Accessibility links

«Нұрбанк» ісі бойынша куә ретінде сотқа шақырылған банктің бас бухгалтерінен жауап алынды


Бейсенбі күні Алматыдағы Медеу аудандық сотта «Нұрбанктың » бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғилымов пен осы іске қатысты жауапқа тартылған Алматы полициясының арнайы жедел топ жасақтарына қатысты сот ісі одан әрі жалғасты. Бұл күнгі сот ісінде бір ғана куә - «Нұрбанктың» қазіргі бас бухгалтерінен жауап алынды. Ол «Полиция жасақтарының шабуылы» деп аталатын оқиғадан кейін банк беделіне нұқсан келгенін айтты. Сонымен қатар ол арнайы топ жасақтары банк отырған ғимараттың тоғызыншы қабатына баса-көктеп кіріп, ондағы акцияларды ұрлау арқылы акциялардың бақылау пакетін ұрламақ болды деген айыптаудың еш негізі жоқ екенін растады.

Алматы полициясының арнайы жедел топ жасақтарының үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Алматыдағы Медеу аудандық соты бұрынғысынша өз жұмысын бірқалыпты жалғастырды. Айыптаушы жақ - Рахат Әлиевтың жақтаушысы Любовь Балмағамбетова мен мемлекеттік айыптаушы бұрынғыша қарқынмен полиция жасақтары банкқа шабуыл жасады және соның кесірінен банк беделіне нұқсан келіп, шығын көріп жатыр дегенді дәлелдеп бағуда. Мысалы, бейсенбі күні айыптаушы жақтың куә ретінде сотқа әкелген «Нұрбанктың» бас бухгалтері Айдын Тайыров:

- Ақпанның 1-нен бастап банктегі қаржының кері кетуі байқалды. Олар негізінен банк жеке тұтынушыларының есеп-шоттарын жабумен анықталды. Қорыта айтсақ, 31-қаңтар мен 16-ақпан аралығында депозиттердің азаюы 12 миллиард 562 миллион 604 мың теңге боп, яғни барлық депозиттік базаның 11 пайызына төмендеді. Бұл дегеніңіз, біз клиенттердің әрбір онының біреуінен айрылдық деген сөз, - деген мәліметтер келтірген бас бухгалтер, банктың қаржы айналымындағы соңғы көрсеткіш теріс мәнге ие боп тұрғанын сипаттады.

Және ол оны полиция жасақтарының банкқа жасаған шабуылы кесірінен деп дәлелдеуге тырысты. Ал қорғанушы жақтың «ол ақшаны кім алған және қанша клиент алған, бәлкім, ол қаржыны банкқа белгілі бір-екі клиент қана алған шығар?» деген сауалдары жауапсыз қалды.

Куәға сауал беру кезегі Әбілмәжін Ғилымовқа келген кезде, ол банктың бас бухгалтеріне осы сотта отырғандарды қандай айыппен сотқа тартып отырғанын тағы еске салып кетті.

- Сіздің есіңізге сала кетейін, бізге тағылған айып бойынша, мына отырған жедел топ жасақтары «банкқа шабуыл жасап, акцияларды ұрлау арқылы акциялардың бақылау пакетін басып алмақшы болған», сол сияқты тоғызыншы қабаттан «банктың кредиттік портфелін ұрламақшы болғаны үшін», ал мен «осы топты ұйымдастырып, басқарыппын». Айыптаудың осындай анықтамасын сөзбе–сөз Нұрәлі Әлиев айта отырып, «бұл - қарапайым қарақшылық әрекет» деп айтқанын мен де сөзбе-сөз қайталайын, - дей келіп, Ғилымов Тайыровқа сұрақ қойды.

Ә. Ғилымов: - Сізден білікті маман ретінде сұрайын, полиция жасақтары акцияларды ұрлау арқылы акциялардың бақылау пакетін ұрлай алуы мүмкін бе?»

А. Тайыров: - Егер сауал осылай қойылса, мүмкін емес.

Ә. Ғилымов: - Олар тоғызыншы қабатқа көтеріліп, банктың кредиттік портфелін ұрлай алуы мүмкін ба?

А. Тайыров: Жоқ.

Алматы полициясының арнайы тобы жасақтарының шабуылы деп аталатын оқиғадан соң, Рахат Әлиевтің меншігіндегі «Казахстан тудей» ақпараттық агенттігі мен оның қарамағындағы бірқатар басылымдар Ғилымов пен полиция жасақтарына тура осындай айыптар тағылғанын жарыса жариялаған болатын. Ал шын мәнінде мамандар «акция», «акциялардың бақылау пакеті», «кредиттік порфель» деген ұғымдардың виртуалды болып, оларды ұрлау еш мүмкін еместігін айтады. Бірақ, қарапайым, банк жүйесінің қызметі жөнінде хабары шамалы жұртшылық көңілінде «полиция жасағында болғандар - қылмыскерлер» деген пікір қалыптастыру үшін, осындай мағнасыз айыптар айтылған дейді бақылаушылардың кейбірі.

Әлгіндей айыптауларды айтқан білікті банк маманы, банктегі екінші лауазымға ие адам - Нұрәлі Әлиевтен сот куә ретінде жауапты алдағы сейсенбі күні алуды жоспарлап отыр. Нұрәлі Әлиев – «Нұрбанктің» акционері Рахат Әлиевтің баласы.
XS
SM
MD
LG