Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.09.2008 жыл


Сәрсенбі күнгі басылымдардың ресми бөлігі Қазақстан үкіметі кеше сыртқа шығарылатын мұнайға кедендік төлем енгізу туралы шешім қабылдағанына, Үндістан Республикасының вице-президенті – Үндістан Парламенті жоғарғы палатасының Төрағасы Мохаммад Хамид Ансаридің Қазақстанға сапарына мақалалар арнапты. Бірқатар басылымдар «ТМД аумағындағы ең әсем қала» байқауында Астана мен Бішкек ең көркем қалалар деп, бірнеше номинацияда танылғаны туралы жазыпты. Сондай-ақ Астанадағы алданған үлескерлердің рұқсат етілген митингісі туралы жазыпты.

«Литер» газеті «Үкіметтегі өрт» деген мақаласында «Қазақстан үкіметі 2009 жылдың бірінші қаңтарынан бастап сыртқа шығарылатын мұнайға салық салу туралы шешімін шұғыл түрде өзгертіп, мамыр айынан бастап, сыртқа шығарылатын әрбір тонна мұнайға 109 доллар салық салу арқылы жыл аяғына дейін бюджетке 1 миллиард доллар кіріс кіргізуді жоспарлап отыр» деп жазыпты. Астанадағы алданған үлескерлердің рұқсат етілген митингісі туралы осы газет «Астанада бітпей қалған 26 проблемалы нысан бар. Оған 5970 үлескер өз қаржысын құйған, бірақ алданған үлескерлердің нақты саны қанша екенін ешкім білмейді, себебі олардың біразы басқа аймақтарда тұрады» деп жазады.

«Время» газеті «Әкім жаңа – уәделер ескі» деген мақаласында, Алматыдағы «Казстрой» құрылыс компаниясының алданған үлескерлері кеше қала әкімшілігі ғимаратының алдына жиналып, «құрылыстың аяқталуын, уәдесін орындамаған құрылыс компаниялардың басшыларын жауапқа таруды талап етті» деп жазыпты.

«Литер» газетінің «Туа біткен үкім» деген мақаласында «Қазақстандағы нәрестелердің 80 пайыздайы перзетхананың өзінде әртүрлі жарақат алады» деген дәрігерлердің тұжырымын келтіре отырып, «оны емдеуде перзентханаларда мануалды терапия енгізу жақсы болар еді» деп жазыпты. «Инфарктқа қарай жүгіру» деген мақаласында «Денсаулықты климаттың өзгеруінен сақтайық» атты дөңгелек үстел жиынына қатысқан мамандар «Экологияның нашарлығы мен әлемдік жылынудың салдарынан әртүрлі бұрын кездеспеген не толық зерттелмеген кеселдер пайда болуы мүмкін. Қазақстанда жаңа туған нәрестелерде ересек адамдардың аурулары кездесіп отыр» деп жазыпты.

«Время» газетінің «Президентке шенеуіктер дұрыс мағлұмат бермеді» деген мақаласында, демограф ғалым Мақаш Тәтімов: «2015 жылы Қазақстан халқы 20 миллионға жетпейді» деген тұжырым айтыпты. Ал осы газет бас мақаласын, кезінде ресми көзқарас бойынша үш оқпен «өзін-өзі атып өлтірді» деген оппозициялық саясаткер Заманбек Нұрқаділовтың жақтаушысы болған Мұстахим Төлеевтің сөзімен: «Нұрқаділовты президенттің сайлауына кедергі жасағысы келген адам өлтірді» деп атапты. Онда заңгер Мұстахим Төлеев: «кезінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу департаментінің басшысы Игорь Моргун маған қысым көрсетіп, «Нұрқаділов өзін-өзі атып өлтірген» деген сараптамаға қол қойдырып, менің атымнан сырттай мәлімдеме таратқан болатын. Енді мен одан моральдық шығын талап етіп, Алматыдағы Алмалы аудандық сотқа шағымданбақшымын» деп айтыпты. Осы мақалада тағы бір адвокат Серік Сәрсенов те «Заманбек Нұрқаділовті өлтірген адам оны жақсы танитын адам болған, өйткені Заманбектің үйіне кім болса сол кіре алмаушы еді» деген тұжырым айтыпты.

«Время» газеті «Балаларың көмектессін!» деген мақаласында әлеуметтік жағдайына араша сұраған Алматы қалалық ардагерлер кеңесіне Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінен берілген жауапта «сіздердің жағдайларыңызды мемлекет емес балаларыңыз ойлауы керек» деп, Астана шенеуіктері Конституцияға сілтемелепті» деп жазады.

«Егемен Қазақстан» басылымы жазушы Бексұлтан Нұржекеевтың «Алтын адамға» тереңірек үңілсек» деген ауқымды мақаласын басыпты. Онда автор сақтар мен үйсіндер заманын қамтитын тарихқа үңіліп, Есік қаласының маңындағы көне қорғандардың бірінен өткен ғасырда табылған «Алтын адамға» байланысты бірталай болжамдар айтыпты.

Бірқатар басылымдар үлкен Сергей Бодров «Моңғол» фильмінің жалғасын түсірмекші боп жатыр» деп жазыпты. Тағы бір басылымдар Қазақстандағы діни конфессияларға билік тарапынан бақылау күшейтілетініне Алматы зиялы қауым өкілдері қолдау білдіргені туралы жазады.

Осыған орай «Айқын» газеті «Ел тәуелсіздігіне тілден безгендер мен діннен безгендердің қайсысы қауіптірек?» деп, көкейдегі сауалын қойыпты. Оған жауап бергендердің кейбіреуі «тілден безгендер – діннен де безеді. Бөтен дінге енген қазақтардың 90 пайызы орысша оқығандар. Сондықтан тілден безгендер қауіпті» десе, кейбіреуі «ең қауіптісі - діннен безгендер. Себебі, тілімізді білмесе де дінімізді қабылдап, кейбір қазақтардың өзіне үлгі боларлық басқа ұлт өкілдері бар» деп жауап беріпті.
XS
SM
MD
LG