Accessibility links

Орта Азияда биліктің қысымына қарамастан, интернеттің ықпалы өсіп барады


Бір кезде Орталық Азия жетекшілері интернеттің маңыздығына тоқталып, оған қоғамның қолы жету үшін мүмкіндіктер қарастыруға сөз беріп жатады. Шындығында, қаланың көп тұрғыны аймақтағы бизнесс көзі болған интернет кафелердегі және мектеп пен кеңселеріндегі тегін интернет жүйесіне қосыла алады. Бірақ, «Азаттық» радиосының тілшісі Фарангиз Наджибулла бүгінгі таңда ол мүмкіндіктер басқаша көрініске айналғанын, жағдай өзгергенін айтып отыр. Демек, интернет кафелері құқық қорғау органдарының жиі тексеретін орнына айналып, интернет байланысына үйден қосылу үшін рұхсат алу керек. Сонымен қатар, тәуелсіз басылымдар, азаматтық қоғам мен оппозиция вебсайттары жабылып тасталған.

Жақында Тәжікстан парламенті интернеттегі тіл тигізу, ғайбаттар мен әртүрлі заңсыздықтарға жол бермейтін заңды күн тәртібіне енгізгенде, ақпарат құқықтарын қорғаушы топтар бұл заң жобасын еркін ақпарат алу мүмкіндігіне жасалған кедергі деп сынға алды. Бұл туралы әлемдегі сөз еркіндігі мен ақпаратты қолдау жөніндегі Лондонда орналасқан топ өкілдері, дүниежүзіндегі басқа елдер интернет жүйесіне қарсы арнайы шара қабылдап отырған жоқ дейді.

Тәжікстандағы тәуелсіз ақпарат үшін ұлттық қауымдастығының басшысы Нуриддин Қаршыбойев, тәжік үкіметін интернеттегі ақпаратты басқаруға тырысып жатыр деп айыптады.

“Тәжікстан үкіметі интернеттегі веб-парақшаларды жаба алмай отырғандықтан, олар қазір интернет еркіндігін техникалық жолмен шектеуге тырысып жатыр. Және олар интернет қызметін ұсынатындар өздеріне бұл мәселеде көмектескенін қалайды” дейді ол.

Осыған дейін Тәжік үкіметі үкіметке қарсы жаңалықтар берген бірнеше веб-парақшаларды жауып тастаған. Тәжікстанмен қатар бұрынғы Совет одағы құрамында болған Орталық Азия елдері оның ішінде Өзбекстан мен Түркіменстан қоғамның интернет жүйесіне қосылу мүмкіндігін шектеу үшін қолдан келген тәсілдерін жасап жатыр.

Өзбекстанда интернет қызметін ұсынатын көптеген компаниялар биліктің бақылауы астында жұмыс жасайды. Олар Өзбекстандағы оқиғаларды жазып айтып жатқан аймақтық және халықаралық құқық қорғаушы топтар мен оппозицияның веб-сайттарына кіруге тосқауыл қойып келеді. Мәселен, Өзбек билігі өзбекстандықтардың «Азаттық» радиосының, БиБиСи-дің интернеттегі парақшасы мен Ферғана.ру сияқты парақшаларға кіріп, әртүрлі хабарлармен танысуына тосқауыл қойып отыр.

Өз атын атағысы келмеген, Ташкенттегі интернет кафенің қожайыны «Азаттық» радиосына берген сұхбатында, билік өкілдері өз кафесіне жиі келіп, клиенттердің қандай тәуелсіз вебсайтқа кіретінін бақылап жүреді деді:

“Ия, олар бізді жиі тексеріп тұрады. Тексерушілер осында келеді. Онда “Өзбектелеком” аясында қызмет ететін ақпаратты тексеру басқармасы бар. Олар әдетте бізге келіп, тексеріп жүреді”.

Оның сөзіне қарағанда, көптеген интернет кафелердің иелеріне “порнография мен саяси вебсайттарға кіруге тыйым салынған” деген ескерту жазып қою міндеттелген. Өзбекстанның ресми деректеріне сүйенсек, қазір елдегі 27 миллион халықтың 1 млн 200 мыңының интернетке қосылу мүмкіндігі бар екенін көрсетеді. Хабарларға қарағанда, Өзбекстанда қымбат емес интернет қызметін ұсынатын интернет кафелер көбейіп жатыр. Мәселен, қарапайым өзбектердің мүмкіндігіне қарай онда интернет жүйесіне қосылу сағатына жарты доллар тұрады екен.

Ал, Түркіменстанда бұл жағдай басқаша. Елдің бұрынғы президенті Сапармұрад Ниязов өзінің кедейліктегі қоғамын мүмкіндігінше жабық ұстады. Түркіменстандықтар үйлерінде интернетке қосыла алмайды, тіпті интернет қызметін пайдалануға 1990 жылдары ресми рұхсат алғандардың өзіне кейінірек вебпарақшаларға кіруге тыйым салынған.

Енді Түркіменстанның жаңа президенті Гурбангулы Бердімұхмедов өз халқына интернетке қосылу мүмкіндігін жасауға сөз беріп отыр. Бірақ, елдегі интернетті пайдалану үшін төленетін баға тым қымбат. Елдегі орташа жалақы айына 70 доллар болса, түрлі интернет кафелердегі баға сағатына 4 доллар болып отыр. Ал, ақпан айында ресми түрде президенттікке келген Бердімұхамедов елде интернет жүйесіне кіру мүмкіндігін тез дамытуға сөз берген. Одан бері алты ай өтсе де ол тұрғыдағы өзгерістер аз ғана. Билік әлі де оппозициялық, құқық қорғаушы топтардың және тәуелсіз хабар тарататын вебпарақшаларды жауып тастап отыр. Ал, үйінде интернет қоюға рұхсат алғандар елдегі Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің бақылауында қалып отыр.

Орталық Азияда интернеттің ықпалы өсе түскенімен, оның пайдаланушылар дамыған аймақтарға қарағанда әлі де аз болып отыр. Ауылдық жерлердің кейбірінде интернетке кіру мүмкіндігі болса, электр көзі болмайды, тіпті шалғай ауылдарда интернет деген ұғым атауымен жоқ десе болады.

Ал, қалаларда интернет кафелер көбейіп, оған келетіндер саны да артып отыр. Оларға келетіндер көбіне ойындар ойнауға келетін жеткіншектер мен пікір алмасу форумына кіретіндер екен. Ал, Орта Азияның тағы бір елі Қазақстанда интернетті пайдаланушылар саны күннен-күнге өсіп, тәуелсіз вебпарақшалардың хабарларын кей кездері оқуға кедергі жасалып отырса да, билік тарапынан 18-ші тамызда өтетін парламенттік сайлауға дейін 31-ші шілдеден бастап Интернет форумы ашылып, онда саяси партия көшбасшылары ең көп түскен сұрақтарға жауап беретіні бейсенбі күнгі хабарларда айтылды. Және Қазақстанда «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алатын студент жастар Қазақстан жайында мол мағлұмат беретін веб портал ашатындарын хабарлап жатыр.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG