Accessibility links

1987 жылы БҰҰ Бас ассамблеясының қаулысына сәйкес, маусымның 26-сы есірткімен күрестің халықаралық күні болып жарияланды. Қазақстан болса, жағрапиялық орналасуына орай, есірткі саудасының жол торабына айналған дейді сарапшылар. Астанада жыл сайын есірткімен күрес шараларына бөлінетін қаржыға қарамастан нашақорлар саны 10 пайызға өсіп келеді дейді жергілікті дәрігерлер.

Қазір Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 50 мыңға жуық нашақор тіркеуде тұр. Республикада нашақорларды ықтиярсыз емдейтін 9 орын бар. Жуырда өткізілген тексеру мәліметтері қоғамды бір шошытты дейді заңгерлер. Нашақорлардың 60 пайызы 30 жасқа дейінгі жастар деген мәлімет бар. Сарапшылардың айтуынша, қылмыстық жазаның күшейтілгеніне қарамастан есірткі бизнесінің де қанат жаюына негізгі себеп – одан түсетін қыруар табыс болып отыр.

Наркодиспансерден емдеуден шыққан, өзін Қайрат деп таныстырған жігіт соңғы кезде Қазақстанда нашақорлар саны ұлғайып келе жатқанын айтады:

- Көрініп тұр ғой, әдейілеп байдың балаларын отырғызады нашаға. Шеңберде отырғанда айтады, «Ой, өмір бір рет беріледі. Тартып көр», деп.

Дәрігерлердің айтуынша, нашақорлар Астанада жыл өткен сайын ұлғайып келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұған Астанадағы миграция да бір жағынан себепкер. Астана нашақорлардың саны бойынша республикада 4-орында. Қазақстанда ресми мәлімет бойынша 5 мыңға жуық жасөспірім есірткі тұтынса, солардың ішінде токсикомандармен қосқанда 137 бала Астанада тіркелген. Астанадағы нашақорларды емдейтін диспансердің бас дәрігері Ольга Комарованың айтуынша, барлығы қалада ресми мәлімет бойынша 3 жарым мың адам тіркеуде тұр екен. Жыл сайын олар 10-12 пайызға өсіп отырады дейді дәрігер.

Комарованың айтуынша, олардың арасында героин және синтетикалық есірткі кең қолданыста. Яғни, мөлшерін асырып тұтынған адам өлімі, ерте жаста мүгедек болу немесе ұзақ уақыт бойы емделу, дейді ол.

Полиция өкілдері түсіндіргендей қауіптісі осы ауыр есірткі көбейіп келеді. Ал бір грамм героин 8 нашақорға бір мәрте егу жасағанға жетеді. Полиция күшімен Қазақстанда мыңға жуық көңіл көтеру мекемелері тексерілді. Олардың біразында есірткі тұтынған адамдар анықталды. Бірақ, заңдардағы олқылықтың кесірінен клуб иелерін жауапқа тарта алмаймыз дейді полиция өкілдері.

Әкімшілік кодекстің 319-бабымен жауапқа тартуға болады. Бірақ, онда осы басшылар нашақорлықтың барлығын біле тұра шара қолданбаса ғана жауапқа тартылады делінген. Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда жыл сайын 20 тоннаға жуық әртүрлі есірткі алынады.

«Ауғаныстаннан Еуропаға есірткі тасымалданатын жолда Қазақстан амалсыз транзиттік аялдамаға айналды», дейді Қазақстанның ішкі істер министрлігінің есірткіге қарсы комитет өкілі Мұхтар Оспанов:

- Былтыр Ауғаныстанда 6 мың тоннадан астам апиын өсірілді. Соңғы 4 жылда бұл 80 пайызға өсті. Қазір жылдан жылға өсіп келеді.

Сарапшылардың пікірінше, кейбір елдерде есірткі сатқандарға өте қатаң жаза қолданылады. Мысалы, Қытайда мұндай адамдар өлім жазасына кесіледі. Ал, Қазақстанда есірткі тарататындардың төрттен бір бөлігі тек шартты түрде бас бостандығынан айырылады. Және бір бөлігі сот үкімінен кейін бір жыл өткен соң-ақ бостандыққа шығып жатады дейді жергілікті полиция өкілдері. Соңғы мәліметтерді зерттесек, нашақорлар ішінде әйелдер мен балалардың саны да күрт ұлғайып кеткен.

«Меніңше, жеткіншектерді спортқа баулыса, нашақорлықпен күресуге болады», - дейді Астана қаласының кәмелетке толмағандармен жұмыс басқармасының қызметкері Галина Хабарова.

Қазақстанда ресми мәлімет бойынша былтыр есірткіні мөлшерден тыс қолданған 405 адам қайтыс болды. Бұған дейін, БҰҰ халықаралық комитеті Қазақстанда есірткіге тәуелді болып қалғандар саны 140 мыңға жеткен деген мәлімет таратты. Ресми көрсеткіштерді тек онға көбейткенде ғана шынайы жағдайды елестете аламыз, дейді мамандар.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG