Accessibility links

СТАМБҰЛДАҒЫ САЙҚЫМАЗАҚТАР (қазақтың бір жас жігітінің жол күнделігінен)


Еңбектенбей, шаршамай, өндірмей рахат өмір сүруді әдетке айналдырған қоғамдар алдымен абыройларынан, кейін бостандықтарынан, одан кейін тәуелсіздіктерінен және болашақтарынан көз жазып қалады. Кемал Ататүрік

Стамбұл туралы, ондағы көрген-білгеніңді айтуға сөз жетпейді. Әлемнің астанасы болуға лайық, көнедегі Византияның орталығы, ескі Стамбұлды кім ауызының суы кетіп суреттемеді. Төрт теңіздің ортасындағы Түркияның ең үлкен қаласы, екі теңіз - Қара және Мәрмер теңіздерінің сулары жағасын шайған шіркін Стамбұл.

Қазақ «барарыңда барарсың кеудең тойып, қайтарыңда қайтарсың бөксең солып» дейді. Қазақтың өтірік айтқанын көргеніңіз бар ма? Әр кез шын айтады. Қазақтың айтқаны келіп, Стамбұлға кеудеміз толып барып, бөксеміз солып қайтты. Жо-о-оқ, Стамбұл орнында. Қала Босфор бұғазының екі жағында сол баяғыдай жайқалып тұр, мешіттерінің мұнаралары да сол бұрынғыдай биікке ракетадай шаншылып, одан шыққан азаншының даусы мұсылман-қарындасты намазға шақырып, қаланың шулы тіршілігіне сән беруде. Ықлым заманнан белгілі, атақты Стамбұл базарлары сол қалпында... Сонда саған не болды-ау пәтшағар, солатындай не басыңа күн туды дерсің оқырман.

Мені түңілткен әсем қала емес, Стамбұл қаласындағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығы басшыларының өздерінің басты міндеттеріне, яғни сол елге келген Қазақстан азаматтарына көмек көрсетуге өте немқұрайлы қарауы. Қазақта «өнбейтін дауды өспейтін ұл қуады» деген мақал бар, мен бұл жерде қанша жазсам да жағдайдың өзгермесі анық. Соны біле тұра төмендегі жәйттерді жазбасқа амалым болмай отыр, жазғызбай қоймады.

Жолымыз түсіп Түркияға қыдырып барып, Стамбұлда жүргенде бір келеңсіз жағдайға душар болып қалдық. Қала үлкен болғандықтан, әрине әртүрлі жағдайдың болуы мүмкін, одан ешкім сақтандырылмаған. Содан көмек көрсетер деген үмітпен, Қазақстанның Стамбұлдағы өкілдігі, Бас консулдыққа телефон соқтық.

Телефонмен хабарласу тіпті мүмкін емес болып шықты, қанша соқсақ та ала алмадық. Оның себебін сұрасақ, білетіндердің айтуынша, «оларға керек адам ұялы телефонға хабарласады», сондықтан қала телефонына келген анау-мынау қоңырауға жауап бермей салу, қалыпты жағдай көрінеді. Ал біз олардың ұялы телефондарының нөмірін қайдан аламыз?

Сонымен біздің ресми өкілдіктен жақсылық болмаған соң, тығырықтан шығудың басқа жолын қарастырдық. Құдайымыз оңдап, Түркияда оқып жүрген қазақстандық студенттер кездесіп қалып, солардың ақылдарымен, Стамбұлдағы жергілікті қазақ диаспорасы өкілдеріне шығып, солардың арқасында аман-есен елге оралдық. Туған жерден жырақта жүрсе де, қазақшылықты ұмытпаған, мұсылмандықты нық ұстаған біздің түркиялық қазақ бауырларымызға алғысымыз өте зор.

«Қарап отырғанша қалғып отырайық» дегендей, бір мүмкіншілікті тауып, қазақстандық студенттерді және жергілікті қазақтарды әңгімеге тарттық.

Түркияда 5-6 жыл оқып жүрген көптеген қазақстандық студенттер Бас консулды мүлдем көрмеген. Әйтеуір фамилиясы Ахметов екенін Интернеттен оқыдық, бірақ «тірідей» көре алмадық, дейді студенттер. Мүмкін Бас консул ағамыздың мемлекеттік істерден қолы босамайтын шығар, өткен бір жылы бір-екі кездесуге орынбасары Жалел Шаймергенов деген консулды жіберіпті. Ол кісі тіпті ұятқа қалдырған. Түрік тілін білмейтін болып шықты. Содан университет басшылары, қазақстандық дипломатпен ағылшынша сөйлеспей ме, сөйтсе Жалел ағамыздың аузына мүлдем су құйылады. Түріктер аң-таң болады да қалады. Сонысымен қоймай, консул Шаймергенов кездесуге қатты қызу (ішімдік иісі алыстан «бұрқырап» тұрды) қалпында келген.

Содан кейін Жалел ағамызды көрмедік. Бірақ естиміз, әлі жұмыс істеп жүр деп. «Әкесін сабағанды талай көріп ек, әкесін арбаға байлап қойып сабағанды көргеніміз осы» депті ғой баяғыда бір қазақ. Сол айтқандай не бір дипломаттарды көріп жүріп, бірде бір шет тілін және қазақ тілін білмейтін дипломатты көріп, жағамазды ұстадық, дейді қазақстандық оқушылар.

Аллаға шүкір, былтырдан бері Білім және ғылым министрлігі өз өкілін Стамбұлға жіберіп (бұрын Анкарада отырған екен), көздері ашылып қалған көрінеді. Енді оларға Бас консул Ахметов те, консул Шаймергенов те «бес тиынға» қажеті жоқ.

Жарайды, біздің Бас консулымыз бен консулымыздың «қайдағы бір қаңғыған, жалаңаяқ» студенттермен кездесуге уақыты жоқ шығар-мыс, дұрысы менсінбейді. Онда жергілікті қазақтармен қандай қарым-қатынас орнатқан екен деп, диаспора өкілдеріне сұрақ қойдық.

Ия, жағдай қандай дейсіз ғой. Мұнда да түк жоқ қой, түк жоқ. Қазақстанда шетелде тұратын отандастарды қолдаудың арнайы бағдарламасы бар. Ол бағдарлама бойынша жыл сайын қомақты қаржы да бөлінеді. Жергілікті диаспора өкілдері бұның бірін де білмейді. Түркияда қазақтардың бар екенін, Бас консулдық Қазақстаннан «сыйлы» қонақтар келген кезде ғана естеріне алады. «Сыйлы» қонақтарды алып жүретін көлік, оларды тамақтандыратын кісі қажет болғанда іздей бастайды. Әрине, елден келген сыйлы кісілерді (тырнақшасыз), қазақ үшін шыр-пыр болып жүрген азаматтарды күтіп алу бізге зор марапат, дейді олар. Бірақ, қаптап келіп-кетіп жататын, ығай мен сығайды күтіп алуға құштар емес.

Диаспора ішіндегі ақсақалдарымен сөйлескенде, Бас консул Ахметов дегенінді көрмедік, бір рет консулмын деп Жәлел дегені келді деп бастады әңгімелерін. Жасы ортадан асқан ғой деп, сыйлап дәмге шақырдық. Қазақша сөйлей алмайды екен, ішімдік ішіп алыпты, содан аузын буған бұқадай, отырып-отырып кетті. Не бізді мазақтап кетті ме, не өзі сайқымазақ болып кетті ме түсінбедік, дейді стамбұлдық ақсақалдар. Қайран қазағым-ай...

«...Күннен күнге тартылып, Заман ақыр кезінде ұл сыйламас атасын. Арам сідік болған соң, атасы бермес батасын...» (Шортанбай)

Ораза, Құрбан сияқты діни мереке кездерінде, Қырғызстан, Өзбекстанды айтпағанда, тіпті Қытай елінің Стамбұлдағы консулдығы қазақ, өзбек, ұйғыр ұлттары тығыз орналасқан Зейтинбурны ауданына келіп, құрбандық шалып, мұсылмандық кәделер жасап кетеді деп жалғастырды әңгімелерін стамбұлдық қариялар. Ал біздің Қазақстан консулдығы тарапынан ондайды байқамадық. Соған қарағанда Бас консулымыз Ахметов пен консулымыз Жалел Шаймергенов қатып қалған атеистер сыңайлы. Жарайды, ол істеріне Алла ғана төреші.

Сонда бір ой келеді де кәллама. Бірде бір шет тілін және мемлекеттік (өзінің ана тілі) тілді білмейтін, ата-дәстүр, тарих, салт-сана дегеннен мүлдем мақұрым консул Ж.Шаймергенов, қазақстандық студенттермен (олар біздің болашақ деп, Елбасымыздың өзі сондай бағдарлама жасатқан жоқ па), жергілікті қазақ диаспорасы өкілдерімен (Президентіміз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы емес пе) кездесуге уақыты жоқ Бас консул А.Ахметов Стамбұлда не бітіріп отыр. Сонда олар Елбасының саясатына кереғар жұмыс істеп жатқандары ма? Олар үшін бюджеттен қаншама қаржы жұмсалады, яғни біздің бәріміздің есебімізден екі ағамыз Түркияда неге сайрандап жүр.

Әрине, олар өздеріне шаң жуытпасы анық. Өйткені, әрбір сөздері «халықтың мүддесін ойлайық. Халықты бақытқа кенелтейік. Халықты кенелту үшін демократияға тезірек жетейік» деген сарнаудан тұрады. Кейде сеніп те қаласын.

Әлде, біздің қоғам үшін бұл жәйттар қалыпты болып кетті ме. Жемқорлық, жалған ақпарат беріп жоғары жақты алдау сияқты адами тұрғыдан алғанда нас қылықтар, біздің қоғамда керемет қолдау тауып отыр. Өйткені бәріне ыңғайлы. Бастыққа да, қол астындағыға да.

Сондықтан, патша көңіл оқырман, сіздерге бір ақыл. Стамбұлға барсаңыздар, мен сияқты «не болса соған бас қатырмай», қаланың көрікті жерлерін аралап, базардан алатындарыңызды алып, жандарыңызда сенімді біреу болса кешкі клубтарға барып демалып, аман-есен елге қайтыңыздар.

Ух, әйтеуір жеттім ғой Алматыма...

Келе салып Астанаға барып қайтуға тура келді. Ол сапарым туралы күнделігімнің келесі беттерінде айтыла жатар...

Күнделік иесі Ақжігіт МЫРЗАГЕЛДІ Алматы-Стамбұл-Алматы-Астана
XS
SM
MD
LG