Accessibility links

Семей қаласындағы үкіметтік емес ұйым жетекшісі Майра Әбенова қазіргі қоғамдағы азаматтардың өз құқықтары және заң жайындағы білім деңгейі туралы


- «Демократия» дегеніміз жай ғана халық билігі емес, ол ең алдымен – заң билігі дер едім. Бірақ біздің адамдар өз құқығын, заңды дұрыс білмейді. Менің ойымша, үкіметтік органдар мен бейүкіметтік ұйымдар – бәрі жұмылып, ең бірінші азаматтардың заң жөніндегі білімін арттыру үшін жұмыс атқарғаны жөн.

Президент бір сөзінде азаматтардың заң білуі жайында «бәрі де мектептен басталады» деп айтқаны бар еді. Алайда, шынтуайтына келгенде, бізде көптеген мұғалімдердің өздері қазір заң білмейді. Мектеп деген тек қана білім емес, сонымен бірге тәрбие беретін мекеме ғой. Сондықтан мұғалімдердің заң білмегеніне өз басым өте күйінем.

Сол салада осы істі қоғамдық ұйым ретінде қолға алып, бастама көтеріп бірнеше рет Семей қалалық білім мекемесі мен облыстық департаментке хат жолдап, ұсынымызды бергенбіз. Мынадай бір мысал келтірейін, бір рет Шығыс Қазақстан облыстық білім департаментіне «Ересектерге арналған арифметика» деген шартты атаумен азаматтардың заң туралы білім деңгейін көтеруге бағытталған әлгіндей жұмыстың жобасын жібердік, осыны бірлесіп жасайық, сіздер қолдаңыздар деп.

Содан уақыты өтіп кеткен соң бір хат алдық облыстық мекемеден. Алғашында оқығанда өзім түсінбей қалдым, расын айтқанда. Былай деп жазыпты: «бізге оқу құралдары министрлік арқылы келеді, олардың саны шектеулі, сондықтан бізде қазір басы артық арифметика кітабы жоқ». Бұндай жауапқа не күлерімді, не жыларымды білмедім. Білім саласын басқарып отырған адамдардың деңгейлері осындай болған соң, не дейміз енді...

Үкімет көрсетіп отырған қызмет сапасын біз – халық болып бағалауымыз керек. Тек қана үстіден төніп, «сендер жұмыс істемедіңдер, коррупцияға жол бердіңдер» деген тұрғыдағы әміршілдік әдіс ешқандай жұмыстың нәтижесін шығармайды. Қоғамдық ұйым ретінде біз үкіметтік органдармен қосылып жұмыс атқарайық десек, ондай ниетімізді олар ұқпайды, басқаша қарайды. «Сендер біздің жұмысқа кіріспеңдер, біз өзіміз білеміз» деп ат-тондарын ала қашады.

Қоғам, бизнес және үкімет – осы үшеуі бір бірімен санасып тепе-тең қатынаста болғанда ғана қоғам алға жылжи алады, сонда ғана азаматтық қоғам қалыптастырудағы істің нәтижесі болады. Ал бірақ қазір қарасаң, осы аталған үшеуінің әрқайсысы өз алдына, бет-бетімен тірлік етіп жатыр.

Сондықтан, азаматтарға айтарым, заңды, өзіміздің құқығымызды қорғауды үйренейік, білейік. Егер өзіңізді өзіңіз қорғамасаңыз ешкім де сізді қорғамайды.
XS
SM
MD
LG