«Мегаполис» газетінде Алматы қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің 109 жер учаскесінің ол әкім болғанға дейін, яғни, 2005 жылға дейін берілгендігін тілге тиек етеді. «Мен жеке меншік үй құрылысына жер беру туралы 5 қаулыға қол қойдым. Олар – елші Дәменов, елші Қабдрахманов, Мұрат Әуезов және өнер саңлағы Ермек Серкебаев. Бірақ Серкебаев одан өзі келіп, бас тартты», - дейді Алматы қаласы әкімі Иманғали Тасмағамбетов.
Дегенмен, бұл уақытта «Айқын» газеті Ләйлә Храпунованың «Бірқатар қоғамдық ұйымдар, одақтар және бұқаралық ақпарат құралдарының "бір демде" Алматы қаласының қазіргі басшылығы мүддесін жақтап жұмылғанына қарап, таңғалмасқа шара жоқ. Виктор Вячеславовичке жасалған шабуыл жалғасып келе жатқанына үш жылдың жүзі болды. Үш жыл бұрынғысын түсінуге болар. Әлдекімдерге "виртуалды дұшпанның" бейнесі қажет болған сияқты», - деген сөздерін басады. Ал бұл орайда өз пікірін білдірген Қазақстан коммунистер партиясының лидері Серікболсын Әбділдин «жауапты адамдар заң алдында бірдей болуы керек. Үкіметтік комиссияның кінәлілерді анықтап, істі аяғына жеткізеріне күмәнім бар. Өйткені Храпуновты мемлекеттік комиссияға мүшелікке кіргізіп қойыпты. Олай болса, комиссияға Тасмағамбетовты де енгізу керек еді ғой», - деген пікірін білдіреді. Ал Ләйлә ханымның дүйім жұртқа ашық хат жолдауы, коммунист Әбділдиннің пікірінше, Храпунов мырзаның әлсіздігін аңғартады.
«Жас алаш» газеті Храпунованың хаты мен Дариға Назарбаеваның былтырғы жылы жазған «Де жа вю» атты мақаласынан ұқсастық іздейді. «Осы мәлімдемелер мен хаттардың қайқайсысын оқып қарасаңыз да, ең әуелі кеше ғана дәмдес-тұздас болған адамдарынан өш алғысы келгендей, аймандай қылғысы келгендей іштей қатты ширыққан долылық бар», - дейді мақала авторы. Оның айтуынша, Рахат Әлиев басқа амалы қалмаған соңы басын арашалау үшін қарсы шапса, Ләйлә Храпунова өзінің таудағы жер тілімін сөз қылғандарды жерден алып, жерге салады. «Рахаттың жауы белгілі – Назарбаев, ал Ләйләнікі - Тасмағамбетов», - деп есептейді «Жас алаш» газеті. «Қаздай тізілген фактілер соны меңзейді. Шығармашылық ұйымардың жееткшілерін шенегені бер жағы ғана», - дейді мақала авторы.
Айтқандай-ақ, заңсыз құрылыстардың салынуы мәселесін көтеріп жүрген Қазақстанның журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев «Время» газетінде Лейлә Храпунованы «Қасиетті әйел» дейді. Оның пікірінше, ол «өзінің отбасын, өзінің күйеуін қорғап отыр». Дегенмен, «егер сенің үйің болса, онда одан бала бақша мен шипажайлар салайық деп айт. Ал ол болса, түсініксіз айыптар тағады. Мысалы, менің Казкоммерцбанкке, басқасына да қатысым жоқ», - дейді Сейтқазы Матаев «Время» газетінде. Ол өзі басқаратын бастамашыл топты бәз-біреулер өзара есепайырысу үшін пайдаланып отыр деп, уақытша бұл бағыттағы қызметін шешім шыққанша тоқтатқанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, Алматы маңындағы қорғалатын аймақтарда салынған құрылыс нысандары бойынша түпкілікті шешім қазанның 20-сында шығуы тиіс.