Accessibility links

Баспасөзге шолу. 10.20.2007 жыл


Сенбі күні жарық көрген басылымдар құрылыс саласы төңірегіндегі жанжалдар мен дау-дамайларға назар аударады. Мысалы, газеттердің бірінде Алматы маңындағы шұрайлы жерлердегі құрылыс нысандарының заңдылығын тексеруге бағыттталған үкіметтік комиссияның құрамындағы қоғамдық топ мүшесі, өнер қайраткері Тимур Сүлейменов осы үкіметтік комиссияның мүшесі, Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Виктор Храпуновты өзіне қысым көрсетіп, жалған ақпарат таратты деп айтыптайды. Сонымен бірге құрылыс саласына ақша құйған салымшыларды қорғау мақсатында екінші деңгейдегі банктерді қаржыландыру туралы ұсыныс та қарама-қайшы пікірлерге негіз болыпты.

Сенбі күні «Время» газетінде Алматы қаласы маңындағы шұрайлы жерлердегі құрылыс нысандарының салынуын тексеруге байланысты құрылған комиссияға қатысты тағы бір жанжалдың беті ашылды. Осы үкіметтік комиссияның құрамындағы қоғамдық бастамашыл топтың мүшесі, Қазақстанның дизайнерлер одағының төрағасы Тимур Сүлейменов өзіне қатысты интернетте жарияланған «Алатау бөктерінде үй-жайы бар» деген ақпаратты теріске шығарып, өзін қорлайтын мұндай қауесетті үкіметтік комиссияның мүшесі, Төтенше жағдайлар жөніндегі министр Виктор Храпунов таратып отыр деді. «Бұл ойынды жүргізіп отырған - тап соның өзі. Өйткені, мені оны бірнеше мәрте сынға алғам. Ол маған телефон шалып, қоққан-лоққы көрсетті. 5 мәрте ел алдында оның Алматы қаласы әкімі болып тұрған кезіндегі теріс іс-әрекеттерін айтқанымды еске салды», - дейді Қазақстанның дизайнерлер одағының төрағасы Тимур Сүлейменов «Время» газетінде. Әрі қарай Тимур Сүлейменов Храпунов мырзаның әкімдіктен кеткен кезіндегі соңғы қаулысы Қазақстанның Дизайнерлер Одағының ғимаратын белгісіз бір компанияға 2 миллион теңгеге сатуы туралы болғандығын тілге тиек етеді. Оның сөзіне қарағанда, бұл ғимаратты сатып алмақшы болған компанияның басты құрылтайшысы 1900 туған бір азамат болып шыққан. «Бұл 2005 жылғы оқиға. Сонда құрылтайшының жасы қаншада болған десеңізші?!» - деп таңданысын білдіреді Тимур Сүлейменов. Оның айтуынша, Храпунов Алматы қаласы әкімі болып тұрған кезінде қаладағы тарихи ескерткіштер қатарына жататын, кезінде генерал-губернатор Колпаковскийге тиесілі болған ғимарат пен Жасөспірімдер театры ғимараты алынып тасталған. «Қорқытып-үркіту мен түрлі құйтырқы әрекеттерге қарамастан, Сүйлейменов Храпуновты айыптайтын сөздерін доғармайтынын» жазады «Время» газетінің тілшісі.

Алайда, баспана төңірегіндегі таластың қорқытып-үркітумен шектелмей, кейде адам өліміне соқтыратынына тоқталады «Литер» газеті. Мақалада Қарағандыда «қара маклерлердің» 83 жастағы зейнеткерді ұрлап алып, оның о дүниелік болуы үшін жапан түзге лақтырып тастағандары баяндалады. Қылмыскерлер оның екі бөлмелі пәтерін өз аттарына аударып алмақшы болған. Бірақ кемпір тосыннан тірі қалып, қазір бұл іспен тергеу орындары айналысуда» деп хабарлайды «Литер» газеті. «Соған қарағанда, жалғыз басты қарияға пәтер иесі болу өте қиынға соқпақ. Қорғансыз зейнеткер – «қара маклерлер» үшін таптырмас жемтік. Олар баспана үшін егде жандарды өлтіруге бар»,- деп жазады газет тілшісі. Сонымен бірге осы газеттегі келесі мақалада «Астанадағы орташа жаңа пәтердің шаршы метрі 1200 доллар бола ма?» деген сауал қойылады. Ірі құрылысшылар: «Жоқ», - деп, пәтердің әр шаршы метрін 800 доллардан ұсынатындарға сенбеуге шақырады. Олардың есебінше, келесі жылы жаңа үйлердің әр шаршы метрі 1800-2000 доллар болмақ. «Бірақ құрылыс саласымен байланысты сарапшылар «ия» деп отыр», - деп жазады «Литер» газеті.

«Тасжарған» газеті Қазақстан президентінің қажет бола қалған жағдайда екінші деңгейдегі банктерге қолдау ретінде 4 миллиард доллар бөлу қажеттігі туралы пікірін талдауға бірнеше мақала арнайды. Қазақстан президенті өз сөзінде баспана құрылысына ақша салған салымшылар, шағын және орта бизнес өкілдері зардап шекпеуі тиіс деген. «Бірақ бұл ақшаны бюджеттен алатын болса, бұл халықтың қазынасы ғой. Бұл деніңіз – бір жылғы мемлекеттік бюджеттің үштен бір бөлігіне пара-пар сома. Халықтың есебінен коммерциялық, жеке меншіктегі банкілерді қолдау – қайдан шыққан экономикалық қисап?» - деп таңданыс білдіреді журналист Ермұрат Бапи «Тасжарған» газетінде. Ал осы газетте өз пікірін білдірген саясаткер, бұрынғы бизнесмен Болат Әбілов бұл жаңалықты «банк базарын қайта бөліске салу» деп бағалайды. Оның пікірінше, «Ақордада коммерциялық банктерге әмірін жүргізіп, бәлкім, банк базарын бөліске салудың құралы пайда болды». Болат Әбілов енді миллиардтаған ақшаның коммерциялық банктерден қазіргі премьер-министр Мәсімовке жақын ерлі-зайыпты Құлыбаевтардың иелігіндегі «Халық банкіне» өтетіндігін тілге тиек етеді.

Алайда бұл уақытта «Экспресс К» газеті екінші деңгейдегі банктерді қолдауға мемлекеттен қомақты соманың бөлінуін қолдап пікірін білдірген сарапшылардың пікірін жариялайды. Мысалы, Қазақстан кәсіпкерлер Форумының төрағасы Райымбек Баталов: «Қиын сәтте үкіметтің қаржы саласына қол ұшын беруі дұрыс және батыс инвесторларының бәрі министрлер кабинетінің екінші деңгейдегі банктердің жойылуына жол бермейтіндігін көріп отыр» десе, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қорының» басшысы Госман Әмрин «ең бастысы бұл экономиканың негізгі салаларын қаржыландыру ауқымын азайтпайды», - дейді.
XS
SM
MD
LG