Accessibility links

Сайланбайтын Ассамблеяның сайланбайтын өкілдері парламентке қалай іріктелетіні анық емес


Бұрын соңды аты көп шықпаған Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері тамыз айында парламенттке тұңғыш рет өтпек. Ассамблея парламентке 17 өкілін аттандырмақ. Ал енді Ассамблеяның өзін Қазақстан оппозициясы заңсыз, қуыршақ ұйым деп сынап келеді. Кейбір сарапшылар Ассамблея өкілдерін парламентке жылжыту ұлтаралық қатынастарды нығайтудың орнына, кейбір мәселені ұшықтыруы мүмкін дейді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өмірлік төрағалық ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы наурызда құрылған. Ассамблеяның құрамында 350 мүше бар, олар 100 ұлтқа өкілеттік жасайды деп ресми айтылады. Алайда оларды ешкім сайламаған. Сыншылар мұны баяғыдан айтып келеді, сайланбаған өкілдер мемлекет шаруасына неге араласады, президент Назарбаевтың авторитарлық билігін жұмсартпайтын, керісінше күшейте түсетін ұсыныстар Ассамблеяның ұсынысы ретінде еңгізіледі, дейді оппозиция саясаткерлері. Енді міне, елдің кеңейтілген парламентінде Ассамблеяға 17 орын беріліп отыр. Ассамблея төрағасының орынбасары Жұматай Әлиев олар Қазақстанды өз отанындай көреді, реформаларды қолдап сөйлейтін болады дейді. Орыс, славян, казак ұйымдары бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Анатолий Чесноков жаңа шара Қазақстанның аз ұлттарының құқықтарын қамтуға жағдай жасап отыр дейді:

- Саны аз этникалық топтар, расында да, өздерінің жоғары парасатының деңгейін көрсете алатын лайықты ортаға бара алмай қалады. Ұлт саны жүзден асатын көптеген мемлекеттің парламентінде, мәселен, Румынияда, әр этникалық топтың өкілдері бар.

Міне, Қазақстандағы славян ұйымының өкілі осындай пікір айтады. Дегенмен, басқа кейбір бақылаушылар халық Ассамблеясының өкілдері қалай іріктелетені анық емес, 100 ұлттың атынан сөйлейді деп айтылатын Ассамблеядан 17 өкіл қалай іріктеледі екен, бұл керісінше ұлттарды ұлы-кіші деп бейресми бөлшектеуді жалғастыра түспей ме дейді. Неміс, қазақ және орыс тлдерінде бірдей жазатын жазушы, ұлты неміс Герольд Бельгер бұл жөнінде былай дейді:

- Заңшығарушы мекемеде Қазақстанда жасайтын әр ұлттың өкілі болса, негізгі ұлт қазақтарға орын жетпей қалады ғой. Бұл жерде бірдеңе жасау керек. Орыс, кәріс, татар, неміс сияқты ең ірі бес-алты ұлттың өкілдері ғана жолданса, басқалары парламентте біздің өкіліміз неге жоқ деп ренжиді. Мәселенің шешімін көрмей отырмын.

Халық Ассамблеясынан 17 депутатты іріктеу бастамасы Қазақстан аз халықтарының арасында кейбір мәселені көтереді, дейді Қазақстан Күрдтері бірлестігінің бірінші вице-президенті Мәлікша Гасанов. Мәселен, аз ұлттардың өкілдері сайланады деген әңгіме шықса, Қазақстанда күрдтердің саны қанша деген әңгіме көтеріледі, дейді Мәлікша Гасанов. Қазақстанда шамамен 46 мың күрд бар деп ресми айтылады. Мәлікша Гасанов Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Грузиядан Қазақстанға жер аударылған күрдтердің біразы түрік пен әзірбайжан болып жазылған дейді.

Қазақстан ұйғырлары жетекшілерінің бірі, қоғамдық қайраткер Қаһарман Қожамберді Халық Ассамблеясының өзі сайланбайтын ұйым болғандықтан, қазіргі жағдайда олардың жүздеген өкілдерінің арасынан 17 өкілді әділ таңдау қиынға соғады дейді:

- Ассамблея өкілдерінің өзі сайланбаған, оларды ешкім сайламаған. Олар Ассамблеяға қалай келетінін өз басым білмеймін, мәселен. Ассамблея мүшелерін сайлау жолын табу керек алдымен, сосын квота бойынша Ассамбея мүшелерінің арасынан парламент депутаттары сайланатын болса жөн басқа.

Бұған ұқсас пікірді Қазақстан әзірбайжандарының қайраткері Асылы Осман да айтып отыр. Асылы Осман парламентке Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері осындай қарама-қайшы жолмен іріктелсе, мұндай өкілдер кімге қызмет етеді, біртұтас Қазақстанға қызмет ете ме, әлде өз этникалық топтарына қызмет ете ме деген мәселе туындайды дейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG