Мәскеу мен Тбилиси арасында теке-тірес болып жатқан кезде Грузия президенті Михаил Саакашвили халықаралық қауымдастықты көмектесуге шақырды. Сейсенбі күні Ресей қорғаныс министрлігі Грузияның жікшілдік бағыттағы аймағы Абхазияға қосымша бітімгершілік күштерін орналастыратынын жариялаған болатын. Ресейдің айтуынша, Абхазия мен тағы бір жікшілдік аймағы Оңтүстік Осетияның жанында Грузия өз әскерилерін шоғырландырған. НАТО мен Еуропа Одағы Ресейді теке-тіресті одан сайын нашарлатуда деп айыптап отыр. Ал БҰҰ бұл жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді. Соңғы хабарға қарағанда, Ресей қорғаныс министрлігі Грузияның Абхазия аймағында БҰҰ бақылаушыларымен тығыс ынтымақтасатынын айтып отыр.