Accessibility links

Баспасөзге шолу 29.08.2008 ж


«Айқын» газетіндегі Сейсен Әмірбекұлының «Алтауда алауыздық болмайды» деген мақаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының кезекті саммиті болып өткендігі туралы баяндалыпты. Оған Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Ауғанстан және Иран елдерінің басшылары қатысқан. Сондай-ақ онда Пәкістан, Үндістанның өкілдері де болыпты. Мақалада ұйымға төрт мемлекеттің Иран, Пәкістан, Үндістан, Моңғолия елдерінің бақылаушы ретінде қатысқандығы айтылыпты. Автор, жылына бір рет ұйым басшылары бас қосатын бұл кездесуге осы жолы ерекше мән берілгендігін атап өтіпті. Оның себебін журналист, жақында ғана бұрқ етіп басылған Кавказдағы жанжалға Ресейдің араласқандығымен байланыстырыпты. «Ресейді Грузия мемлекетінің тұтастығына қауіп төндіргені үшін айыптап отырған АҚШ пен Батыс елдерінің назары ұйым мүшелері қандай көзқараста деген оймен Душанбедегі саммитке ауғаны анық» делінген мақалада. Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін тану жөнінде ұйым мүшелері ашық пікірін білдірмепті. Мақала авторының айтуынша, ұйымға мүше елдер Кавказға әбжілдік танытқан Ресей үшін алпауыт мемлекеттермен теке-тіреске келмейді.
«Республика» газетіндегі Мұхамеджан Әділовтың мақаласында Батыс пен Ресейдің арасындағы қалыптасқан ахуалдан соң Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанып отырған көпвекторлы саясатына нүкте қойылуы мүмкін екендігі туралы болжам жасалыныпты. Мақала авторының сараптамасына сүйенсек, бүгінгідей жағдайда үнсіз қалуға тырысып, бір-бірімен араздасқан екі жаққа да сыйластықпен қарап және оларды халықаралық келісім-шарттарда көрсетілген ережелерді ұстануға шақыру ешқандай нәтиже бермейді. Келіссе де, келіспесе де Қазақстанның Ресейдің ықпалына түсіп қалғанын жазады мақала авторы. Мақалада мемлекетте тұрып жатқан 4 миллион орыстардың біразы Ресейдің азаматтары екені де сөз болыпты. Бірнеше мың шақырымға созылған шекарасы, екі халықтың бір-біріне ұқсайтын менталитеті мен әуе қорғаныс жүйесінің ортақ екені айтылыпты. «Біз Ресеймен біргеміз бе, әлде олардан бөлекпіз бе? Ең алдымен осыны шешіп алу керек. Бөлек болған жағдайда өзіміздің шынайы тәуелсіздігімізді қалай қамтамасыз етеміз» - деп жазады мақала авторы.
Ал «Жас қазақ» газетіндегі Төлен Тілеубайдың «Қүлекеев кінәлі ме?» деген мақаласында, Астана қаласындағы №2 Сарыарқа аудандық сотында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысына қатысты сот отырысының жалғасып жатқандығы жазылған. Мақалада оған «100 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды» деген айып тағылып, қамауға алынғандығы баяндалыпты. Алайда айыптаушы жақ Жақсыбек Қүлекеевтің бұдан да басқа бірнеше ауыр қылмыстары бар екенін айтады. «Біріншіден, жеке меншігіндегі «Лексус» автокөлігін өзі басқарған компанияның ақшасына сатып алып, жекешелендіріп алған, екіншіден, Астана қаласындағы «Қараөткел» ықшамуданындағы үйіне ұлттық компанияның қаржысына күзет орнатқан, үшіншіден, өзінің жақын туысына қарайтын «ЕD групп» ЖШС-не заңсыз жолмен тендерден қаржы ұтып әперген», - делінген мақалада. Мақала соңында Қүлекеевке қатысты сот ісінің әлі көп күдік туғызып отырғаны сөз болыпты.
Бұл тақырып «Караван» газетінің де назарына ілігіпті. Онда 27 тамыз күні Жақсыбек Күлекеевке қатысты жүргізіліп жатқан сот процесіне журналистердің кіргізілмегені айтылыпты. Дүйсенбі күні болған алғашқы отырыста айыптаушы тараптың сөзінен соң, Жақсыбек Қүлекеев сотқа өзінің кінәсіз екенін және ешқандай заң бұзушылық жасамағанын мәлімдеген. Сондай-ақ, Қүлекеевтің қорғаушысы Сәлімжан Мусин де айыптаушылардың қолында қылмысты дәлелдейтін видео, аудио жазбалардың жоқтығын айтқан. Ал айыптаушы тарап Қүлекеевтің компания басшылығында отырған кезінде мемлекетке келтірген шығынын 341 миллион 702 мың теңгеге бағалаған болатын.
XS
SM
MD
LG