Accessibility links

Орта Азия: діни экстремизмге қарсы күресте мемлекеттің рөліне деген күдік сейілмей отыр


Орта Азия елдеріндегі ресми билік тарапынан тағайындалған дін басылары діни экстремизм мен терроризмге тойтарыс беретін іс-шараны қолға алғандарын мәлімдейді. Өткен қазан айының соңында Қазақстанның “оңтүстік астанасы” – Алматы қаласында Орта Азияның біріккен діни Кеңесі құрылып, жаңа құрылым айына бір жиналатын болды. “Азаттық” Радиосының тілшісі осы Кеңестің алдында көлденең тұрған ең бірінші тосқауыл - Орта Азия халқының басым көпшілігін құрайтын мұсылмандардың және де мемлекет тағайындаған дін басыларының арасындағы кең қанат жайған сенімсіздік проблемасын тиянақты зерттеп көрген болатын.

Қазақстан мен Қырғызстанның және Өзбекстанның діни өкілдері Орта Азияның біріккен діни Кеңесін құрғандарын мәлімдеді. Шенеунектердің хабарлауынша, Тәжікстан мен Түркіменстанның дін өкілдері ауа райының бұзылуы салдарынан дер кезінде ұшып келе алмады, бірақ олар да осы Кеңеске қосылады. Жаңадан құрылған Кеңесті 3 жыл бойы басқаратын және Қазақстанның бас мүфтиінің өкілі Оңғар қажы “Азаттыққа” берген сұхбатында атап көрсеткендей, жаңа құрылым түрлі “...измге” қарсы тұрады. Оның сөзіне қарағанда, Орта Азияның барлық 5 мемлекеті де исламның атын жамылған әсіре дін ұйымдардан төнген осындай қатердің алдында тұр. Орта Азияның біріккен діни Кеңесі осындай қауіп-қатерге күш біріктіре отырып тойтарыс бермекші.

ОҢҒАР ҚАЖЫ: “Олардың мақсаты бірдей... Алдағы уақытта қандайда бір мәселе шыға қалса, оны бірлесе отырып шешетін болады, қайсыбір проблема пайда болса, оны бас қоса отырып ақылдасатын болады”.

Жаңа діни құрылым Орта Азиядағы барлық 5 мемлекеттің саяси лидерлерінің “ақ батасын” алғанға ұқсайды. Алматы қаласындағы басқосуға оның жұмысына “дұрыс” бағыт-бағдар беру мақсатымен Қазақстанның Әділет министрі Зағипа Бәлиева да қатысты.

З.БӘЛИЕВА: “Соңғы жылдары діни бірлестіктердің саны айтарлықтай өсті. Сыртқы күштердің ықпалынан Қазақстан аумағында қоғамды толығымен “исламдандыруды” немесе христиандандыруды көздеген әсіре діни бағыттардың кең қанат жаюымен тікелей байланысты проблемардың шығу мүмкіндігі туып отыр”.

Дегенмен де Орта Азияның біріккен діни Кеңесін құру мен оған кең құзырдың берілуі осы аймақтың діни көсемдері мен сарапшыларының қарама-қайшы ой-пікірлерін туғызды. Мысалға, “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Қырғызстандағы саяси зерттеулер Орталығының сарапшысы Нұр Омаров атап көрсеткендей, ресми билік тағайындаған дін басыларына қоғам тарапынан үлкен сенімсіздік туып отырған тұста біріккен діни Кеңестің алдына қойған ұлы жоспарларын орындай алуы екіталай.

Н.ОМАРОВ: “Олар, мысалға, дұға оқу үшін жиналған жұртпен араласқанда, менің көзқарасым бойынша, ресми дін қызметкерлері өздерін зайырлы мемлекеттің шенеунектері сияқты ұстайды. Олар әрбір діндар азаматтың сана-сезіміне бойлап жатпайды. Ия, ашығын айтса, олар көбіне қарапайым діндар адамдарға немқұрайды, менсінбей қарайды. Оған қоса ресми дін қызметкерлері туралы “сыбайластық жемқорлықпен және тағы басқамен айналысты” деген түрлі әңгіме, қауесет айтылады. Міне мұның барлығы, әрине, олардың қарапайым жұрт арасындағы абыройына кір келтірмей қоймайды”.

Мұхиддин Кабири (Muhiddin Kabiri) – Орта Азия аймағындағы ресми түрде тіркелген және нағыз ислам құрылымы болып табылатын жападан жалғыз діни саяси ұйым - Тәжікстандағы Исламның қайта өрлеу партиясының лидері. Ресми билік тағайындаған барлық деңгейдегі дін басыларына бұқара халықтың онша көп сенім артпайтыны біріккен діни Кеңестің жұмысына бөгет болатынын Кабири де мойындайды. Оның сөзіне қарағанда, осы аймақтағы ислам экстремизміне қарсы тұру үшін жаңа Кеңес діни топтармен ортақ тіл тауып, солардың қолдауына ие болуға тиіс. Сонымен қатар, -деп мәлімдейді М.Кабири, -жаңа Кеңес көпшілік жұрт құрметтейтін және сенім артатын, әсіресе жастардың алдында абырой-беделі бар жергілікті дін көсемдерімен және рухани лидерлермен тығыз іс атқаруға тиіс.

М.КАБИРИ: “Ең өкініштісі, ондай ұйымдардың құрамында шынайы дін қайраткерлері мен көсемдері жоқ. Олар аластатылған. Олардың ықпал-беделі бар, оларды құрметтейді, қадір тұтады. Бірақ олар діни экстремизмнің етек жаюына бөгет болу үшін өздерінің ықпалын қолдана алмайды. Өйткені, олардың ешқандай ресми лауазымы жоқ”.

Кабиридің атап көрсетуінше, қалың бұқараның арасында абырой-беделі жоғары дін лидерлеріне ресми билік керісінше күдікпен қарайды. Осындай дін көсемдерінің бірқатарын әсіресе Өзбекстан мен Түркіменстанның және Тәжікстанның қауіпсіздік қызметтері қуғынға ұшыратты.
XS
SM
MD
LG