Accessibility links

Чешенстан: адам құқының ахуалы жақсарды ма?


Чешенстандағы 1999-ыншы жылдан бері жалғасып келе жатқан соғыс қимылдарының барысында, 1994-1996-ншы жылдардағы “1-інші Чешен соғысына” қарағанда, Ресей армиясы мен Чешенстанның “мәскеушіл” қауіпсіздік күштері адамның құқын жүйелі түрде жаппай және өрескел аяққа таптаумен келеді. Адамның құқын бұзудың әсіресе кең етек жайған түрі - Чешенстанның бейбіт тұрғындарын ұрлап алып кетіп, кейін басым көпшілігін зорлап, жәбірлеп, кейде тіпті өлтіре салуы болды. Міне осы жағдайды 2004-інші жылы Ресейдің омбудсмені Владимир Лукин “Чешенстанның ең басты проблемасы!” деп сипаттаса, 2005-інші жылы штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан адамның құқын қорғайтын “Хьюман райтс уотч” ұйымы оны “адамзат баласына қарсы қылмыс” деп бағалады.

“Хьюман райтс уотч” ұйымы да, “Amnesty International” тобы да кісі ұрлаушылардың қолына түсіп, қорлық-зорлық көргендердің немесе хабар-ошарсыз жоғалып кеткен жақындарын іздеп, босатамын деп аяғынан таусылған адамдардың әңгімелеріне негізделген қаншама оқиғаны тіркеді. Кісі ұрлайтындардың тұтқынында отырған жақындарына кесірі тиіп кете ме деп немесе қылмыскерлердің кегінен қорқатын туған-туысқандарының үнсіз қалуы салдарынан адамдардың аяқ астынан жоғалып кетуі мен оларды ұрлап алып кеткен қылмыскерлерді әшкерелеу және осындай қылмыстардың жалпы көрінісін анықтау қиынға соғады.

Бүкіл Чешенстанның ¼ бөлігін бақылайтын Ресейдегі адамның құқын қорғайтын “Мемориал” ұйымының жинаған мәліметі бойынша, 1999-ыншы жылдың қазан айынан бері 2005-інші жылдың басына қарай өткен 5 жылдың ішінде Чешенстанда 3 мыңнан 5 мыңға жуық адам ұрланып жоғалған. Олардың кейбірі босатылды, көпшілігі тұтқында отырып қорлық-зорлық көрді, өзгелері із-түссіз жоғалды.

Оған қоса, чешендердің веб-сайттары балаларды өлтіріп, өкпе-бауыр, жүрек секілді дене мүшелері кесіп алынған денелерінің қаңқалары табылған оқиғалардың болғанын хабарлайды.

“ІІ-нші Чешен соғысының” алғашқы жылдарында бітіспес чешен сепаратистерінің құн талап ету үшін шетел азаматтарын ұрлауы көп кездесті. Бірақ кейінірек бірыңғай чешендердің өздері ұрланатын болды.

Ресей мен Чешенстанның адамның құқын қорғаушыларының мәлімдеуінше, кісі ұрлаумен кем дегенде 3 құрылым шұғылданды. Олар – Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі, Ресейдің федералдық қарулы күштері және Чешенстанның “мәскеушіл” милициясы мен қауіпсіздік күштері. Ресей армиясының кісі ұрлауға қатысы болғаны туралы ең алғашқы деректі айғақ 2003-інші жылдың басында пайда болды. 2003-інші жылдың 16-ншы сәуірінде Ресейдің “Независимая газета” басылымы жазғандай, Чешенстанның Бас прокуроры Владимир Кравченконың әзірлеген құпия баяндамасына сәйкес, федералдық армияның 100-дегені болмаса да, талай жауынгері мен милиция қызметкерлері бейбіт тұрғындарды ұрлап өлтірумен жүйелі түрде айналысқан.

Дәл осы кезде адам құқының аяққа тапталу жайттарын чешен үкіметінің есебіне сілтеме жасаған “Le Monde” және “La Liberation” газеттері де қатар жазды. Ресейдің ресми өкілдері “чешен үкіметінің ондай есебі болған жоқ” деп ол хабарды жоққа шығаруға тырысып бақты. Бірақ, “Независимая газеті” басылымының жазуына қарағанда, В.Кравченко келтірген статисткалық мәліметтер мен 2 францұз газеті жариялаған ақпарлар егіз қозыдай ұқсас көрінеді. kavkaz-uzel.ru интернет-сайтына мақала жазатын сарапшылардың жинаған 2002-нші жылдың наурызынан 2007-нші жылға дейінгі кезеңді қамтитын статистикалық мәліметтері 2 анық ағымды көрсетеді: біріншісінен кісі ұрлаған оқиғалардың жыл сайын азая түскені байқалады - 2002-нші жылы 544 адам, 2005-інші жылы 323 адам, 2006-ншы жылы 187 адам, ал үстіміздегі жылдың алғашқы 3 айында 16 адам ұрланған; екінші “ағым” ұрланғандардың ішінен, не өлі, не тірі болсын, із-түссіз жоғалғандардың да жыл сайын азая түскенін аңғартады. Мысалға, 2002-нші жылы 372 адам, 2005-інші жылы – 128 адам, 2006-ншы жылы – 63 адам және 2007-нші жылы – 3 адам ғайып болған; сондай-ақ 2002-нші жылы 81 адам, 2005-інші жылы – 25 адам, 2006-ншы жылы – 11 адам және 2007-нші жылы, әзірше, 1 адам өлідей табылған.

Ал тірідей босатылғандардың саны - 2002-нші жылғы 91 адамнан 2005-інші жылға қарай 155-ке дейін өссе, 2006-ыншы жылы 94-ке дейін, ал 2007-нші жылы тіпті 10 адамға дейін азайды. 2004-інші жылы 450 кісінің ұрланғаны туралы kavkaz-uzel.ru веб-сайты келтірген мәлімет пен адамның құқын қорғайтын “Мемориал” ұйымының есебіндегі айырмашылық онша алшақ емес. Бірақ kavkaz-uzel.ru веб-сайтының 2003-інші жылы 498 кісі жоғалды деген дерегі Чешенстанның “мәскеушіл” вице-премьері Мовсур Хамидовтің 2004-інші жылдың ақпан айында “Интерфакс” агенттігі хабарлаған мәліметінен әлдеқайда кем. М.Хамидовтың сөзіне қарағанда, алдыңғы жылы, яғни 2003-інші жылы Чешенстанда 581 кісі ұрланды, оның ішінен 127-сі із-түссіз жоғалды. Бірақ, вице-премьердің ескертуінше, кейбір жағдайда чешен сепаратистерінің туыстары, өздеріне күдік түсірмес үшін, сепаратистерге қосылған жақындарын “ұрланды” деп жариялауы да мүмкін.

Сонымен бірге Мовсур Хамидов кейбір кісіні полиция мен қауіпсіздік күштерінің ұрлап алып кеткенін амалсыз мойындады. 2003-інші жылдың желтоқсан айында Ресей президентінің жанындағы адамның құқы бойынша Комиссияның өкілі Светлана Ганнушкина кісі ұрлаған қылмыстың басым көпшілігін “мәскеушіл” милицияның немесе Чешенстанның сол кездегі “кремльшіл” президенті Ахмад-қажы Қадыровтың ұлы басқаратын президенттің қауіпсіздік қызметінің іске асырып келгенін мәлімдеді.

Чешенстан жерінде кісі ұрлаған оқиғалардың азайғаны байқалса, оған көрші Дағыстанда, керісінше, кісі ұрлау күрт өсе түсті. 15-інші маусым күні Мәскеудегі Хельсинки тобының өкілдері Мәскеуде өткізген баспасөз-маслихатында Ресейдің жалпы оңтүстік аймақтарына, оның ішінде Дағыстанға қатысты мәліметтерді тізіп келтірді. Ол мәліметтерге сәйкес, 2006-ншы жылы 12 кісі ұрланған Солтүстік Осетиямен, 10 адам ұрланған Ингушетиямен және 5-5 кісіден ұрланған Қарашай-Черкесиямен, Қабарды-Балқармен салыстырғанда Дағыстанда 68 кісі ұрланыпты. Ол жайында kavkaz-uzel.ru веб-сайты хабарлайды. Мәскеудегі Хельсинки тобының төрайымы Людмила Алексееваның мәліметі бойынша, үстіміздегі жылдың “қысқа кезеңі” ішінде-ақ Дағыстанда 20 шақты кісі ұрланған.

Чешенстанмен салыстырғанда, соңғы жылдары қантөгіс соғыс майданы болмаған Ингушетияда жас жігіттерді ұрлап алып кету құбылысы 2002-нші жылдан, яғни – “ауған соғысының” батыры Руслан Аушевтің орнына ФСБ немесе Федералдық қауіпсіздік қызметінің бұрынғы генералы Мұрат Зязиков президент болып сайланған жылдан бастау алады. Адамның құқын қорғайтын Халықаралық Хельсинки Федерациясы 2005-інші жылдың маусымында баспасөз-релизін таратып, егер 2002-нші жылы 1 ингуш ұрланған болса, 2003-інші жылы – 9, ал 2004-інші жылы 37 ингуш кісінің ұрланғанын мәлімдеді.

Ресейдің regnum.ru веб-сайты ұрланған кісілердің туыстарына көмектесетін ұйымды басқаратын Магомед Мутсолговтың Ингушетияда 145 адамның ұрланғаны туралы сөзін келтірді. Оның мәлімдеуінше, кісі ұрлаған қылмыскерлердің басы көпшілігі Ресейдің Солтүстік Кавказға шоғырландырылған қарулы күштері тобына жататын көрінеді.
XS
SM
MD
LG