Accessibility links

«Шекарасыз репортерлер» ұйымы 2007 жылы Қазақстанда баспасөз еркіндігі нашарлап кетті дейді


Ұйымның бұл баяндамасында былтырғы жылы Қазақстанда баспасөз бостандығы кеми түсті деп атап көрсетілген. «Шекарасыз репортерлер» ұйымы Қазақстанда былтырғы жылы жұмбақ жағдайда жол апаттарынан үш журналист қаза тапқанын айтады. Мұндай жағдайдан кейін Қазақстанда журналистердің өздеріне-өздері цензура жасауы өсе түскен деп көрсетеді. Қазақстандық тәуелсіз журналистер де елде баспасөз саласында қалыптасып отырған шектеулер барын айтады.

Әлем елдерінің 2007 жылғы баспасөз еркіндігін түрлі критерийлер бойынша саралаған халықаралық «Шекарасыз репортерлер» ұйымының баяндамасында Қазақстанда баспасөз еркіндігі 2007 жылы одан ары кеми түскен делінген. Қаза болған интернет журналист Сәкен Таужанов, КТК телекомпаниясының журналисі Юрий Халиков пен «Отырар» телекомпаниясының журналисі Төлеген Қибатовтардың жұмбақ қазасы халықаралық ұйым сарапшыларының назарынан тыс қалмапты.

Халықаралық ұйымның бұл есебіне орай, «Азаттық» радиосына пікір білдірген Қазақстандағы сөз бостандығын қорғау жөніндегі «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева:

«Аталмыш ұйымның есебімен толықтай келісеміз. Өйткені Қазақстан сөз еркіндігі жөнінен ешқашан көш бастай алмайды Қанша жерден билік сөз еркіндігі туралы дабыра салғанымен тәжірибе көрсетіп отырғанындай Қазақстандағы сөз еркіндігі нашар жағдайда қалып отыр», - дейді.

Оның айтуына қарағанда, Қазақстанда журналистерді қорқытып-үркіту, оларға күш қолдану оқиғаларына қоса баспасөзге цензура орнату әрекеттері, журналиске ақпарат бермеу, ақпарат алуға кедергі келтірудің ай сайын жүздеген деректері тіркеледі екен.

«Сонымен қоса билікке тәуелсіз басылымдарды маңызды жиындарға шақырмау, кіргізбеу сияқты жағдайлар үйреншікті әдетке айналған. Менің ойымша, сіздер де билік үшін аса тиімді емес ақпарат құралының қызметкері ретінде мұндай жағдаймен ылғи бетпе-бет келетін боларсыздар», - дейді Тамара Калеева.

«Әділ сөз» қорының 2007 жылғы Қазақстандағы сөз еркіндігі туралы баяндамасында былтырғы жылы 7 журналистің қаза тауып, 5 журналистің денсаулығына қауіп төнгені, 12 журналисті қорқытып-үркіту оқиғасы тіркелгені, сондай-ақ өткен жылы 9 интернет сайттың тұмшаландырылғаны айтылған. Осы қордың дерегі бойынша, басылымдардан талап етілген моральдық шығынның жалпы сомасы – 2 млрд. 119 млн. 450 мың 1 теңгені құраған.

«Қазақстанда ресми цензура болмағанымен, цензураның көзге көрінбейтін түрі - қысымдар жасау, шектеу бар. Бұл жерде ізім-қайым жоғалып кеткен журналист Оралғайша Омаршанованың әлі күнге табылмағандығын да ұмытпағанымыз жөн», - дейді «Әділ сөз» қорының президенті.

Қазақстандық тәуелсіз журналист Сергей Дуванов «Шекарасыз репортерлер» ұйымы Қазақстандағы еркін сөзге, бүгінде елде журналистер қызмет етіп жүрген салаға дәлме дәл баға беріп отыр деп есептейді.

«Баспасөз саласында билік цензурасымен қатар журналистердің өзінің ішкі цензурасы да бар. Бірқатар ақпарат құралдары қозғамауға тырысатын жабық тақырыптар бар. Бұл тақырыптарды ақпарат құралдарының кішкентай ғана бөлігі - оппозициялық басылымдар өз оқырманымен бөлісуге тырысады. Бірақ олар әрдайым қауіп-қатерде жүреді. Қауіп-қатерлер былтыр өткен сайлау алдында азырақ болды. Өйткені Қазақстан билігі сайлауды жақсы етіп көрсеткісі келді. Ал елде кейде орын алатын әлеуметтік жанжалдар, экономикалық проблемалардың ақиқаты көзге көрінбейтін қысымдар арқылы адамдарға жетпей жатады», - дейді Сергей Дуванов.

Қазақстандық тағы бір тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай қазіргі Қазақстан қоғамындағы сөз еркіндігінің ахуалын «өлі мен тірінің арасында» деп сипаттайды.

«Билік қазір тәуелсіз басылымдарды бұғауда ұстап отыр. Осыны көріп отырған журналистерде ішкі цензураның өсе түскендігі рас. Нақты мысал келтіретін болсам, елдің жоғары билігіндегілердің коррупциялық ісін әшкерелейтін «Қазақгейт» деген мәселені айтатын басылымдар аз қалды. Рахат Әлиев туралы жазылмайтын болды. Рахат Әлиев туралы жазғанның өзінде де бар пәлені оның өзіне жапты, ол - алаяқ, қылмыскер» деп. Бір жағынан алдғанда, бұл рас дейін десең, екінші жағынан, ол қолында бар деректері арқылы биліктің былықтарын ашып жатыр. Ал теледидар туралы сөз қозғаудың реті жоқ. Қазақстанда теледидар басы бүтін олигархтардың, биліктің қолында», - дейді Ш.Құрақбай.

Қазақстан үкіметі былтыр күзде Мадридте өткен жиында, 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төраға болып бекітілер кезде, халықаралық қауымдастық алдында жақын уақытта елдегі «БАҚ туралы» заңға толықтырулар енгізіліп, БАҚ-ты тіркеу тәртібі өзгереді деген уәде айтқан болатын. Сондай-ақ 2008 жылдың аяғына дейін «Сайлау туралы» заңды реформалау, саяси партияларға тіркелуге қатысты қойылатын талаптар жұмсартылады деген еді.

Бірақ журналист Шәріп Құрақбай бұл уәделерді Қазақстан билігінің орындай қоятындығына күмәнмен қарайды.

«Осы ЕҚЫҰ алдында алған міндеттемелерін президент осы жолғы жолдауда айтуға тиіс еді. Алайда президент ол туралы бір ауыз сөз аузына алған жоқ. Соған қарап ол заңдарды қалайда өздеріне пайдалы етіп жасап шығаруы мүмкін. Сол «БАҚ туралы» заңның ең бір осал тұсы туралы айтсам - басылымның бас редакторы мен мекен-жайы ауысса қайта тіркелуге тиіс делінген. Бұл нағыз цензура деп ойлаймын», - дейді Шәріп Құрақбай.
XS
SM
MD
LG