«Алайда Қазақстанның аталмыш ұйымға төраға болуын былайша кейінге қалтыру қалайда 2009-жылы төраға болуды көксеп бар күшін жұмсап отырған Қазақстанның авторитарлық президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ренішін туғызуы да әбден мүмкін» деп болжам жасайды «Файненшл таймс» газеті. Ал ЕҚЫҰ-ның дипломаттары болса бұл кейіндетудің себептері мен мән-жайын Қазақстан жетекшісі жақсы түсініп, қабылдауы тиіс деген ойда. «Яғни, Қазақстанға аталмыш ұйымға 2010 жылы не 2011 жылы төраға болу мүмкіндігі беріле отырып, Қазақстан басшылығынан елдегі демократияны еркін дамытуды тағы да талап етпекші» деп жазады мақала авторлары.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төраға болуына қарсы болып отырған үш мемлекет - АҚШ, Ұлыбритания және Чехия елдері Қазақстанның осы ұйымның адам құқықтары, демократияны дамыту мәселеріне қатысты негізгі принциптерін орындамай отырғандығын сынға алып отыр. «Мысалы, елдегі оппозиция жетекшілері Қазақстан демократиялық реформалар жүргізуде кейін кетіп отырғандығын айтады. 1991 ші жылдан бері үзбей ел басқарып келе жатқан Н.Назарбаев өзінің өмір бойы ел басқару билікте болуын рұқсат еткен заңға өзі қол қойды, ал биылғы тамыз айында өткен парламент сайлауында президенттің «Нұр Отан» партиясы жалғыз өзі жеңіп, парламенттің бір партиялы органға айналғаны – ЕҚЫҰ-ның принциптері мен стандарттарынан кейін кетушілік болды. Сондықтан осының бәрін жақсарту үшін Қазақстанға тағы бір рет мүмкіндік берілгелі отыр» деп жазады «Файненшл таймс» газеті.