Accessibility links

Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталды


Шанхай Ұйымы саммитіне жиналған президенттер (солдан оңға қарай) X.Қарзай, Д.Медведев, Қ.Бәкиев және Э.Рахмон. 27 тамыз, 2008 жыл, Душанбе, Тәжікстан.
Шанхай Ұйымы саммитіне жиналған президенттер (солдан оңға қарай) X.Қарзай, Д.Медведев, Қ.Бәкиев және Э.Рахмон. 27 тамыз, 2008 жыл, Душанбе, Тәжікстан.

28 тамызда Душанбеде басталған Шанхай ынтымақтастық ұйымы басшыларының саммитінде қауіпсіздік саясаты мен халықаралық терроризмге қарсы күресу, сауда-экономикалық мәселелері талқыланып жатыр. Кейбір сарапшылар Шанхай ұйымын “Шығыстың НАТО-сы” немесе тіпті жаңа “Варшава одағы" деп те атайды.

Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан президенттерінің қатысуымен өтіп жатқан Душанбедегі саммит жұмысы екі күнге жалғасады. Сондай-ақ жиынға Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан, Иран, Моңғолия және бірқатар елдердің делегациялары қатысады.

Шанхай ұйымына мүше елдердің басшыларымен қатар, бақылаушы мәртебесі бар бірқатар елдің президенттері мен жоғары мәртебелі делегациялары қатысатын саммиттің барысында екіжақты және көпжақты қарым-қатынастың барлық саласы, оның ішінде әскери ынтымақтастықты кеңейту мәселелері сөз болады.

Қарулы күштерден хабары бар адамға Шанхай ұйымы шеңберіндегі әскери ынтымақтастықтың күш-қуаты орасан зор болып көрінуі мүмкін. Ресми құжаттарда Шанхай ұйымының әскери одағы да берік болып көрінеді. Ұйымға мүше елдердің біріккен әскери әуе күштері, әскери теңіз флоттары мен жаяу әскерлері кез-келген жауға тойтарыс бере алады. Оған қоса Қытай мен Ресейдің ядролық қаруы бар.

Алайда Шанхай ұйымындағы ынтымақтастықтың беріктігі күмән туғызады. Ұйым сонау баста құрылғанда оның әскери ынтымақтастыққа ешқандай қатысы жоқ болатын.

1996 жылы ұйымның Өзбекстаннан басқа қазіргі мүшелері бұрынғы қытай-совет шекарасы бойындағы ахуалды жақсарту үшін шекара бойынан әскери күштері мен соғыс техникаларын алып кету туралы алғашқы бірлескен құжатқа қол қойды. Ұйымға Өзбекстан 2001 жылы қосылды.

Бұл келісім Ресей сынды елдерді қанағаттандырса, Қазақстан мен Орта Азия елдерінің бюджет қаржысын үнемдеуіне мүмкіндік берді. Қытай да солтүстік пен батыс шекарасындағы әскерлерін Тайванға қараған жағалауына орналастыруды қалады. Ақыр аяғында бұл келісім Шанхай ұйымына мүше елдердің бір-біріне қарсы соғыспайтынын аңғартты.

Бұл келісімнің сәтті болғаны соншалықты, Шанхай ұйымы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге ден қойды. Қауіпсіздік мәселесі күн тәртібіне кейінірек шықты.

90-ыншы жылдардың соңында Ресейде екінші шешен соғысы жалғасқанда Қытайдың батысындағы Шыңжаң-ұйғыр автономиялық ауданында ұйғыр сепаратистерінің проблемасы асқынды, жаз айларында Орта Азияның бірқатар еліне қарулы ислам экстремистері басып кіріп жатты.

Ұйымға мүше елдердің әскери ынтымақтастық туралы келісімдері терроризм мен сепаратизмге қарсы бірлесіп күресу мәселесін негізге алды.

Лондонда орналасқан Economist орталығының Қытай бойынша сарапшысы Данкан Иннес-Кер (Duncan Innes-Ker) Азаттық радиосына Шанхай ұйымы басшыларының өткен жылғы саммиті кезінде сұхбат берген болатын. Ол атап көрсеткендей, терроризмге қарсы күрес – Шанхай ұйымының ынтымақтастығындағы маңызды мәселе.

ИННЕС-КЕР: - Исламдық терроршыл топтарға қарсы күрес - ұйымды шынында да іштей байланыстыратын, біріктіретін санаулы мәселенің бірі.

Өткен 5 жылда Шанхай ұйымының мүшелері екіжақты әскери жаттығулар, оның ішінде Қытай әскерінің қатысуымен Орта Азияда және өткен жылғы саммиттің қарсаңында Ресей мен Қытай жерінде көпжақты әскери жаттығулар өткізді.

Алайда жаттығуды Ресей жерінде жалғастыру үшін Қытайдың өз әскерін қазақ жерінен алып өтуіне ресми Астана рұқсат бермеді. Өзбекстан әскери жаттығуға өз әскерін жібермеді. Шанхай ұйымы бірлескен әскери жаттығуларды үзбей өткізіп тұруға міндеттенді. Бірақ осы жылғы саммиттің алдында ешқандай жаттығу болмады.

Данкан Иннес-Кердің атап көрсетуінше, Шанхай ұйымы ішінде әлі де бір-біріне деген толық сенім жоқ, әсіресе ұйымдағы кішігірім елдердің Ресей мен Қытайдың ниеттеріне толық сеніммен қарамайтындығы – Шанхай ұйымының буынсыз жері, ең үлкен кемшілігі.

Ондай сенімнің болмауына Шанхай ұйымының келісімі басты себеп болса керек. Келісімде соғыс қимылдарының төнгенін бір-біріне дер кезінде хабарлау міндеті қарастырылмаған. Егер Ресей өзінің таяуда Кавказда жүргізген соғыс қимылдарына дейін немесе оның барысында Шанхай ұйымының өзге мүшелерімен шынымен де кеңескен болса да, ол туралы жан-жақты хабар болмады.

Бірақ бұл – Ресей мен Қытайдың арасында сенімнің жоқтығы, ондай сенімсіздік бір кезде Шанхай ұйымын ыдыратуы да мүмкін.

Қытай мен ТМД елдерінің арасындағы шекараға сенім орнату туралы келісімге қол қойылғанда Ресей армиясы бытыраудың алдына тұрды. Президент Владимир Путиннің тұсында Ресейдің қарулы күштерін жетілдіріп, қабілетін арттыруға ден қойылды. Оның билік басындағы мұрагері одан да ілгері басып, әскери күштердің орналасу тәртібін қайта қарауға дайын сияқты.

Ресейдің қолында қуат көздерінің бүкіл әлемдегі ең үлкен қоры болса, 1,3 миллиардтан астам халқы бар Қытай - қуат көздерін әлемдегі ең көп тұтынушыға айналып барады.

Шанхай ұйымының әскери ынтымақтастығы үшін тағы бір қарама-қайшылық – біріккен әскери күштердің құрамы.

НАТО мен Варшава келісімі ұйымы – бірыңғай еуропалық әскери блок болды. Әскерилер түрлі елдің азаматтары болса да, олар, Канада мен АҚШ-ты алмағанда, негізінен бір құрлықтан шыққан - екі одақтың да тамыры еуропалық өркениетке жатады.

Оған қарағанда, Шанхай ұйымының әскери одағы этникалық тұрғыдан да, өркениет жағынан да әрқилы және сондықтан да проблемаға толы болып көрінеді. Ресей армиясы еуропалық христиандар, Орта Азияның әскерлері, негізінен, түркі және парсы тектес мұсылмандар.

Дегенмен де, Шанхай ұйымының кез-келген бір мүшесіне соғыс ашатын ел табыла қоймас. Ондай ел Шанхай ұйымының біріккен күшіне қарсы тұруға мәжбүр болады. Демек, Шанхай ұйымындағы әскери ынтымақтастық, ақиқатында да, толық қауіпсіздік кепілдігін береді. Бірақ, сонымен бірге, басқа бір елге шабуыл жасау үшін Шанхай ұйымы өзінің қарулы күштерін біріктіре алады деу де өте қиын.
XS
SM
MD
LG