Accessibility links

Түркменстан: Президент адам хұқтарын дамыту жолында бірқатар шараларды қолға алуы мүмкін


Түркменстан президенті Гурбангұлы Бердімұхамедов әлемде ең бір қатаң режимдегі Түркмен елінде саяси қысымды жеңілдететіндей қадамдарға барған сыңайлы. Осы аптаның басында Бердімұхамедов белгілі саяси тұтқын, бұрынғы сыртқы істер министрі Борис Шихмұрадовтың тірі екендігін айтып, оның қазіргі тағдырынан бір хабар бергендей болды. Мұның өзі Шихмұрадовтың отбасы мен басқа да көптеген тұтқындарға үміт сәулесін жаққандай еді. Халықаралық бақылаушылар Түркмен билігі адам хұқтарын жақсарту бағытында көптеген шараларды атқаруы керек дейді. Қыркүйектің 26-ы күні БҰҰ Бас Ассамблеясының 62-сессиясында сөйлеген сөзінде Түркмен басшысы бірқатар мәселелерді қозғады, бірақ ол адам хұқтары саласына арнайы тоқталмады.

Аптаның басында Колумбия университетіндегі кездесу барысында Бердімұхамедовке осы университеттің студенттері адам хұқтары бойынша көптеген қатал да қиын сұрақтар қойып, оның алдын ораған болатын. Онда Бердімұхамедов қазан айының басында мыңдаған тұтқынға рақымшылық жариялаймын деген уәде беріп құтылған еді. Осы Рамазан айындағы Қадыр түнінде шамамен 9 мыңдай адам абақтыдан босатылады деген үміт бар.

Бердімұхамедов болашақта әрбір мемлекеттік мереке сайын рақымшылық жарияланып тұрады дегенді айтты.

- Биылғы Қадыр түнінде 9 мың адам түрмеден босатылады. Қазір мен құрған арнайы топ кімдерді босатуға болады деген мәселе тұрғысында жұмыс істеп жатыр, - деді ол.

Бердімұхамедов сондай-ақ 2002 жылы қараша айында сол кездегі президент Сапармұрат Ниязовтың өміріне жасалған қастандықты ұйымдастырушы болды деп айыпталып, абақтыға жабылған бұрынғы сыртқы істер министрі Борис Шихмұрадовтың тірі екендігін айтып, оның туыстары мен басқа да тұтқындар үшін үміт отын жаққандай болды. Түрмеге қамалған уақыттан бері Шихмұрадовпен қатар Ниязовтың тағы бір оппоненті болған Батыр Бердиевтің де тағдырынан осы уақытқа дейін еш хабар болмаған еді. Көпшілік оларды түрмеде өліп қалған шығар деп ойлап келген. Студенттердің сұрақтарына жауап беру барысында Бердімұхамедов бұл екі адамның тірі болуы керектігін айтқан.

Борис Шихмұрадовтың баласы Байрам Шихмұрадов тіркелмеген Түркменстан республикалық партиясының жетекшісі. Ол «Азаттық» радиосына берген сұхбатында әкесін 2002 жылдан бері көрмегендігін айтқан. Олардың бір хабар білмек болған әрекеттерінен түк шықпай келген екен.

- Соңғы рет олар туралы төрт жыл бұрын Ниязов еске алған еді. Ниязов дипломатиялық корпустың өкілдерімен кездескен кезде осы сұрақ қойылғанда ол оларға бес жыл бойына адам жолықтыруға болмайды деп айтқан, - дейді баласы.

Түркмендердің көпшілігі қазан айында болатын рақымшылықты асыға күтіп жүр. Шихмұрадовтың ұлы әкесіне кешірілім жасалатынына оншалықты сене алмайды. Ниязов режимінің тағы бір құрбаны, «Азаттық» радиосының тілшісі Оғулсапар Мұрадованың түркмен түрмесіндегі жұмбақ өлім жайындағы мәселе Бердімұхамедовтың Кондолиза Райспен кездесуі алдында көтерілген болатын.

Ал Түркмен президенті мен АҚШ мемлекттік хатшысының кездесуі негізінен Түркменстан экономикасына арналды. Олар сондай-ақ саяси бостандық пен Түркмен соттарының тәуелсіздігі туралы мәселелерді де талқылады. Ол екеуінің келіссөздерінде Мұрадованың өлімі немесе саяси тұтқындар тағдыры туралы әңгіме болған, болмағаны белгісіз.

АҚШ-ғы Дін еркіндігі жөніндегі комиссияның аға саяси талдаушысы Катерин Косман түркмен халқы Бердімұхамедов жақын арада біраз өзгерістер жасайды деп үміттенетіндігін, бірақ та адам хұқтары жағдайын жақсарту үшін көп уақыт керек екендігін айтады.

- Үкімет бірқатар символикалық қадамдар жасау үстінде, әзірге тек символикалық біреуі - ол құрылымдық реформалар қолға алынған.

Түркмен үкіметінің маңызды қадамының бірі тамыз айында 11 тұтқынның түрмеден босатылғандығы. Бостандыққа шыққандардың арасында Түркменнің бұрынғы муфтиі Насырулла ибн Ибадулла болды, оған Мемлекеттік дін істері кеңесінде жұмыс істеуге мұрсат етілді. Байрам Бердімұхамедов саяси тұтқындардың бірқатарының түрмеден босатылуы елде аздап болса да, саяси еркіндіктің көрінісі біліне бастағанын көрсетеді дейді.
XS
SM
MD
LG