Accessibility links

Ресей Европадағы кәдімгі қарулы күштер келісіміне қатысуын тоқтатты


Президент Владимир Путин қырғи-қабақ соғыс жылдарынан қалған Европада танктер мен басқа да қару-жарақты орналастыруға шектеу қоятын қарапайым қарулы күштер келісіміне Ресейдің қатысуын тоқтататын заңға қол қойды. Ресейдің мұндай шешім қабылдайтындығы турасында көптен бері айтылып келе жатқан, енді оның Мемлекеттік дума сайлауы алдында жүзеге асуы Мәскеу мен Батыс арасындағы айтыс-тартысқа тағы бір сызат түсіргендей болды.

Ресейдің аталған келісімге қатысуын ресми түрде тоқтатуы Европа қауіпсіздігіне байланысты алаңдаушылық туғызды. Қаламын бір-ақ рет сілтеу арқылы, Ресей президенті В.Путин осы жылдың шілде айында Ресей Европадағы кәдімгі қарулы күштер келісімінен шығады деп жариялаған жарлығын 150 күннен кейін нақты іс жүзіне асырды.

Ресей Думасының қос палатасы келісімнен шығу туралы заң жобасын осы айдың басында мақұлдаған болатын. Жұма күні Кремль таратқан мәлімдемеде президент Путин Европадағы кәдімгі күштер келісіміне қатысуды тоқтату турасында федералдық заңға қол қойды деп қысқа ғана жазылған.

Аталған заң желтоқсан айының 12-нен бастап күшіне енеді. Сөйтіп ол заң енді Ресейді өз территориясының батысындағы Урал тауларында танктер мен әскери ұшақтар, артиллериясын шектеусіз орналастыруға мүмкіндік береді.

Мадридте Европадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысқан АҚШ пен Евродақ ресмилері Мәскеуге аталған келісімнен шықпауды сұраған соңғы өтініш-тілектерін де айтқан болатын. Баспасөз конференциясы барысында АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Николас Бөрнс былай деген еді:

- Біз кез-келген ел Европада қару-жарақты орналастыру келісімінен біржақты түрде шығып кете алады деп ойламаймыз.

Евродақтың қазіргі төрағасы Португалияның сыртқы істер министрі Луис Амадо егер Ресей шығатын болса, бұл келісімнің болашағының өзі күмәнді болып қалады деп атап көрсетті. Ресей шенеуніктері сөз болып отырған келісімді қырғи-қабақ соғыс кезінен қалған мұра деп, ол қазіргі ғаламдық жағдайда өзінің маңыздылығын жоғалтты деп есептейді.

16 қараша күні Мемлекеттік думаның жоғарғы палатасы - Федералдық кеңес заң жобасын бірауыздан мақұлдағаннан кейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров былай деп атап көрсеткен-ді:

- Біз Европадағы қарулануды шектеу мен қарулануға бақылау саласына тәртіп орнататын қимыл-әрекетті көргіміз келеді. Ал бұл Европадағы қарулы күштер туралы келісімді қайта қарап, жалпы ескірген жүйені үлгілендіру арқылы ғана мүмкін болады.

1992 жылы күшіне енген Европадағы қарапайым күштер келісімі Европада танктер мен қару-жарақты орналастыруға шек қояды. Жалпы Ресей мен одан басқа бұрынғы советтік үш республика - Украина, Қазақстан және Беларус Европадағы кәдімгі қарулы күштер келісімінің екінші нұсқасына қосылып, оны ратификациялаған болатын.

Мәскеу келісім жұмыс істемей отыр, өйткені оның 1999 жылы Стамбулда жаңартылған нұсқасын НАТО-ға мүше елдер толық ратификациялаған жоқ дейді. НАТО болса Ресей жасақтарының Грузия мен Молдовада орналасуына байланысты келісімді ратификациялай алмаймыз дегенді алға тартады. Мәскеу мен НАТО арасындағы ең басты пікір айырмашылығы да міне осы тұрғыда жалғасып келеді.

Енді Ресейдің бұл келісімге қатысуын тоқтатуы - Кремль мен Батыс арасындағы, атап айтқанда АҚШ-тың Орталық Европада зымыраннан қорғаныс базасының бөлшектерін орналастыру, НАТО-ның кеңеюі, Сербияның Косово аймағының болашақ мәртебесі турасындағы пікір қайшылықтарына үстеме мәселе болып қосылды.
XS
SM
MD
LG