Accessibility links

Гурбанқұлы Бердімұхамедов Еуропа Одағында қонақ болды


Түркіменстан президенті Гурбанқұлы Бердімұхамедов Брюссель қаласында Еуропа Одағының басшыларымен келіссөз өткізді, НАТО одағының жетекшілерімен де кездесіп жатыр. Еуропа Одағы Түркіменстан басшылығын авторитарлық билік тәсілін доғарып, Еуропа Одағымен тығыз қарым-қатынас құруға ынталандырып отыр. Тағы бір мәселе - Еуропа Одағы Түркіменстаннан табиғи газ алуға мүдделі.

Екі тарап қатынастары елдің бұрынғы президенті Сапармұрад Ниязовтың тұсында дамығаны былай тұрсын, бір қалыпта болғаны былай тұрсын, тіпті тоқтап қалған. Ниязов Түркіменстанды сыртқы әлемнен оқшауландырып тастаған. Еуропа парламенті 2006 жылы Түркіменстандағы адам құқықтарының мәселесін талқылап, қатты сын айтқан. Еуропа Одағы Түркіменстанмен арадағы сауда келісімін сол үшін де тоқтатып тастаған. Екі тарап арасындағы "Ынтымақтастық және әріптестік келісімі" де тоқтап қалған.

Енді міне елдің жаңа президенті Гурбанқұлы Бердімұхамедов билік басына келген бір жылдың ішінде оқшаулану саясатын тоқтатуға ниет білдіріп жатыр. Еуропа Одағы қазіргі келіссөздерде Түркіменстанға шарт қойып жатыр, шарт мәні – елде адам құқықтарының жағдайы жақсарса екі тарап әріптестігі кеңеймек, сауда келісімі күшіне кірмек.

Түркіменстан үкіметі осы бағытта кейбір шараны бастап жатыр деген мәлімет айтылды. Нақты айтқанда, елде адам құқықтары мәселесі бойынша комиссия құрылмақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының демеуімен адам құқықтарын қорғау жобасы атқарылмақ. Еуропа Одағының сыртқы қатынастар үйлестірушісі Бенита Ферреро-Валднер кеше президент Гурбанқұлы Бердімұхамедовпен кездескенде бұл ниетті жылы қабылдады, дегенмен, "Ынтымақтастық және әріптестік келісімін" қайта іске қосу үшін әлі талау шаруа атқару керек деп көрсетті. Бұл туралы радиомызға Еуропа Одағының ресми өкілі Кристина Хохман айтты:

- Үйлестіруші Бенита Ферреро-Валднер әлі талай шаруа атқарылу керек екенін өте анық айтты. Түркіменстан көбірек шаруа атқарса, Еуропа есігі кеңірек ашылады, көмек көрсетіле басталады деп айтылды.

Ал енді елде адам құқықтары аяусыз тапталып жатқаны аян. Бас пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан "Хьюман райтс уотч" адам құқықтарын қорғау ұйымы Түркіменстанда жүздеген адам саяси себептер бойынша әділетсіз сотталып, түрмеде қамалып жатыр дейді. Түркіменстанда баспасөз бостандығына және сөз бостандығына қойылған аса қатаң шектеулер әлі алынбай жатыр. Вена қаласында орналасқан "Адам құқықтары жөніндегі Түркімен бастамасы" деген ұйым Еуропа Одағы мен Түркіменстан тығыз қатынас құрса екі тарапқа да пайдасы тиеді дейді, дегенмен түркімен халқының жағдайы мүшкіл қалып отыр деп зейін қояды.

Еуропа Одағы Түркіменстаннан табиғи газды тікелей алуға мүдделі. Еуропа Одағының пайымдауынша, Түркменстанда 2,9 миллиард текше метр табиғи газ қоры бар. Осы тұрғыдан қарағанда, Түркіменстан әлем бойынша табиғи газы ең көп оныншы ел болып отыр. Алайда түркімен газының көпшілігін Ресей сатып алып қояды, Ресей бір мың текше метр газға 100 доллардан төлейді. Түркіменстан үкіметі бір мың текше метр газды 150 долларда сату есебіміз бар дейді, бірақ ол үшін Түркіменстан табиғи газды Батыс Еуропаға Ресей жерін айналып жеткізуге мүдделі. Бірақ Түркіменстанның жаңа президенті бұған бара қоя ма – бұл жағы анық емес.

Түркіменстан, Қазақстан және Ресей президенттері Каспий теңізінің жағалауында жаңа газ құбыржолын салуға келісіп, осы мамыр айында келісімге қол қойған. Алайда, бұл келісім орындалмай жатқан сияқты. Бұл Еуропа Одағының үмітін кеңейтіп отыр, Еуропа Одағы түркімен газын Каспий теңізінің табанымен Әзірбайжанға жеткізсе жөн, одан ары Грузия және Түркия арқылы тасымалдаса жөн деп, осы жобаны алға тартып келеді. Ресми өкілдер Еуропа Одағының энергетикалық компаниялары бұл жобаға қаржы салуға дайын дейді. Бұл мәселе қараша айының 23-де жеке мәслихатта талқыланбақ. Ол мәслихатқа Еуропа Одағы мен Түркіменстан өкілдерімен қатар Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия ресми өкілдері қатыспақ.
XS
SM
MD
LG