Accessibility links

АҚШ әскерінің жетекшісі тәжірибеге емес, саясатқа қаншалықты сүйенді деген мәселе шықты


АҚШ әскери басшылығы ауысып, Ирақ соғысының стратегиясы қаншалықты дұрыс болды деген мәселе тағы пікірталас туғызып отыр. АҚШ Штаб бастықтары комитетінің төрағасы, генерал Питер Пейс қызметінен алынды, оның орнына адмирал Майк Мюллен тағайындалды. АҚШ Штаб бастықтары комитеті - әскери мәселелер бойынша ел президентіне кеңес беретін мекеме. Бұл мекеменің төрағасы, генерал Питер Пейс Ирақ соғысы мәселесінде бейтарап қалмаған, саясат жетегінде кетіп қалды, әскери тәжірибесіне нақты сүйенбеді деген мәселе шығып отыр.

АҚШ Штаб бастықтары комитетінің төрағасының кандидатурасы Сенатта қаралады, бұл қызметтің өкілдігі екі жыл. Осыдан төрт ай бұрын ғана қорғаныс министрі Роберт Гейтс генерал Питер Пейсті екінші мерзімге ұсынғым келеді деген. Министр Гейтс мекеме төрағалығына абыройсыз Ирақ соғысына қатысы бар қолбасшының тағайындалмағаны жөн, Питер Пейстің жеке табыстары болғанымен, Ирақ соғысынандағы сәтсіздікке қатысы жоқ адам қажет болып тұр деп айтты.

АҚШ саяси элитасындағы көптеген адам Ираққа әскер кіргізу жоспары және одан кейінгі қимыл стратегиясы дұрыс жасалмаған, сондықтан АҚШ әскері осы күнге дейін соғыс қимылдарын жүргізуге мәжбүр дейді. Стратегия қатесі бұрынғы қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтен басталды делінеді. Дональд Рамсфельд әскер саны емес, сапасы маңыздырақ, саны аз болса да, бірақ жан-жақты қаруланған және қамтылған азғантай ғана әскер әлде қайда қолайлы дейтін. Бұл жайында пікірталас жүріп жатқан кезеңде Ираққа әскер кіргізіліп, Ирақ президенті Саддам Хұсейн биліктен кетірілді, бұдан соң пікірталас та басылған еді. Алайда, Ирақта көтерілісшілер толқындары көбейген соң, "Әл Қаида" тарабынан шабуылдар ұлғайған соң Ираққа кіргізілген әскер саны жеткіліксіз болғаны біржолата анықталды.

АҚШ әскери сарапшыларының бірі, отставкадағы полковник Кеннет Эллард ел әскерінің басшылығы саяси ықпалда болған, мәселе осында дейді. АҚШ қорғаныс министрі қызметіне әдетте әскери емес тұлғалар тағайындалады. Бірақ әскери қолбасшылар қорғаныс министрі мен президентке кеңес бергенде саясат жетегінде кетпеуі керек, олар әскери тәжірибеге сүйенуі тиіс. Питер Пейстің қателігі осында, ол президент Бушқа кеңес бергенде өз тәжірибесіне емес, қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтің көңіліне қарады, дейді сарапшы Кеннет Эллард:

- Дональд Рамсфельд Штаб бастықтары комитетін, тіпті әскердің өзін әлем алдында абыройынан айырды деп көптеген жағдайда жөнімен айтсаңыз болады. Дәл қазір әскер ішінде абыройымыздан қаншалықты айырылдық, жағымпаз буынына қаншалықты айналдық деген пікірталас жүріп жатыр.

Сарапшы Кеннет Эллард әскер жетекшілері қызметтерінде саясатты емес, әскери тәжірибені басшылыққа алу керек дейді. Қолбасшының үстіндегі әскери емес жетекші жөнсіз бұйрықты орындауға мәжбүрлесе - қолбасшының қызметінен кетіп қалғаны жөн, әскери стратегияға қайшы келетін бұйрықтың жетегінде кетпеу керек, дейді Кеннет Эллард.

Вашингтон қаласында жұмыс істейтін әскери сарапшы Фредерик Каган Ирақ соғысы мәселесінде Питер Пейстің президент Бушқа не айтқанын ешкім нақты білмейді, сондықтан соғыс стратегиясы Питер Пейстің себебінен дұрыс шықпады дегенге негіз жоқ дейді:

- Бұл сауалға иә алай, не бұлай жауап беруге ешқандай дәлелім жоқ. Генерал Пейс - кәсіби офицер, мемлекет үшін тиімді болады деп түсінген қимылын жасады деп білемін. Ол заты дұрыс емес деген нәрсені жасауға мәжбүр болды деп жорамалдауға негіз беретін ешқандай дәлел жайында хабарым жоқ.

Сарапшы Фредерик Каган 1986 жылы қабылданған заңға сәйкес, соғыста жеңіске жету міндеті ел президентіне, қорғаныс министріне және соғыс алаңындағы қолбасшыларға қойылған дейді. Ал әр штабтың бастығы тікелей өз саласының мүддесіне жауап береді, дейді сарапшы Фредерик Каган. Бұл деген сөз - әскери теңіз флотының штаб бастығы флоттың мүддесіне жауапты, әуе күштер саласының штаб бастығы әуе күштер мүддесіне жауапты. Ал соғыс алаңындағы қимылдардың нәтижесіне Америка Құрама Штаттарында қорғаныс министрі, ел президенті және соғыс алаңындағы әскери басшылар жауапты делінеді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG