Accessibility links

Қазақстанның Кәсіпкерлер Форумы мемлекеттік органдардағы парақорлық пен салық заңдылығындағы олқылықтар жеке кәсіпкерліктің аяғына тұсау боп отыр дейді


Қазақстан Кәсіпкерлер форумының президенті Райымбек Батталов бейсенбі күні Алматыда БАҚ өкілдері алдында қазіргі кезде елдегі экономикалық жағдайға қатысты шағын және орта кәсіпкерліктің қиын жағдайға ұшырап отырғандығын мәлімдеді. Ол шағын және орта бизнестің дамуына тосқауыл болып отырған ең басты бір нәрсе ретінде елдегі заңдардың дұрыс еместігін айтты.

Батталовтың айтуынша, ең әуелі елдегі «Салық кодексін» қайта қарау қажет болмақ.

«Өйткені, осы заңда шағын және орта кәсіпкерліктің аяғын буып оның еркін дамуына бөгет жасайтын және осы салада сыбайлас жемқорлықтың тууына мүмкіндік туғызатын көптеген баптар бар. Тек осы Салық кодексіне қатысты кәсіпкерлерден екі жарым мыңнан астам хаттар мен ұсыныстар келіп түсті», - дейді Р.Батталов.

Ал осы кәсіпкерлер форуымының басқарма мүшесі Евгений Бессоновтың айтуынша, бүгінде Қазақстанда тіркелген 849 мыңдай кәсіпорындар бар. Алайда осы кәсіпорындардың 15 проценттейі ғана, яғни 12 мыңдайы орта бизнеспен айналысатын кәсіпорындар болмақ.

«Соңғы айлардағы елдегі экономикалық жағдайдың тұрақсыз болуы және қымбатшылық жағдайы осы орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлердің шағын бизнеске қарай көшуіне апарып отыр. Бұл ел экономикасы үшін жақсылық емес, егерде елдегі ішкі жалпы өнімінің 14 прооцентін ғана осы орта және шағын бизнес берсе, дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50 процентті құрайды», - дейді ол.

Қазақстанның кәсіпкерлер форумы шағын және орта бизнестің дамымай жатқандығына басты себепшінің бірі ретінде осы саладағы сыбайлас жемқорлықты айтады.

«Бұл шағын және орта бизнестің аяғын тұсап отырған үлкен кесел болып тұр», - дейді Е.Бессонов.

Қазақстандағы дәрі-дәрмек, фармацевтика саласын қолдау және дамыту жөніндегі қауымдастықтың президенті Зурият Сыбанқұлованың айтуынша, Қазақстан үікметі мен Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан елдегі фармацевтика саласын қолдауға дамытуға арналған түрлі жобалар мен бағдарламалар, шын мәнінде осы саланы дамытуға, қолдауға бағытталмаған, керісінше, осы салада түрлі қитұрқы жолдармен сыбайлас жемқорлықты көптеп туғызуға себеп болатын жолдарды ашып берген.

«Мысалы, 2005 жылы сол кездегі министр Ербол Досаевтың тұсында қабылданған әкімшілік кодексінде жұмысында қандай бір кемшілік болған дәріханаларға 100 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы бап кіргізілгендіктен өз жанын әрең көріп отырған дәріханалар бұдан соң дәрі-дәрмектің бағасын көтермеуге басқа амалы қалмады. Ал бұл айналып келіп қарапайым халыққа ауыр тиіп отыр дегенді үкімет неге ескермейді, білмейді?», - деп сұрақ қояды ол.

Қазақстанның кеден брокерлері қауымдастығының төрағасы Геннадий Шестаков сыбайлас жемқорлық жайлаған жердің бірі осы - кеден қызметі деп отыр.

«Кеден саласын басқаруға жаңа басшылар келіп, олар темірдей тәртіп орнатамыз, сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабамыз деп қаншама уәде берсе де жағдай сол қалпында түзелмей тұр», - дейді ол.

Қазақстандағы орта және шағын бизнес жағдайына алаңдап оны дамыту қажет деп отырған кәсіпкерлер форумы үкімет тез арады осы салаға арнап 10 млрд доллар көлемінде несиелік қаржы бөлсе дегенді айтып отыр.
XS
SM
MD
LG