Accessibility links

Қазақстан ақпарат еркіндігі туралы заң қабылдауға асықпай отыр


Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанда азаматтардың ақпаратқа қол жетімдігі жөніндегі заң қабылданады деп үміттенеді. Бұл туралы Астанада сәуірдің 10 күні ұйым өкілдері хабарлады. Олардың айтуынша, Қазақстаннан басқа ұйымға кіретін 56 мемлекеттің арасында 45 ел осындай заң қабылдаған немесе заңды жасауға кіріскен. Ал 2010 еуропалық ұйымға төраға болатын Қазақстанда ондай заң әлі жоқ.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сөз бостандығы жөніндегі өкілі Миклош Харастидің жазуынша, 2007 жылы журналистердің үкімет мәліметтеріне қол жеткізу мүмкіншіліктері зерттелген. Оның айтуынша ұйымның барлық қатысушы елдері ақпарат еркіндігі жөнінде заң қабылдауы шарт.

«Бұл заң адамдар мен ұйымдарға мемлекеттік органдардан және лауазым иелерінен ақпарат алуға құқық береді», - деп жазады Харасти.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Алматыдағы орталығының өкілі Эуджения Бенинин Қазақстан да осындай заң қабылдайды деп үміт артады.

«Егерде елде бюрократиялық кедергілер болса, онда бұл ақпаратқа қол жеткізу мүмкіншілігін шектейді», - дейді ол.

Ұйымының сөз бостандығы жөніндегі өкілі Миклош Харастидің жазуынша, ақпаратты жасырып қалғысы келген шенеунік бұл ақпараттың ашықтығы қаншалықты зиян келтіретіндігін түсіндіруі керек. Ұйым сарапшыларының пікірінше, адам құқығының бұзылуы, әкімшілік құқық бұзушылықтар, қоршаған ортаға төнетін қауіп немесе қарапайым адамға қиыншылық туғызатын ақпарат құпия болмауы керек.

«Егерде қандай да бір мәлімет мемлекеттік құпия деп саналса, онда ол ақпараттың жариялануына салынатын шектеу уақытша болу керек», - деп жазады Харасти.

Еуропалық ұймының Алматыдағы орталығының өкілі Эуджения Бенининдің айтуынша, үкіметтің ашықтығына кепілдік беру үшін осындай заң керек.

«Бұл демократияның өте маңызды принципі. Және осы заңда құпия болатын ақпаратты мейлінше азайту керек», - дейді ол.

«Қазақстанның азаматтық альянсы» қоғамдық ұйымының атқарушы директоры Шолпан Айтенова қазіргі кезде жергілікті шенеуніктер көптеген ақпаратты құпия деген желеумен бермеуге тырысатынын айтады. Айтенова мемлекеттік құпияға жатқызылатын ақпарат шектеулі болуы шарт деп санайды.

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалына бақылау жүргізіп келе жатқан «Әділ сөз» қоғамдық қорының президенті Тамара Калееваның айтуынша, Қазақстандағы «БАҚ туралы» заңның 18 бабында жазылғандай, мемлекеттік органдар сұралып отырған ақпаратқа 3 күн ішінде жауап беруге құқылы.

«Бұл уақыт ішінде ақпарат қажет болмай қалады», - дейді ол.

Адам құқығы жөніндегі Қазақстан Ұлттық орталығының директоры Вячеслав Калюжный бұл заңда ұлттық қауіпсіздікке кесірін тигізетін ақпарат және елдің территориялық тұтастығы жөніндегі мәлімет құпия деп жазылу керек деп есептейді.

Құнды қағаздарының 100 пайызы мемлекет меншігіндегі «Ұлттық ақпараттық технологиялар» орталығының директоры Жанас Мәміров әлгіндей заң керектігін мойындаса да, қазір оған ертерек деген пікірде.

«Себебі, өзге заңдарды реттемесе бұл заң формальді түрде тек қағаз жүзінде қалып қояды», - дейді ол.

Мәміровтың айтуынша, олай болмайынша, Қазақстандағы шенеуніктер журналистер сұраған ақпаратты беруге қорқатындықтан «бұған жауапты бірінші бастық қана береді» деп сылтау айтумен болады.
XS
SM
MD
LG