Accessibility links

Баспасөзге шолу. 04.22.2008 жыл


Сәуірдің 22 күні жарық көрген басылымдар Каспий аймағында жұмыс істеп жатқан мұнай өндіруші шетелдік компанияға Қазақстан үкіметінің қойып отырған талабы туралы, елде жаңа әкімшілік реформаларды жүргізу, билік партиясы коррупциялық заң бұзу әрекетіне барғандармен қалай күресіп жатқаны жайында жазыпты. Ресми басылымның бірі Астана қаласы мен президент Назарбаевты мадақтайтын әндер тақырыбын қозғаса, үкіметтік емес газетте Оңтүстік Қазақстанның бір топ тұрғыны облыс әкімінің үстінен шағым айтып, ел президентіне жазған ашық хаты жарық көріпті.

«Айқын» басылымы Қазақстанның Экология және қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақовтың сөзіне сүйеніп, Каспий аймағында мұнай өндіріп жатқан шетелдік «Теңізшевройл» компаниясының басшылығына таяуда Ақордада өткен кездесуде президент Н.Назарбаевтың 4 түрлі қатаң талап қойғандығын хабарлапты. «Біріншіден, олар қордаланып қалған 8,8 миллион тонна күкіртті жою мерзімін қысқартулары қажет. Екіншіден, күкіртті пайдаға асыру мәселесіне енді отандық өндірушілерді тартып, минералды тыңайтқыштардың, атом өндірісіндегі күкірт қышқылының тапшылығын шешуге тиіс. Үшіншіден, күкірт шикізатын пайдаланудың өзге бағыттарын қарастыруы қажет. Төртіншіден, апаттардың санын қысқартуға міндетті». Егер бұл айтылғандарды орындамаса, «елдегі ең ірі инвесторлардың бірінің жағдайы қиындап кетуі ғажап емес» деп жазады «Айқын» газеті.

«Казахстанская правда» газеті шетелдік компанияда былтыр болған 51 апат пен биылғы жыл басынан бергі өткен кезеңдегі 17 апат салдарынан қосымша 3 млн тоннаға жуық қорытылмаған күкірт жинақталғанын», ал жалпы алғанда кәсіпорында қазіргі кезде «8 млн тоннадан астам күкірт қордаланып қалғанын» жазыпты. «Министр Ысқақов жақын арада бұл мәселе үкіметте қаралады деп уәде берді» дейді басылым.

«Литер» газеті Қазақстанда өткен 16 жарым жылдың ішінде әкімшілік басқару саласында осымен сегізінші рет жаңа реформа қолға алынып жатқанын жазыпты. Газет үкімет жетекшісі Кәрім Мәсімовтің «әрбір мемлекеттік орган қызмет көрсетуде өз міндетін құр атқармай, сапалы түрде түпкілікті нәтижеге бағыттауы тиіс. Жұмыстардың 5 бағыты айқындалды» деген сөзін келтіріпті. Алайда, осы газетте саясаттанушы Данияр Әшімбаев «елдегі экономикалық жағдайды түзеу кезінде жүргізілген әкімшілік реформалар, түптеп келгенде, мемлекеттік органдарды ешнәрсеге жауап бермейтіндей күйге әкелуі мүмкін» деген пікір айтыпты. Сарапшы осыдан бірнеше жыл бұрын даңғазамен өткен соңғы реформадан соң елде министрліктердің саны азайғанымен, есесіне тура сол министрліктер қысқарып қалған шамада комитеттер мен агенттіктердің қатары көбейгенін еске алады. «Қазір экономиканың кейбір маңызды салаларында министрліктердің өкілеттіктерін өзіне алған түрлі холдингтер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар пайда болды. Нәтижесінде, елде қандай мекемелер не үшін жауап беретінін анықтау тіпті заңгер-маманның өзіне өте қиынға түседі. Оған қоса, тағы да кезекті реформалар жүргізу бұл бейберекет жағдайды одан сайын ушықтыра түседі» деп санайды Д.Әшімбаев. Сарапшының пайымдауынша, «коррупциялық қылмыстың алдын алу үшін ең дұрысы - парламенттік бақылауды күшейтіп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын қамтамасыз ету» болмақ.

Ал биліктің «Нұр Отан» партиясының идеологтары қазақстандықтарға коррупциямен күрестің әдісін ұсынып отыр, енді кез-келген адам барлық парақор-шенеуніктер жайлы, мейлі олар партияда болсын-болмасын, «Нұр Отан» партиясының кеңсесіне телефон шалып, хабарлай алады» деп жазады «Литер» газеті.

Ресми ақпарат агенттіктері сәуірдің 22-күні «Нұр Отан» партиясының бас кеңсесінде коррупциямен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтың брифинг өткізгенін хабарлады. Оның айтуынша, биылғы жыл басынан бері елде коррупциялық сипаттағы 332 қылмыстық заң бұзу оқиғалары бойынша жауапқа тартылған 68 адам «Нұр Отан» партиясының мүшесі екен. Осы алпыс сегіздің 59-ы партия қатарынан шығарылғаны хабарланып, олардың аты-жөндері сейсенбі күні мемлекеттік ақпарат агенттіктерінің сайтында жарияланды. Партиядан қуылғандар саны бойынша бірінші орында Оңтүстік Қазақстан, одан кейін Жамбыл мен Қостанай облыстары тұр.

Бұл уақытта Оңтүстік Қазақстандағы облыстық және аудандық мәслихаттардың бір топ депутаты, кәсіпкерлер мен журналистер бар, жиыны бірнеше мың адам, облыс әкімі Нұрғали Әшімовтың үстінен шағым айтып, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа жазған ашық хаты «Время» газетінде жарық көріпті. Онда хат авторлары облыс әкіміне мемлекеттік қажеттілік дегенді желеу етіп жеке меншікке қол сұғып отыр деп кінә артыпты. Президент былтыр Шымкентте болған сапарында қаладағы саябақтарды мемлекет иелігіне қайтару туралы кәсіпкерлерге айтқан үндеуін жергілікті шенеуніктер өзінше түсініп іске кіріскені баяндалыпты бұл ашық хатта. Авторлар кезінде иесіз қаңырап қалған қала саябақтарында өз қаражатына қымызхана, кітап дүкені және т.б. нысандарды тұрғызған кәсіпкерлердің меншігін енді жергілікті билік орындары берсе қолынан, бермесе жолынан тартып алмақ боп жатқанын айтып, осының барлығын облыс әкімі ұйымдастырып отыр деп кінәлапты. «Бұл бассыздық пен коррупцияға қарсымыз – бізге көмектесеңіз!» деп президент Назарбаевқа қайырылыпты «Время» газеті арқылы ашық хат авторлары.

Ал мемлекеттен қаржыландырылатын «Егемен Қазақстан» газеті сейсенбі күнгі санындағы бірінші бетіне «Бәйтерек» деген жаңа ән мен оның нотасын басыпты. Ақын Несіпбек Айтұлының өлеңіне бұл әнді ғалым Мырзатай Жолдасбеков жазыпты. Өзі композитор болмаса да тебіренген сәттері ән шығып қалатынын жасырмаған әуесқой сазгер бұл туындысын Қазақстан президентіне арнапты.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG