршаған ортаны қорғау басқармасының мәліметінше, олар бұл уытты заттардың "Agip KCO" компаниясы жұмыс істеп жатқан аймақтан келгендігін анықтаған. Сол кезде итбалықтар мерт болған жердегі судан химия, фенол және мұнай өнімдерінің әдеттегі мөлшерінен бірнеше есе артық қалдықтары табылған. Ал 2005 жылы, осыған ұқсас жағдай болған кезде, министрлік ірі мұнай компанияларына 10 миллиард теңге айыппұл төлеткізген.
XS
SM
MD
LG