Accessibility links

Алматы қаласы маңында МиГ-29 әскери ұшағы апатқа ұшырады


Ақпанның 12-күні Алматының түбінде болған әскери ұшпақ апатынан бір ұшқыш қаза тауып, екінші ұшқыш ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Алматының түбінде болған әскери ұшпақ апаты туралы «Азаттық» радиосына хабарлаған Қазақстанның қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Әубәкір Смайыловтың айтуынша, Қазақстанның Әуе қорғанысы күштерінің 600 гвардиялық әуе базасына қарайтын МиГ-29 әскери ұшағы сейсенбі күні таңертең Алматы облысындағы Жетіген аэродромынан ұшып шығып, көп ұзамай сағат 11-ден 17 минөт өткенде апатқа ұшыраған.

Оның айтуынша, әскери ұшақ көкке көтеріле бере ең алдымен ұшақтың сол жақ моторы жұмыс істемей қалған, ұшқыштар бұл жайында жерге хабарлап жерге қайтуға бет бұрғанда ұшақтың екінші моторы да істен шыққан. Сол кезде ұшақ жерге небәрі 150 метрдей жақындап қалғандықтан ұшқыштар катапультті іске қосып жерге секірген. Бірақ ол сәтсіздеу болып, салдарынан МиГ-29 әскери ұшағында болған екі ұшқыштің біреуі - эскадрилья штабының бастығы майор Александр Ковязин қаза болған, ал екінші ұшқыш-нұсқаушы подполковник Виталий Ділмұқамедов ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілген.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі жетекшісінің айтуынша, қазір апат болған жерде арнайы құрылған комиссия жұмыс істеп жатыр. Ұшақ бортында болып жатқан барлық жағдайды магниттік таспаға жазып отыратын «қара жәшік» табылған.

«Соған қарап ұшақтың апатқа ұшырауына техникалық себептер әсер еткен деген алдын ала қортынды жасауға болады», - дейді ол.

Алайда әскери сарапшы, кезінде Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары болып жауапты қызмет атқарған генерал Әмірбек Төгісовтың пікірінше, Ресейде өндірілген, «көк қыраны» аталған мұндай әскери ұшақтың апатқа ұшырауына бірнеше себеп әсер еткен болуы мүмкін.

«Біріншіден, қазір әскери техникалардың көбі ескіріп, оларды пайдалану уақыты өтіп жатыр. Бұл осы техникаларды тестілеу, техникалық ұшу жағдайын тексеру жұыстары дұрыс өтпей жатқандығын білдірсе, екіншіден, әскери ұшақтар әуеде көп ұшып әскери жаттығуларды тұрақты істеп тұруы керек. Сондықтан осы мәселеде бізде салғырттық бар», - дейді әскери сарапшы.

Сондай-ақ генерал Ә.Төгісовтың пікірінше, бұндай әскери ұшақтың апатқа ұшырауы қорғаныс министрлігіндегі министрден бастап барлық басшыларға үлкен сын әрі ескерту болмақ.

«Қазір мемлекет осы қорғаныс саласына қыруар қаржы бөліп жатыр, ал сол қаржы қайда, қалай жұмсалып жатыр? Егерде сол қаржы дұрыс жұмсалып жатса онда осындай апаттар аз болар еді», - дейді ол.
XS
SM
MD
LG