Accessibility links

Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин АҚШ-қа қандай мақсатпен кетті?


Қазақстанның сыртқы істер министрі Марат Тәжин мамырдың 6-9 аралығында АҚШ-қа сапары барысында, негізінен экономикаға көп көңіл бөлмек. Бұл туралы Астанада Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев хабарлады. Ал, қазақстандық саясаткерлердің айтуынша бұл сапар барысында, сондай-ақ Қазақстандағы демократияны алға жылжыту, АҚШ-тың энергетикалық саясаты және «Қазақгейт» үдерісі талқылануы мүмкін.

Министрліктің ресми өкілі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, Қазақстанның сыртқы істер министрі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райспен және басқа да саяси элита өкілдерімен келіссөздер барысында экономика, энергетика, қауіпсіздік және гуманитарлық саладағы ынтымақтастық тақырыбын қозғайды. Ресми мәлімет бойынша, негізінен экономика диверсификациясына, яғни әртараптандыру мәселесіне, АҚШ инвестициялары мен технологияларын Қазақстанның шикізаттан тыс жоғары технологиялар салаларына тарту мәселесіне назар аударылмақ.

Ал, саясаткер Дос Көшім бұл сапардың өзге де мақсаты болуын жоққа шығармайды:

- Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының төрағасы болуға ниет етіп отыр президент [Назарбаев]. Соған байланысты АҚШ-тың тарапынан көптеген сындар айтылды. Олар қолдамайтындықтарын білдірген. Менің ойымша, негізгі мәселе осы болады. Бірақ, осы мәселе төңірегінде олардың қолдауын алу үшін олардың белгілі бір талап-тілектері бар. Негізгісі - Қазақстандағы демократиялық реформалардың жүру бағыты.

Астанадағы Еуразиялық университет ұстазы, саясаттанушы Рәбиға Байымбетова да осы сапарда ұйымға төрағалық ету мәселесі қаралады деп топшылайды.

- Бірақ, АҚШ Қазақстанға бірнеше талап қояды. Біріншіден, адам құқығының сақталуы, демократиялық реформалардың қағаз жүзінде емес, іс жүзінде жылжуы, қоғамдағы байлар мен кедейлер арасындағы ірі алшақтық болмауы, оппозиция мен БАҚ-ың еркін жұмысы сияқты талаптар қойылады, - дейді саясаттанушы Рәбиға Байымбетова.

Саясаткер Зәуреш Баталова да министр Тәжиннің мұхит асқан сапарының басты мақсаты – осы деп санайды. Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына Қазақстанның төрағалық етуіне ТМД елдерінің келісімі болғанымен АҚШ пен Ұлыбритания қарсы болғанын еске салады саясаткер:

- Шетелдік мемлекеттер, мейлі, АҚШ болсын, Қазақстанды төрағалыққа сол Марат Тәжин келді, әңгімелесті, сұрады, солардың есебіне қарап беруге тиістіміз десе, онда шетелдің екіжүздік стандартпен жұмыс істейтіні көрінеді. Негізі, оларды қызықтыратыны - Қазақстанның мұнайы. Демократиялық принициптерді олар шетке қояды деген көрсеткіш болуы мүмкін.

Саясаттанушы Рәбиға Байымбетова саяси сауда Қазақстан үшін тиімді шешілуі ықтимал, өйткені, АҚШ бұл аймаққа, әсіресе, Қазақстанға үлкен қызығушылық танытып отыр дейді ол.

- Себебі, мұнда энергетикалық ресурс мол. Бұрын АҚШ 25 миллион тұрғыны бар Өзбекстанға көңіл бөлсе, қазір олар Қазақстанның алда екенін жақсы біледі, - дейді саясаттанушы Рәбиға Байымбетова.

Ал, саясаткер Зәуреш Батталова Тәжиннің осы сапары барысында «Қазақгейт» үдерісі де талқылануы мүмкін деп есептейді:

- Марат Тәжин, білмеймін, қалай қатынасатынын. Бірақ, қазір «Қазақгейт» мәселесі де АҚШ-та қаралып жатыр ғой. Президенттің өзінің есебіне ашқан, қыздарының, әйелінің, Балғымбаевтың қызының есебіне ашқан деп, сол кезде батыс баспасөзі жариялады ғой. Бірақ, оны енді ашық түрде жарияламайды. Ашық түрде тек экономика, басқа да байланыстарды нығайтамыз деп айтады.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл жолы екі жақ арасында тағы бірнеше тақырып талқыланбақ. Нақтырақ айтқанда, энергетика мәселесі, аймақтық интеграция, жаппай қырып-жою қаруын таратпау мәселесі, халықаралық лаңкестікпен күрес және Ауғаныстан мен Ирақты қалпына келтіру тақырыптары қозғалады.
XS
SM
MD
LG