Accessibility links

Түркменстан президентінің Брюссельге 2-күндік сапары басталды


Дүйсенбі күні Түркменстан президенті Гурбангулы Бердымұхаммедов Брюссельге 2-күндік сапармен келді. Еуропа Одағының ресмилері Түркмен президентін сақтықпен оптимистік жағдайда қарсы алды. “Азаттыққа” сұхбат берген Еуроодақ ресмилерінің айтуынша, Еуропа Одағы Бердымұхаммедовтың осыған дейінгі әрекеттерін қолдап, биліктің қазіргі аутократиялық мінезінен алшақтату үшін Түркменстанмен жақынырақ қарым-қатынас жасап, оған көмек көрсеткісі келеді. Бірақ “Азаттық” радиосының Брюссельдегі тілшісі хабарлағандай, Еуропа Одағы Ашхабадтың адам хұқтары жағдайына мән бермей, Түркменстанның табиғи газына көбірек қол жеткізуді қалайтын тәрізді.

Еуропа Одағы президент Бердымұхаммедовпен келісімдер жасаймыз деп үміттеніп отыр. Себебі, Түркменстан әкімшілігі өте үлкен табиғи газ қорларын басқарады. Бірақ оның нақты көлемі белгісіз.

Бердымұхаммедов билікке келіп, елдің бұрынғы президенті Сапармұрат Ниязовтың оқшаулау саясатын біршама өзгертті. Ол елдің әлеуметтік және білім саласына қатысты реформалар жасады. Сонымен қатар ол Еуроодақ пен басқа да халықаралық мекемелердің Түркменстандағы адам хұқтары жағдайы туралы сұрақтарына жауап беруге ынталы сияқты. Осы тұрғыдан қарағанда, бұл Еуропа Одағының мүддесін қорғау үшін жеткілікті десе болады.

Еуроодақтың сыртқы қарым-қатынастары бойынша комиссары Бенита Ферреро-Уалднер Еуропа Одағы Бердымұхаммедовтың осыған дейінгі бағытын қоштайды деген. Уалднер ханым, сондай-ақ, Түркменстанда реформалар жасалса Еуропа Одағы бұл елмен жақынырақ қарым-қатынас жасайды және көбірек жәрдем береді деп уәде берген. Бұл туралы оның баспасөз-хатшысы Кристина Хохман “Азаттыққа” берген сұхбатында айтты.

“Комиссар Түркменстанда көбірек жұмыс атқарылуы керек деп анық айтты. Бұл мемлекет мейлінше көбірек жұмыс атқарса, Еуропа оған өз есігін ашып көмектеседі”, - деді Хохман.

Ресмилердің айтуынша, Еуропа Одағы әсіресе Түркмен президентінің 11 саяси тұтқынға рахымшылық жасау жөніндегі шешімін жылы қабылдаған. Түрмеден босатылғандардың арасында елдің бұрынғы бас муфтиі бар. Еуроодақ сондай-ақ Түркменстанда адам хұқтары бойынша үкіметтік мекеменің құрылғанын қоштады. Десе де, аты-жөнін жарияламауды сұраған комиссияның бір өкілі Бердымұхаммедов дүйсенбі күнгі кездесуде ешқандай уәде бермеді деді.

Түркменстан президенті, сондай-ақ, Еуропа Комиссиясының президенті Жозе Мануэль Барроссо, одақтың энергия бойынша комиссары Андрис Пибалгс және Еуроодақтың сауда мәселесі бойынша комиссары Питер Манделсонмен кездесті.

Брюссельге сапары барысында Бердымұхаммедов сондай-ақ НАТО бас-хатшысы Яап Де Хооп Схеффермен және Еуроодақтың сыртқы саясат басшысы Хавиер Соланамен кездеседі деп жоспарланған. Бұл келіссөздерде Ауғанстаннан шығатын есірткі саудасы проблемасы талқыланатын көрінеді.

Еуропа Одағының есептеріне қарағанда, Түрменстанның табиғи газ қоры 2.9 триллион текше метрге жетеді. Бірақ Ашхабат газ қорымыз одан да көп деп айтқан болатын.

Еуроодақ ресмилері мамыр айында Ресей, Түркменстан, және Қазақстан тарапынан қол қойылған келісім, яғни Каспий жағалауында жаңа құбыр салу жөніндегі келісім кешігетін сияқты дейді. Ал бұл өз кезегінде Қазақстаннан немесе Түркменстаннан Әзірбайжанға жететін құбыр салу жобасына қатысты Еуроодақ қолдап отырған әрекеттерге жаңа күш берді. Ал Әзірбайжаннан газ кейін Грузия арқылы Түркия мен Еуропаға тасымалданылуы мүмкін.

Сондықтан Бердымұхаммедовтың Брюссельге сапары Еуроодақ ресмилері үшін маңызды мүмкіндік деп есептеледі. Ресмилердің айтуынша, Еуроодақтың энергетика компаниялары осы жобаны іске асыру үшін қажет болған барлық инвестицияларды құюға дайын тұр.

Брюссель сондай-ақ Түркменстанның құбыр үшін жеткілікті газ экспорттай алатынына кепілдік алғысы келеді. Айта кету керек, Еуроодақ, Түркменстан, Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия ресмилері қатысатын кездесу қарашаның 23-не жоспарланған. Егер барлық нәрсе ойдағыдай өтсе, осы жоспарды іске асыру үшін келесі жылы жоғары дәрежелі кездесу ұйымдастырылуы мүмкін.
XS
SM
MD
LG