Accessibility links

Қазақстанда жаңа жылдан бастап еңбекақы мен зейнетақының ең төмеңгі деңгейі көтерілді


Заңға сәйкес Қазақстанда енді ең төменгі еңбекақы 10515 теңге, ал зейнетақы 7900 теңге болды. Бұл, 2008 жылдың қаңтар айының басындағы бағаммен, ең төменгі еңбекақы мөлшері 87 доллар, зейнетақы деңгейі 65 долларға дейін көтерілгенін көрсетіп отыр. Ал Қазақстанның республикалық кәсіподақтар конфедерациясының мәліметінше, бұл қаржы адамның тек тірі қалуына ғана жету үшін ескерілген.

Астана тұрғыны Ғалиасқар Үмбетов өмір бойы есепші болып жұмыс істеген. Арқалық қаласы ықшамданған соң Астанаға көшіп келген зейнеткер, қазірде ай сайын алатын зейнетақысы күнкөріске жетпеген соң, күзетшілік қызметке қосымша орналасыпты. Ғалиасқар Үмбетовтың айтуынша, сонда да оның бір айда бар тапқан табысы күн көруге жетпейді екен:

- Балалар жұмыс істеп жатқан соң күн көріп отырмыз, әйтпесе зейнетақы ай сайынғы коммуналдық қызмет төлемдерінен артылмайды. Мысалы, 50 шаршы метр үй болса, қазіргі бағаның өзімен 10 мың теңге кетеді. Оны қалай есептеп жатқанын білмеймін. Ең төменгі еңбекақы өскенімен, ол қосылған ақша ең төменгі күнкөріс шегіне қарағанда - аздау. Ең төменгі зейнетақы екі қап ұнға жетеді. Сонда қалай күн көруге болады? Бірінші тоқсанда баға тағы қымбаттаса, онда не болатынын білмеймін мен.

Қазақстанның республикалық кәсіподақтар конфедерациясының мәліметінше, қазір елде өмір сүруге қажет ең төменгі мөлшер 10500 теңге. Дамыған елдердің стандарттарына сәйкес, өмір сүруге қажетті ең төменгі мөлшер орташа еңбекақының жартысына тең болуы шарт. Яғни, Қазақстандағы орташа еңбекақы 50 мың теңге болса, онда тұрғынның ақшасы 25 мың теңгеге жетуі керек, дейді кәсіподақ өкілдері. Қазақстанмен көршілес Ресейде еңбекақы мен зейнетақыны инфляциядан қалдырмау үшін индексация, яғни көтеру шаралары жасалады, ал Қазақстан билігі инфляцияны ескермейді, дейді Кәсіподақтар конфедерациясы төрағасының орынбасары Қайрат Амандықов:

- Жалақының ең төменгі мөлшері жылдың басында тастай болып бекітіледі. Ол жылдың аяғына дейін баға 10 рет көтеріліп жатса да қозғалмайды. Осы кезге дейін баға қанша өсті?! Индексация жасалған жоқ. Қазір ғана 500 теңге қосты. Масқара ғой! Тұтыну себеті, кедейшілік шегі дұрыс қой. Сонда сенің төменгі айлығың да, зейнетақың да соның төңірегінде. Сонда ел тек өліп қалмасын дегеннің айналасында тұр.

Амандықовтың айтуынша, президент Назарбаев тіпті үкіметке ұлттық өмір сүру стандарттарын жақсартуды тапсырған. Бірақ, әлеуметтік ескертулер елеусіз қалды, дейді ол:

- Жылда 2-3 жылға соза береді 2012 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарлама жасаймыз деп. Біз айтамыз қазір баға көтеріліп тұрғанда жасау керек деп. Кедейлер бар, жұмыссыздар бар, инфляция көтеріліп бара жатыр. Алысқа бармай-ақ қояйық, дәрігерлер мен мұғалімдерді алыңыз. Орташа республикалық айлық 50 мың болса, мұғалімдердің орташа айлығы 25 мың теңге. Олардың кәсіподақтары екі рет хат жазды Мәсімовтың үкіметіне, бірақ ешқандай жауап жоқ.

Кәсіподақтардың пікірінше, ең төменгі еңбекақыға да қолы жетпегендер көп. Себебі, жұмыссыздардың басым бөлігі өздігінен қамтамасыз етілген деген атауға іліккен тізімге жатқызылады. Бірақ, мұндай тұрғындар зейнетақы қорына ақша аудармайды. Және олардың еңбек өтілімдері есепке алынбайды. Олардың көбісі кездейсоқ болатын жұмыстың арқасында күн көреді. Еңбек министрлігі Қазақстандағы еңбекақы өсіп келеді және жұмыссыздар саны азайып бара жатыр, дейді. Кедейшілікпен күрес бағдарламасының мақсаты - кедейшілік деңгейін азайту, дейді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенова:

- Біздің жағымыздан, атаулы әлеуметтік көмек көрсету және әлеуметтік саланы реформалау бағдарламасы. Соның бәрі кедейшілікпен күреске арналған.

2007 жылы Қазақстанда ең төменгі еңбекақы 9752 теңге болатын. Есептеп көрсек, биыл 763 теңге қосылды. Ал, ең төменгі зейнетақы былтыр 7236 теңге болатын, яғни енді оған 664 теңге қосылған. Қазақстанның республикалық кәсіподақтар конфедерациясының мәліметінше, қазір елде 8 миллион адам жұмыс істейді. Ал, түрғындардың 1 миллион 200 мыңы зейнеткер. Олардың ішінде 300 мың адам ең төменгі деңгейдегі зейнетақыға тіршілік етіп жатыр.
XS
SM
MD
LG