Accessibility links

Қазақстанды паналап келген бірнеше мың шешен азаматы босқын мәртебесіне қол жеткізе алмай отыр


Қазақстанға 1999-2003 жылдары Шешенстандағы әсери қақтығыстан қашып келген 4 мыңға жуық адамның әзірге құқықтық мәртебесі белгіленбеген. Оларды халықаралық ұйымдар босқын деп танығанымен, Қазақстанның оларға ондай мәртебе бермей отырғандығын айтады адам құқығын қорғаушылар. «Азаттық» тілшісімен әңгімелескен шешен азаматтары өздерінің кейде кемсітушілікке ұшырайтындықтарын айтады.

40 жасар Сацита отбасымен Алматы қаласының ең бір алыс ауданында тозығы жеткен ескі үйдің екі бөлмелі пәтерін жалдап тұрады. Асхана мен жатын бөлме тым кішкентай болғандықтан, қонақ бөлмеде Сацита күндіз қонақтарын күтіп, кешке сол жерде еденге көрпе салады.

- Менің ұлым мен қызым бар. Біз мына тұрған үстелді ана шетке апарып қоямыз да, еденге көрпе саламыз. Қызым менімен жатады. Ұлым әкесімен ана үлкен диванға жантаяды. Екінші кішкентай бөлмеде Шешенстаннан осында емделуге келген науқас туысқанымыз Руслан ұйықтайды. Біз осыған шүкіршілік етеміз. Ең бастысы – төсек-орным таза болса болды, - дейді Сацита.

Отбасымен Қазақстанға бұдан жеті жыл бұрын Шешенстандағы соғыстан бас сауғалап қашып келген Сацита өз үй-жайы, анасы, достары – бәрі сол жақта қалғанын, бірақ балалардың болашағы үшін туған елді тастап кетуге мәжбүр болғанын айтады.

- Біз мұнда соғыс басталғанда келдік. Бірінші емес, екіншісі басталғанда. Бірінші соғыстан кейін күйеуімнің мамасы, ағасы қайтыс болды. Екінші соғыс кезінде қатты бомбылау болды. Сол кезде 6 жастағы қызым біресе шошынып, біресе долданып жылайтын. Сол қақтығыстар оның психикасына қатты әсер етті. 1999 жылдың тамыз айында ақыры күйеуімнің осында тұратын ағасына арқа сүйеп келдік. Әрине, біздің тұрақты тіркелу орнымыз, мекен-жайымыз болмағандықтан, тұрақты жұмыс табылмады. Бірақ, күйеуім бейресми түрде дүкендерде тоңазытқыш жөндеумен айналысты. Ақыры, осы өмірге дендеп ене бастадық да, осында қалсақ деген ой келді, - дейді Сацита.

Ол бірақ мұнда өздеріне қатысты кейде кемсітушілік пен шектеулердің болатындығын және олардың өзіне қатты әсер ететіндігін де айтады:

- Бәр жерде заң бар. Оны орындау керек екенін түсінем. Бірақ, 6 ай тұрғаннан кейін біз сияқты балалары мектепке баратындарға «қайта кет» деген тәрізді шектеулер бар. Оған қоса, мәселен, көші-қон полициясына бара қалғанда, кейде ашық түрде кемсітеді. Шешендер деп бөлудің қажеті қанша? Біз де қатардағы азаматтармыз ғой?! Мен үнемі осы жағдайда біздің кінәміз қандай деп жиі ойлаймын. Қайдағы бір Басаевтар үшін елдің тоз-тозығын шығару қажет пе еді? Грозныйда зауытта бас инженер болып істеген күйеумнің кінәсі қандай? Қолына автомат ұстап көрмеген баламның қандай жазығы бар? Аяусыз соғыстан қашып енді осында келсек, бізді саусақпен көрсетіп, түртпектеу әділетсіздік қой?!

Сацита тәрізді Шешенстаннан бас сауғалап келген азаматтардың түрлі кедергілерге тап болуының басты себебі - оларды Қазақстан босқын деп есептемейтіндігінде дегенді айтады Алматыдағы «Вайнах» ұйымының жетекшісі Ахмад Мурадов.

- Қазақстанда шешен босқыны деген жоқ. Өйткені, Ресей де, Қазақстан да Шешенстаннан келгендерді босқын деп есептемейді. Қазақстан мен Ресей арасында осы елдердің азаматтарының келуіне байланысты уағдаластық бар. Соған сәйкес шешендерге шетел азаматтары есебінде 6 айға ғана ғана тіркеу беріледі. Сол себептен, олар 6 айдан соң балаларының оқуы, науқастануға байланысты деп әрі қарай рұқсат алуы керек. Кейбіреулері 6 ай сайын шекараға барып, сол жақтан қайта елге кіреді. Бірақ, халықаралық ұйымдар, соның ішінде БҰҰ босқындар ісі жөніндегі басқармасы осыдан 7 жыл бұрын Шешенстаннан соғыстан қашып келгендерді босқындар қатарына жатқызады, - дейді Ахмад Мурадов.

БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі комиссары басқармасының Қазақстандағы өкілдігінің құқықтық мәселелер бойынша маманы Рао мырза Ресей Федерациясының құрамындағы Шешенстаннан қашып келгендерге босқын мәртебесін беру жүйесі болмағандықтан, олар бір жағынан – бар, екінші жағынан жоқ дейді.

Оның айтуынша, 2005 жылғы жүргізілген санақ кезінде Қазақстанда 4 мыңға жуық шешеннің босқын жағдайында екендігі анықталған. Алайда, заң тұрғысынан олардың мәртебесі әлі күнге дейін шешім таппай отырғандығын айтады Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының директоры Евгений Жовтис.

- Шешен босқындарының жағдайы ауыр. Өйткені, бұл ең алдымен саяси емес, гуманитарлық мәселе. Бірақ, постсоветтік кеңістікте босқындар мәселесі саясаттанып кеткен. Сондықтан, олар іс жүзінде босқын болып, заң жүзінде босқын атанбауының себебі – біз Ресеймен қарым-қатынасымызды бұзғымыз келмейді. Осы жерде парадокс пайда болады: Шығыс Еуропаға қашып барған тура осындай адамдар босқын мәртебесін алады да, осында келгендер босқын болып есептелмейді. Сондықтан, олар көптеген құқықтық, әлеуметтік мүмкіндіктерден айырылған, - дейді адам құқығын қорғаушы Евгений Жовтис.

Деректер бойынша, Солтүстік Кавказда 1999 жылдың қыркүйек айынан 2003 жылға дейін созылған әскери қақтығыстың салдарынан Қазақстанға 14 мыңдай шешен босқыны келген. Оларға босқын мәртебесінің берілмеу себебін Қазақстан үкіметі – ол адамдар ТМД елдеріне арналған екіжақты және аймақтық уағдаластықта көрсетілген құқықтарды пайдаланғандықтан, олардың негізгі құқықтары бар деп түсіндіреді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG